Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Батырдың асқақ абыройы

14 сентября 2023 10:00 • 318 просмотров

Қостанай облысында Халық Қаһарманы және ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Амангелді Имановтың мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

Батырдың 150-жылдық мерейтойы кешенді түрде ұйымдастырылды. Жыл бойы бүкіл ел бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар мен жобалар өткізілді. Мәселен, «Халық батыры» көрмесі ұйымдастырылып, үш ай бойы Қазақстанның орталығы, батысы мен шығысын аралап шықты. Елордада және Қостанайда республиканың жетекші ғалымдарының қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылды, соның арқасында батырдың өмірінен жаңа фактілер жарияланды.

Батырдың мерейтойы туған жерінде дүркіреп өтті. Республикалық деңгейде ақындар айтысы, ат жарыс, қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылды. Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры батырдың туған жерінде «Қаһарлы ол алтыншы жыл» спектаклінің тұсауын кесті. Оның авторы жергілікті жазушы Әбдіқадыр Әбілтаев.

Аманкелді Үдербайұлының 150 жылдығына арналған бүгінгі іс-шаралар легі батырдың рухына құран бағыштаудан басталды. Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Құран бағыштаудан кейін қонақтар А. Иманов атындағы мемориалды музейге барып, сардардың өміріне, ұлт-азаттық көтеріліске қатысты жәдігерлермен, деректермен танысты.

Бұдан соң «Батырдың биік тұлғасы» атты ғылыми конференция өтті. Тағылымды жиынға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, сардардың ұрпақтары, туған-туыстары мен аудан тұрғындары қатысты.

Ғылыми форумды ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік ең қымбат» атты мақаласында: «Бостандық бізге оңай болған жоқ. Біздің ата-бабаларымыз бостандық үшін күрескен. Қазақ халқының тарихында көптеген қиындықтар мен сынақтар бар. Мұның бәрі халықтың жадында сақталуы және ұрпақтан-ұрпаққа берілуі керек» деген сөзін тілге тиек етті.

— Қазақ халқы – әрдайым адалдықты, әділетті талап ететін халық. Аманкелді батыр әділдік жолында күресіп, қарапайым халықтың қамын ойлады. Сол кезеңде үстемдік еткен биліктің, ескерген саясатына қарсы шыға отырып, қоғамдық сананың өсуіне ықпал етті. Жалпы қазақ тарихында батырлар демократиялық принциптерді қалыптастыруда зор рөл атқарғаны белгілі. Арада қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы қатар жүрген, ауыр жылдар өтсе де, Аманкелді батырдың тұлғасы ұрпақ санасында мәңгілікке сақталған. Халық оны азаттық символы деп бағалайды, – деді Құмар Ақсақалов.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің спикері Кошан Қошанов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөздерін жолдады.

Конференцияда сөз сөйлеген Мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, батырдың ұрпақтары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшілері туралы, оның ішінде Амангелді Имановтың тарихи рөлі туралы өз пікірлерімен бөлісті. Олардың ішінде батырдың тікелей ұрпағы, немересі, техника ғылымдарының кандидаты Батырлан Амангелдиев те бар.

Көпжылдық зерттеулердің нәтижелерімен академиктер, елдің жетекші ғалымдары Зиябек Қабульдинов, Берекет Кәрібаев, Дихан Қамзабекұлы бөлісті.

Бұдан бөлек, торқалы той қарсаңында аудан орталығының ажары арта түсті. Аумақтарды абаттандыру, жарықтандыру және жол инфрақұрылымын жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Инфрақұрылымды жақсартуға барлығы 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа Әбенов атындағы мәдениет үйін, Сейкенов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін, Иманов атындағы мемориалдық мұражай ғимаратын жөндеу, материалдық-техникалық жарақтандыру, сондай-ақ саябақ аймақтарын абаттандыру ұйымдастырылды.

Мерейтойлық бағдарлама өте қызықты. Вело спортшылар «Атбасар – Амангелді» және «Жангелді – Амангелді» бағыты бойынша веложарыс ұйымдастырды. Жалпы алғанда, маршрут 600 шақырымды құрады.

Сондай-ақ, А. Имановтың 150 жылдығына арналған «Ардагер Аманкелді – ердің ері» атты республикалық айтыс өтті. Оған еліміздің 6 облысынан 14 ақын келді. Аяқталды. Бас жүлдені жеңіп алған шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұловқа автокөліктің кілті табыс етілді. Ал Қостанай облысының намысын қорғаған Батырлан Сағынтаев бірінші орынды иеленді. Ол финалда Сыр елінен келген Мұхтар Ниязовпен сөз сайысына түсті. Қарсыласы екінші орын алды. Сондай-ақ екінші жүлде астаналық Әсем Ережеқызына да бұйырды. Үшінші орын Алматы облысынан келген Шұғайып Сезімхан мен Ақтөбе облысының үміті Жұлдыз Қожабековаға берілді.

Сонымен қатар, көкпар, аламан-бәйге және құнан бәйге, қазақша күрестен жарыстар өткізіліп, 12 облыстан 200-ден астам қатысушы жиналды.

Қазақ күресінде балуандар екі салмақ дәрежесінде күш сынасты. Жеңімпаздарды Қостанай облысының әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев марапаттады. 74 келіде:3-орын – Ақжол Қазымбек (Арқалық қ.) – 500 000 теңге; 2-орын – Әбілқайыр Мәуленин (Қарағанды облысы) – 1 000 000 теңге; 1-орын – Әділет Ахметғали (Жамбыл облысы) – автокөлік. Сөйтіп, тойдың жүлдесіне тігілген бір көлік Жамбыл облысына аттанды. 74 келіден жоғары салмақта 2-орын Асылан Сағитбекке (Арқалық қ.) ат мінгізілді. Ал жеңімпаз болған жергілікті балуан Елнұр Сәлімовке (Аманкелді ауданы) түйе берілді.

Бәйгеде бағы жанғандарға тиесілі сыйлықты аудан әкімі Талғат Карбозов табыстады. Құнан бәйге (10 км): 3-орын – шабандоз Нұрасыл Ахметов, ат иесі Батырбек Ахметов (Қостанай қ.) – 300 000 теңге; 2-орын – шабандоз Аслан, ат иесі Мырзағали Тұрмағанбетов (Аманкелді) – 500 000 теңге; 1 орын – шабандоз Асқар Төребаев, ат иесі Қ. Тоқмурзин К. (Жітіқара) – мотоцикл.

Аламан бәйге (36 км): 5-орын – шабандоз Рауан Базарбай, ат иесі Сағындықов Ораз (Актобе облысы) – 200 000 теңге; 4-орын – шабандоз Елшат Ерлан, ат иесі Бестау Ғабдуахит (Жангелдин ауданы) – 300 000 теңге; 3 орын – шабандоз Нұрман Шаншар, ат иесі Медет (Солтүстік Қазақстан облысы) – 500 000 мың теңге; 2 орын – шабандоз Әбілмансұр, ат иесі Руслан Оспан (Ақмола обласы) – мотоцикл; 1 орын – шабандоз Ертарғын Әділхан, ат иесі Мырзағали Тұрмағанбетов (Амангелді ауданы) – автокөлік.

Өскелең ұрпақ та назардан тыс қалмады. Әсіресе, жастар үшін ұлттық спорт, жүзу және футболдан жарыстар өтті. Кішкентай көрермендер үшін облыстың қуыршақ театрының қойылымы дайындалды. Алматыдан келген жас қазақ суретшісі, батырдың тікелей ұрпағы-шөбересі Зарина Ниязованың көшпелі көрмесі ерекше назар аударды. Алдымен Астанада қойылған және 3 сәуір Ұлттық батырдың туған күніне орайластырылған экспозиция үшін суретші 7 жұмыс дайындады. Авторды әйгілі отандық «Амангелді» фильмінің тарихи картиналар сериясына шабыттандырды. Бірнеше айдың ішінде көрмені тек елордалық тұрғындар ғана емес, Ақтөбеде де тамашалады.

Іс-шараға қатысушылар мен аудан тұрғындары атап өткендей, мұндай іс-шаралар тарихи тұлғалардың есімдерін мәңгілікке қалдыру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін маңызды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор