Күні кеше ғана облыстың іргелі аудандарының бірі Жітіқара аудананың 95 жылдығы атап өтілді. Бұл мереке қарсаңында аудан тұрғындары үшін спорт нысаны қайта жөндеуден соң есігін айқара ашты.
«Жігер» стадионының ашылу салтанатында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов жітіқаралықтарды ауданның 95 жылдығы және Қала күнімен құттықтап, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтау хатын оқып берді.
Әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмысы шеңберінде «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС жобаға 158 млн теңге бөліп, қаржылай қолдау білдірген. Қайта құру жұмыстарының нәтижесінде стадионда футбол және жеңіл атлетикамен айналысуға мүмкіндік туды. Бір жолғы сыйымдылығы 66 адамға дейін жетіп отыр.
— Тарихи кезең ішінде аудан үлкен табыстарға қол жеткізіп, түрлі сынақтар мен қиындықтарды бастан кешірді. Бүгінгі таңда өңір жаңа келбетке ие болып, болашаққа батыл жоспар құруда. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет өңірдің инфрақұрылымдық дамуына, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор көңіл бөліп келеді. Ауданда білім, денсаулық сақтау және мәдениет пен спорт нысандарын салумен жөндеу, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде, – деді Арман Әбенов.
Аудан басшысы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне музыкалық аппаратура сыйға тартты.
Бұдан соң қала тұрғындары мен қонақтары қазақ күресін тамашалап, аламан бәйгеге куә болды. Ат жарысы үш кезең, яғни, құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге бойынша өткізілді.
Ал орталық алаңға жиналғандар мәдени-әдеби іс-шараларға қатысып, ашық аспан астындағы көрмені тамашалады. Арнайы ретро-көліктер көрмеге қойылды. Мерекемен құттықтай келген Ресей елінің аудандары, қонсылас Лисаков қаласы, Денисов, Б. Майлин аудандары және жергілікті өнерпаздар ән салып, би билеп қала күнінің көрігін кіргізді.