Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ауылының ырысын арттырған азамат

27 августа 2023 12:04 • 593 просмотров

Соңғы жылдары жастардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарынан қашқақтап, заңгер, қаржыгер сияқты «төрелік» кәсіпті немесе күзет, такси жүргізушісі сияқты жеңіл-желпі жұмысты қалайтынын ешкім жоққа шығармас.

Осыдан келіп, елімізде жұмысшы және шаруа кадрларының жетіспеушілігі байқала бастады. Өйткені, мектеп бітіруші түлектің бәрі жоғары оқу орнына түсуге талпынады. Грантқа түсе алмаса, қыруар ақша шығындап, ақылы бөлімде оқиды. Қолына диплом алып, жұмыс таба алмай, көше кезіп жүргендері қаншама? Міне, бүгінгідей жұмысшы мамандықтары қат болып тұрған шақта еңбек адамының орны тым бөлек болса керек. Әсіресе, қазір шаруашылықта еңбек ететін жастарды кездестіру қиын.

Нәпақасын маңдай тер, алқаптағы адал еңбектен тауып жүрген санаулы жандардың бірі – кәсіпкер Болат Қарабаев. Оның негізгі мамандығы – мұғалім. Өткен ғасырдың соңында ол Ершов елді мекеніндегі мектепте тарих пәнінен сабақ берген. Кейін туған жерге Обаған ауылына ат басын бұрып, атадан қалған кәспті жалғайды. Олай деуіміз негізсіз емес. Болаттың әкесі Жұмаш қария кезінде жиырма жыл «Обаған» колхозын басқарған. Міне, туған жерге оралған Болат қара шаңырақты құлатпай, әкесі салған үйдің түтінін түтетіп, кәсібін өрістетті. 1997 жылы Болат Қарабаев 200 гектар жер алып, алғаш егін екті.

Ептеп қаржының басы құрала бастағанда ауылдағы жер телімін ұлғайтты. Бұл жақтың құнары жоғары болғанмен, кей жылдары жауын-шашын болмай, егін шықпаған кездері де болған. Бірақ, Болат мойыған жоқ. Әр нәрсенің қайыры бар, екі мыңыншы жылы ауыл тұрғындары жиналып, бұған өз пайларын ұсынды.

Сол жылдары бір Обағанның өзінде 33 шаруа қожалығы бар еді. Соның бәрінің басын біріктірді. «Обаған ауылы» шаруа қожалығы осылай іс бастаған еді. Меншігінде 3000 гектар жерге қоса мемлекеттік резервінен тағы 1235 гектар жер қосып алды. Одан кейін тағы қосымша шаруашылықтар құрды. Бүгінде Болат Жұмашұлы басқаратын «Мирас» шаруа қожалығының еншісінде 5000 гектар алқап, 200-ден астам етті бағыттағы қара мал, осынша жылқы, жүз қаралы қой-ешкі бар.

Қазір ауылдың тең жартысы осы «Мирас» шаруа қожалығында еңбектенеді. Малшылары қысы-жазы сонда. Бір жағы егінді күзетеді. Олар жыл он екі ай бойы қарап отыруды білмейтін жандар. Науқандық жұмыстардан босаса, техниканы жөндеп-жасқайды, мектептің отын жағады, ауылдағы ресторан-бар да жұмыс істейді. Шөп шабады. Қыстық отын жинайды. Басқа да шаруаларға қолғабыс етеді. Әйтеуір, қарап отырған бірі жоқ.

Кез келген шаруаны қолға алғанда мемлекеттік көмегіне арқа сүйейсің. Қазір шаруа қожалығының меншігінде 10 «Беларасуь» тракторы, 5 К-700, 5 комбайн, 4 «КАМАЗ», 1 «Урал» жүк көлігі бар. Оның сыртында мемлекет берген субсидия қаржысына тыңайтқыш, химиялық препараттар, мал алды. Алмақтың да салмағын жақсы білетін шаруақор азамат қолындағысын елмен бөлісуге дағдыланған.

