Білім күніндегі жағымды жаңалықтар

7 сентября 2023 15:30 • 1 180 просмотров

Қостанайдағы мектепке Алаш қайраткері Ахмет Бірімжановтың есімі берілді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев айтты.

Жағымды жаңалықты 1 қыркүйек күні аталған білім ордасында өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев бөлісті.

«Биыл 115-ші мектепке Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы заңгер, ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде саяси-құқықтық ой-пікірдің қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Ахмет Бірімжановтың есімі берілгелі отыр. Болашақта Ахметтей аталарыңның атына сай, елшіл, адал, білімді азамат болып қалыптасуларыңа тілектеспін!», деді Ринат Зәкиұлы.

Аталған білім ошағы бұрын таза орыс мектебі болған. Кейін аралас мектепке ауыстырылып, бірте-бірте орыс сыныптары азайтыла бастады. Былтырдан бері толыққанды қазақ мектебіне айналды. Болашақ Бірімжанов мектебінде 480-ге жуық шәкірт оқиды. Өткен жылы 2 бірінші сынып болған екен, биылғы оқу жылы бірінші сыныптардың саны үшеуге жетті.

Алғашқы қоңыраудан кейін мектеп қабырғасын тұңғыш аттаған балдырғандар «Мектебім – мейірім мекені» атты бірыңғай сынып сағатына қатысты.

Тағы бір қуанышты жаңалық, ол Қостанайда үш мектеп халықаралық инновациялық жобаға қатысады. Қанатқақты жобаға қатысатын білім ошақтарының бәрі – қазақ мектептері. Республика көлемінде бірінші рет қолға алынып отырған инновациялық жобаға Қостанай қаласындағы М. Хәкімжанова атындағы 20-шы орта мектеп пен № 115-ші мектеп және Тобыл қаласындағы Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназия таңдап алынған.

«Басты мақсат – педагогикалық кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыру, оқушылардың бойында ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие философиясын қалыптастыру және одан әрі дамыту. Қазіргі таңда аталған мектептердің қазақ тілі, ағылшын тілі, география, математика, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері мен бастауыш сынып мұғалімдері қосымша оқуды бастап кетті және іске кірісті. Яғни, «Білім инновация» халықаралық қоры биыл әлемдегі озық мектептер жүйесінің сапалы білімі мен құндылықтарын осы үш қазақ мектебіне енгізуді бастап кетті. бұл жобадан біз үлкен нәтиже күтеміз», дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев.