(Амангелды ауданының кейбір тарихи беттерінен)
1916 жылғы Торғай көтерілісінің бас сардары Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған мерейтойдың басы биыл сәуірде Астанадан бастау алып, еліміздің бірқатар өңірінде өткен батырдың ерлік өнегесін дәріптеу, рухына тағзым ету іс-шараларына ұласты. Енді, міне, қыркүйектің үші мен тоғызы аралығында ел басына күн туған тағдыршешті кезеңде жасындай жарқ еткен алдаспанның сынығы, тұлпарлардың дүбірі қалған дархан Торғай даласында, байтақ Батпаққара өңірінде аталған мерейтой аясындағы тағылымды іс-шаралардың қорытындысы іспеттес торқалы той, алқалы жиын өтті.
1928 жылдың 30 тамызы. Қостанай аймағы бойынша жартылай көшпелі аудандары: Торғай, Батпаққара, Обаған, Аманқарағай, Жітіқара, Науырзым. № 36 хаттама Кеңес халықының Комиссариаты Казақ АССР-і көшірілетін байлардың қоныстанатын жерлері жайындағы кезекті отырысынан: «Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудағы көшпелі, жартылай көшпелі қазақ жұртын Қостанай облысы бойынша тұрақтандыру 1927–1938 жылдары». Құжаттар жинағы. Қостанай – 2004. 51 бет. Архивтің құжаттары көрсеткендей, Батпаққара ауданы құрылған соң, үкімет бірден байлардың малдары мен үй-жиһаздарын тəркілей бастады. Үкіметке мал-мүлікті тапсырмас үшін өз беттерімен жаппай сатуға көшті. «Осы жылдың тамыз айынан бастап Қостанай қаласына көптеген малдар базарда қаптап кетті. Мысалы, 31 тамызда Батпаққара байлары Исмаилов Мұхамеджан сату үшін 10 жылқы, 70 қара мал, 100 қой сатқан. Науырзым ауданындағы бай Мұқашев Баймурсин 200 бас қара мал жəне біраз қой айдап əкелген», 64 бет. Осы архивтік құжаттар жинағында Батпаққара ауданының тұрғыны ауқатты кісі Бүкілодақтық атқару комитетінің төрағасы М. Н. Калининге 1928 жылдың 6-шы қазанындағы хатында кəмпескелеу кезіндегі келеңсіз жағдайлар жайында жазған (73 бет). Батпаққара мен Науырзым аудандарында кəмпескелеу қарқыны төмендеген, ал Батпаққара ауданының Кеңестік Төрағасы Шілдебаев тіпті байлармен байланысты болғаны айтылады (80–81 беттер). 1928 жыл қыркүйек айы. Батпаққара ауданында 16 ауылдық Кеңесінде 26 572 адам. Аудан орталығы – Батпаққара. Бай, кулактарды кəмпескелеу 1928 жылдың қыркүйегінен басталды. Ал осы жылдары 5 қазанға дейін кəмпескеленгендер: Тлеулин Қойшыбай № 7 ауыл (787 бас қара мал, жылқы, қой, түйелер), Қошабаев, Бірмағанбетов – 672 бас қара мал, Исмаилов Мұхамеджан № 2 ауыл – 627 бас, Қаралдин Байқадам № 2 ауыл – 572 бас. 1929 жылдың басында Батпаққара ауданындағы тұрғындар саны – 27 710. Жылқылар саны – 19 281, қара мал – 25 972, түйелер – 5137, қой-ешкілер – 33847 бас, жұмысқа жегілген малдар саны (өгіз, аттар) – 30 105 бас. Осындай озбырлыққа шыдамаған Батпаққара ауданының халқы Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліске шықты. 3 қараша 1929 жыл. Көтеріліс екі күнге созылды – 8–9 қараша күндері. Көтеріліске шыққандар саны 500-ден астам, ал қаруланғандар 50 адамға жуық. Олардың ұрандары «Кеңес үкіметі құрсын», «Коммунистер жоғалсын», «Мешіттер қоғамнан өз орнын алсын». Көтерілісшілер Бармақов Омарды хан сайлады. Ауылдарда старшындарды сайлады, ақсақалдарың сотын құрды. Əр аудан ауылдарынан 50 адамнан алып, 1 мыңнан астам əскер құрмақшы болған. Əскерді екіге бөліп, бірі Торғай жаққа, екіншісі Науырзымға, содан Қостанайға бет алуды көздеді. Көтерілісшілер ішінде Міржақып Дулатовтың інісі Асқар Дулатов та бар еді. Кейін ол ұсталып, ағайынды екеуі Соловецки лагерінде өмірден өтеді. Батпаққара көтерілісіне қатысқандар 1929–1931 жылдары жауапқа тартылады. Барлығы 530 адам. Олардың 115-і атылды, 170 адам 2 жылдан 10 жылға дейін сотталды, 28 адам Қазақстаннан тыс 3 жылға жер аударылды, 17 адам шартты түрде сотталды, 194 адам босатылды (133–135 беттер). Сол кездегі аудан партия комитеті мен аудан атқару комитеттері заңсыз күштің негізінде елдегі мешіттерді жапты (10 мешітті), көтерілісшілер 1928 жылы кəмпескелеген Сатыбалды ишанның үйін өртеп жіберді. 