Қостанай ауданының Тобыл қаласынан салынған манеж мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісімен оңалтып, емдеуге мүмкіндік береді. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Онда церебральды сал ауруы мен неврологиялық науқастығы бар адамдарды атқа отырғызу арқылы тепе-теңдікті, жалпы тірек жүйесін нығайтуға көмектеседі. Одан бөлек ат спортымен де шұғылдануға болады.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Паралменті Сенатының депутаты, Қостанай облысы ат спорты федерациясының төрағасы Ғауез Нұрмұхамбетов, Бас хатшы – Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Вице-президенті Тастанбек Есентаев және қала тұрғындары қатысты.
Нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлінген. Жабық манеждің аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Жалпы облыста 1200-ге тарта бала сал ауруымен ауырса, науқастар алдағы уақытта осы жерде атқа міну арқылы ем қабылдайтын болады.
— Еліміз бойынша бес жабық манеж бар еді, алтыншысы Қостанай облысында ашылып отыр. Өкінішке қарай, облыста церебральды сал ауруымен, неврологиялық науқастығы бар мыңнан астам бала бар. Енді ол балалар иппотерапия әдісімен жабық манежде ат үстінде ем қабылдай алады, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сондай-ақ, Қостанай асылтұқымды жылқылары арасында кезекті бәйге өтті.
Аламан додаға 30-ға жуық жылқы қатысып, жарыс көркін қыздырды.
Бүгін Қостанай облысы Заречное ауылындағы «Арғымақ» ипподромында Қостанай асылтұқымды жылқылары арасында кезекті бәйге өтті.
Бәйге Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен республикалық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өтті.
Аламан додаға 30-ға жуық жылқы қатысып, жарыс көркін қыздырды.
Аталмыш жарысқа Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Парламент Сенатының депутаттары Ғауез Нұрмұхамбетов пен Сергей Карплюк, сондай-ақ ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев арнайы келіп, жеңімпаздарды құттықтады.
Жарыс барысында көрермендер бәйгеден бөлек, өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаны да тамашалады.
Айта кетейік, осы жылдан бастап ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Қостанай жылқыларының арасында бәйге спортынан жарыстарды жүйелі өткізуді қолға алды. Негізгі мақсат – жалғыз Қазақстандық зауыттық жылқы тұқымы – Қостанай асылтұқымын қолдап және дамыту.