Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мал азығы – жан азығы

26 августа 2023 10:02 • 614 просмотров

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына дайындық және жемшөппен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы қолайлы жағдай егін орағын уақтылы бастауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 2,4 млн гектар немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Орташа түсім гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 млн тонна астық бастырылды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірлердегі жұмыстардың дайындығы мен жүзеге асырылу барысына тоқталды.

— Биыл облыс бойынша 5 млн га алқапта егін жинау жұмыстарын жүргізу қажет: негізгі астық дақылы – 4,4 млн га, майлы дақыл көлемі – 661,1 мың га. Қазіргі уақытта, ауыл шаруашылығы құрылымдары егістің ерте себілген алқаптарын жинауға кірісті, 250 мың га астық бастырылды. Орташа шығымдылығы 8 ц/га. Облыста өнімді сақтау сыйымдылығы жеткілікті, 8,3 млн тонна өнімге орын бар. Облыста 37 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны істейді, қазіргі уақытта егінді қабылдауға дайындық 95% құрайды. Ылғал астықты кептіруге арналған 318 агрегат дайын тұр, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникалық паркі жұмысқа әзір. 8,8 мың астық жинайтын комбайн дайын. Облысқа 85,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бөлінген көлемдер егін жинау науқанын жүргізу үшін жеткілікті.

Үкімет тапсырмасына сай дизель отынының құны 250 теңгеге дейін төмендеді. Күзгі орақ алдында, бұл диханшыларға үлкен қолдау екенін анық.

Қостанай өңірінде малдың қыстауына қажетті мөлшерде шөп – 1 млн 097,6 мың тонна дайындалды. Пішен даярлау науқаны аяқталуда – 140,6 мың тонна немесе қажетті мөлшердің 98,3% жиналды.

Премьер-Министр егінді уақытында және сапалы жинап алу – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Бірқатар өңірлерде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды», – деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен (250 теңге/литр) 426 мың тонна дизель отыны бөлінді. 140 млрд теңге бюджеттік несие беру көзделген. Сондай-ақ жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді. Биыл мал азығын дайындауға арналған техника мен суару жүйелерін сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінді.

«Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңірлер зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болады», – деп атап өтті Премьер-Министр.