1929–1930 жылдары жаппай Қостанай облысы шаруаларын тұрақтандыру көші-қоны тоқтады. Сол үшін, мысалы, Батпаққара ауданындағы 120 мың гектар жердің 80 мың гектары мал жайылымына берілді. Қоныстанушыларға үй салып беру де көрсетілген. Батпаққара ауданында үй салуды жеделдету мақсатында кірпіш зауытын 1930 жылы салу да көзделген (аталған дерек көзінің 171 беті). 1 млн кірпіш жасауға мүмкіншілік жасалмақ. Аудан сайын аурухана салуға мүмкіндік болмаған соң, 3 амбулаторлық орындарды ашу көзделген. Қазақ АССР-ның өлкелік комитетінің 1931 жылғы 21 желтоқсанындағы шешімде былай делінген «1932 жылдан 1933 жылдың соңына дейін қазактарды отырықшыландыру. Отырықшыландырылатын шаруашылықтар саны төмендегідей: 1. Əулиекөл (Семиозерный) – 3 мың 2. Адамов ауданы – 2 мың 3. Батпаққара ауданы – 9 мың 4. Торғай ауданы – 5 мың Отырықшыландырудың мақсаты – колхоздандыру, ал колхоздандырудың мақсаты жекелердің шаруашылығын орталықтандыру жəне отырықшыландыруды тез қарқынмен өткізу. Колхоздардың көлемі 100–200 үйден тұруы керек. 1932 жылғы 20 қыркүйек № 158 хаттама. Торғай жəне Батпаққара ауданынан Федоров ауданына тұрақтылыққа аудару жайында Қостанай ауданы комитетінің бюро шешімімен: «800 шаруашылықтың осы уақытқа дейін Федоров ауданына 618 шаруашылық (2004 адам көшірілген, ол тек 77% ғана). Бұл көрсеткіш қанағатсыз, себебі, Торғай, Бетпаққара аудандарынан жедел Федоров ауданына өздігінен көшкендер де бар. – Көшкендерге жолда дəрігерлік көмек көрсетілмейді. Қосқопа-Ақсуат ауылында тамақтандыру көзделген еді. Ол да бақылаудан тыс қалған. – Жаңа жерге қоныстандыру қазан айының 1-де аяқталсын. Осы іске жауап беретін Залиевке 4 машина бөлінсін. 800 шаруашылықтан тыс тез арада 100 шаруашылықты Озерный МТС қоныстандыру. – 800 шаруашылықтан тыс тез арада 100 шаруашылықты Озерный МТС қоныстандыру. – Қоныс аударушыларға Қостанайдан 10 тонна ұн, 5 тонна жарма бөлінсін. – Ұжымдастыру 14 қазаннан 21 қазанға өзгертілсін (9 қазан 1929 ж. құжат). – Аштықпен күресу шаралары Торғай аудан комитетінің бюро отырысынан № 159 хаттама (3 желтоқсан 1932 ж.). Жедел басшылықтың есеп жəн азық-түлікті дұрыс бөлу үшін, ашыққандарға көмек көрсету үшін тұрақты жұмыс істейтін төтенше комиссия құру. Осы комиссияның төрағасы болып аудандық атқару комитетінің төрағасы Қалдыбаев, мүшелері: ауданның бақылау комитетінен Джуванышқалиев ОГПУ, аудан бөлімінің бастығы Утемишев, Торғай аудан комитетінің хатшысы Келімбетов деп көрсетілген. № 162 хаттама. Телефон арқылы жеделхат: Батпаққара аудан комитеті 1933 жылғы 4 наурыз, өте құпия. Наурыз айында аштық ауылдарға жетті, ал 8 ауылда аштықтан өлгендер бар. Егін салған соң Қостанайдан 200 көлік, кейін 100 көлік жібермекші. Тездету үшін машина жалдасын, қосымша 11 мың центнер нан жіберсін. Аудан хатшысы Дабылбаев, Аудан атқару комитетінің төрағасы Торғаев. № 165 хаттама. Ақтөбе облысындағы аштықтағы қашқындар жайында. Батпаққара ауданына 250 шаруашылық көшті, Семиозерный ауданына – 100 шаруашылық. Нансыз қалған шаруашылықтар – 3500. Көлік жайы ауыр, жылқы, түйе сатып алу үшін қаржы қажет. Киім-кешек те жоқ. Көшіп жатқандарға 500 мың рубль керек. Баспана жайы да мəз емес. № 177 хаттама. