Қостанай облысында жыл сайын білім беру саласына қомақты қаражат бөлініп, оның көлемі де артып келеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиналыста айтылды.
Биыл облыстың білім беру саласының бюджеті 176,5 млрд теңге, бұл 2022 жылғыдан 17,3%-ке артық, соның 19,4 млрд теңгесі білім беру объектілерін салуға бөлінген. Жоғары урбанизацияға байланысты білім алушылар санының өсуі жұмыс істеп тұрған мектептердің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі. Осы мәселені шешу үшін бүгінгі таңда 1 980 орындық 3 мектеп салынуда.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 300 орындық 8 мектеп салу жоспарланған. Құрылыспен қатар 18 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Келесі маңызды мәселе – мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Облыс бойынша 119 педагог қажет, оның 75% ауылдық жерлерге талап етіледі. Өңірде мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі баршылық. Математика, информатика, ағылшын, орыс тілін пәндерінің мамандары қажет. Әсіресе, Әулиекөл, Лисаков, Арқалық, Қамысты аудандары жас мамандарды күтуде. Қазіргі уақытта конкурстық іріктеу өтіп жатыр.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов: – Жылына 800-ге жуық бала жоғарғы оқу орнын бітіріп шығады, одан қалды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бар, жалақысы жақсы. Кадр жетіспеушілігі осы уақытқа дейін неге шешілмеген? – деп сұрады. Аудан әкімдері алдағы екі жетіде бұл мәселе толық шешімін тауып, мұғалімдер қатары толығады деп сендірді.
— Қала орталығына көшіп келушілер көп. Мектепте оқитын балалардың саны да жылдан жылға артып келеді. Осыған орай биыл үш жаңа мектеп салып жатырмыз. Осы құрылыстың сапалы әрі уақытылы салынуын тиісті басқармалар қадағаласын. Облыста «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Сегіз мектептің құрылысын жоспарлап отырмыз. Мектеп салу оңай емес. Оған уақыт пен қаржы қажет. Сондықтан кейбір елді мекендерде дайын тұрған ғимаратқа қосымша құрылыс жүргізуде қарастырсақ дейміз. Жылыту маусымына да дайындықты жеделдетіңіздер. Қазіргі кезде облыстағы барлық білім ошақтары кең жолақты интернетке қол жеткізген. Оның жылдамдығын одан әрі арттыра түссек дейміз, – деді облыс әкімі Қ. Ақсақалов.