Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті. Бұл өзгермейтін аксиома.Ұрпағының болашағын ойлаған ата-ана баласын қазақша мектепке беруі керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін айтқан болатын. Мәселен, Қостанай облысында 454 мектептің 112 сі ғана қазақ тілінде білім береді. 115 аралас мектепте қазақ сыныптары әлдеқайда аз. Біздің қаракөз балалар орыс мектептерінің 60 пайызын құрайды. Биылғы оқу жылында алғаш рет мектепке 10384 бала барады. Осы бүлдіршіндердің 70 пайыздан астамы орыс сыныптарына қабылданған, қазақ мектебіне баратындар –29,1 пайыз.
Бабаларымыз «Тілімнің болашағы- ұрпағымның болашағы» деп басын бәйгеге тіккен. Көптеген ойшылдар: «Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең-күйініш. Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру үлкен қателік» деген екен. Біздің парызымыз-жас ұрпақтың санасына тілді қадірлеуді сіңіру, жүрегіне тілге деген құрметті, сүйіспеншілікті, жанашырлықты ұялату.
«Ана тілі» газетінің (20.07.2023) жарияланған Әбіш Әділбектің «Нанымыз тәтті, тіліміз ше?» мақаласындағы тіл мәселесіне қатысты тіл жанашырларының төрт ұсынысын толықтай қолдаймын. Айталық, ҚР Конституциясының 7- бабының 2- тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген мәтінді алып тастау. «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау. Мемлекеттік тілдің жеке дара статусын анықтау. Мемлекеттік тілді білуді заңмен міндеттеу.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек.Тіліміз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан ең алдымен, оған өзіміз құрмет көрсетуіміз керек» деп айтқан болатын. «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын алып жүре алмайды» – деген екен Алаш арысы Әлихан Бөкейханов. Ал билік органдарында отырған басшылар мемлекеттік тілді меңгерген бе, қазақша сөйлей ала ма? Мысалы, туыстас Түркияда түрік тілінде, Өзбекстанда өзбек тілінде сөйлемесең сені құрметтей қоймайды. Балтық жағалауы елдеріндегі орыс тілділер эстон, латын тілдерінде еркін сөйлейді. Президент Қасым – Жомарт Тоқаев айтқандай, мәселе – ниетте. Шындығында біздің жастарымыз шет тілін бір, бір жарым айдың көлемінде еркін меңгеріп кетеді.Сондай ұмтылыс, тілек пен ниет қазақ тілін үйрену кезеңінде де болуы керек. Ендеше, тілдің иесі-алдымен өзіміз, отбасымыз, ұрпағымыз – қазақша сөйлеуге атсалысайық.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің мәлімдеуінше, қазақ тілі туралы доктрина әзірленіп жатыр.
Жақында Қырғыз Президенті мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін қаулыға қол қойды. Бұл біздің елімізде де кешіктірмей қолға алатын мәселе. Парламент, мәслихат депутаттары, тіл жанашырлары қолдау білдіріп, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге бағытталған осындай шешім қабылдайды деген үміттемін.
Қыркүйектің 5-і Ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі, жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқы тілдері күні. Осы айда халық батыры Амангелді Имановтың 150 жылдығы мен Амангелді ауданының 95 жылдығы. Айтулы мерекелік шараларға байланысты Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасын, Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы, оның «Қоғамдық келісім» мекемесі қолдап, демеуші болып, қыркүйектің 8,9,10 күндері Амангелді, Жангелді аудандарының және Ахмет Байтұрсынұлы ауылының халқымен кездесулер жоспарланып отыр. Делегация құрамында облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, белгілі айтыскер ақындар, ғалым, ардагер–қоғам белсенділері бар. Кездесулер елдің ертеңі, мемлекеттің келешегі, Ахаңның ізбасарлары үшін маңызды болмақ. Ұлы дала елінің қасиетті Тәуелсіздігі тұғырлы, мемлекеттік тілі ғұмырлы болсын!
Жақсылық Кәкенұлы, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, тіл жанашыры,
Рудный қаласы