— Міне, сол жылдары мен ауылдан үй сала бастадым. Өзіңіз де көрген шығарсыз, айналасы аз жылдың ішінде он үш үй бой көтерді. Оған көгілдір отын құбырын тарттырдым. Суы ішінде. Жиһазы түгел. Ауылдың бірнеше көшесін асфальтап, ойын алаңын, жұрт бір уақ демалатын ресторан-бар салып бердім. Енді моншаның құрылысын бастадым. Қайткенде, ауылдағы ағайын қала адамынан бір мысқал да кем тұрмауы керек. Қайсыбір жетістікке жетіп жатсақ, ол қарапайым еңбек адамының арқасы. Оларға лайықты жағдай жасау арқылы ауыл көркейеді. Мен құр сөзді малдануға жоқпын. Жатпай-тұрмай еңбек ет, тұрмысыңды түзе, құр уәде опа бермейді, – дейді «Мирас» шаруа қожалығының директоры Болат Қарабаев.

Мұндағы тіршілік кісі көңіленен шығады. Расында, үй сапасы жағынан қаланың үйлерінен кем емес. Ішінде душы, ваннасы, ыстық, суық суы бар. Газ келіп тұр.

Шекараның шебіндегі қазақы ауылда 415 адам тұрады. Он бір жылдық мектебі бар. 2012 жылы Болат Жұмашұлы білім ошағына 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп, күрделі-жөндеу жасап берді. Одан бері ауылда медпункт, саябақ, он үш жаңа үй салынды. Қызығы, шағын ғана ауылда үш кафе тұрақты жұмыс істейді. Мұның сырында ресторан-бардың есігі үнемі ашық. Ауылдағы ағайын ас, той-томалақ жасаймын десе, шаруашылықтың заманға сай салынған асханасы дайын.

Болат Қарабаев қарамағында істейтін жұмыскерлерге отын-суды, шөпті, жемдік азықты екі-үш есе арзан бағамен береді. Мәселен, былайғы жұрт шөптің әр тоннасын 150 мың теңгеден алса, мұндағылар қалтасынан 15 мың теңге ғана шығарады. 5 куб ағаш бар болғаны 16 мың теңге тұрады. Басқасы да солай. Арзан әрі татымды. Асқа жарамды судың бір багы 150 теңге, шаруашылық жұмысшыларына 70 теңгеден босатылады. Үй-үйге кіргізген су ыдыс-аяқ, кір жууға, мал суаруға, бақша суаруға жарайды. Үздіксіз ағып тұр.

Болат Жұмашұлы жыл сайын әлеуметтік саланың өзіне 150 млн теңгедей жұмсайды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін азаматтық парызым деп түсінетін ол кісіге жасаған еңбектің қайтарымы еселене түсетінін жақсы біледі. Әрі-беріден соң туған жерін Болаттай жанашыр азаматтар түлетпегенде, кім түлетеді?

— Биыл тағы екі үй салып беремін. Келесі жылы екі үйді көтеруді жоспарлап отырмын. Қысқасы, жақын жылдары ауылда сегіз үй тұрғызуды міндетіме алып отырмын, – дейді кәсіпкер.

Осындай іскер азаматтың еңбегі де мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Бұрынғы мемлекет басшысының қолынан «Парыз» сыйлығын алды. «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. «Жомарт жүрек» сыйлығының республикалық, облыстық, аудандық деңгейде бірнеше мәрте жеңіп алды. Ұзынкөл ауданының Құрметті азаматы. Облыстық мәслихаттың депутаты. Мұның бәрі туған жерін үлгілі ауылға айналдырып қана қоймай, әлеуетін арттырып, әлеуметтік мәселесін түгендеп отырған азаматтың шынайы бет-бейнесін айқынап тұрғаны ақиқат.

Бітік егін – ел ырысы. «Нан болса, ән болады» деп халқымыз бекер айтпаған. Байлық та, береке де – нанда. Дән өсіріп, оны жинаушылар нан қадірін жақсы біледі. Астық – тоқшылықтың белгісі. Дастарханымыздан нан үзілмеуі үшін бетін күнге қақтап, егін даласының ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамдары қашанда мақтанышымызға айнала бермек.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер ғаламтордан алынды