Мерекедегі көрме

3 сентября 2023 10:00 • 349 просмотров

Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университеттің алдына «Оpen air Art» республикалық көрме-фестивалі өтті.

Іс-шараға жергілікті суретшілер мен қолөнер шеберлерінен тыс, Астана, Алматы, Көкшетау, Кереку, Орал, Тараздан келген қонақтар да қатысты. Мысалы, Петропавл қаласынан келген қылқалам шебері Ғалия Әбенова бір күннің ішінде Қостанайға арнап бірнеше сурет салып үлгеріпті. Суретші туындыларының ішінде сырлы Тобыл өзені, қала маңындағы табиғат көріністері, Әл-Фараби даңғылындағы шахмат үйінің күмбезді ғимараты бар.

— Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қылқалам шеберлері Қостанайға арнап осындай суреттер салды, өз шығармаларын көрмеге қойды. Біз өзіміз салған суреттерді қалалық галлереяға тарту етеміз. Бәрі осында қалады. Қостанай мен Керекуге ортақ ұқсастық көп. Өте әдемі, таза әрі жасыл қала. Халқы да өте жақсы, – дейді суретші.

— Қостанайға осымен екінші рет келіп отырмын. Қолөнер бізге Алланың берген бір аманаты ғой. Сол өз қолымыздан шыққан дүниелерді көпшілікке көрсетейік, ел, жер көрейік, әрі өзімізді жарнамалайық деген мақсатпен келдік. Бұл көрмеге негізінен, кейінгі жылдары істеген композицияларымды ғана алып келдім. Мысалы, мынау өзіңіз көріп тұрған композициямда ағашпен қатар сүйек те пайдаландым. Өйткені біз сүйекті де киелі санаймыз. Соны бір құрметтеп, кейде тастай да қоймаймыз. Ырымдап жоғары іліп қоятынымыз бар. Енді мұнда мына жамбас нені меңзеп тұр дегенге келсек, түптеп келгенде бәріміздің шыққан жеріміз жатырдан басталады. Атам қазақта «Жатқан жері жақсы еді. Жатырына тартқан ғой» деген жақсы сөз бар. Жамбас, бір жағынан, сыйлы қонаққа тартылатын кәделі мүше. Ал енді мына қобыз бен домбыраны біріктіргенім – бұл екі аспаптың тілінде біздің бүкіл тарихымыз тұнып жатыр. Небір ақындарымыз бен сүйлейлеріміз тілі жетпеген дүниені осы екеуіне сыйдырып кеткен. Жалпы, осы қолөнерді мектеп бағдарламасына енгізетін уақыт жетті. Мектепте бейнелеу сабағы бар. Ал технология пәнінде балаларға осындай мүсіндерді, түрлі бұйымды жасатады. Бірақ оған ағаш сияқты табиғи затты емес, химиялық жолмен жасалған қазіргі заманауи заттарды пайдаланады. Ол балаға да зиян. Өзіміз кезінде еңбек сабағын оқыдық қой. Қыз балалар кесте тоқыды, ілгек тікті, жамау жамады. Ал ұлдарға бөлек шеберхана болды. Соған барып балға ұстадық, қашаудың, қолараның, шоттың не екенін білдік. Қазіргі балалар шотты білмейді. Заманауи техниканы игерген дұрыс, бірақ баланы қол еңбегіне баулу мәселесін де ұмыт қалдырмау керек, – дейді Қызылорда облысының Арал ауданынан келген қолөнер шебері Мырзабек Қаныбаев.

Қостанайға арналған «Мен тұратын қала» фото-байқауы, «TҮRKFest» этномәдени бірлестіктердің республикалық фестивалі, «Орда» этно-жобасы, «Kostanay Book Fair-2023» атты Қазақстан баспаларының кітап көрме-жәрмеңкесі, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің «Оpen air Art» республикалық көрме-фестивалі, «Қостанай – балалық шақтың қаласы» балалар шығармашылығы фестивалі секілді мәдени-танымдық іс-шаралар мерекенің тағылымдық мәнін аша түскендей.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер ғаламтордан алынды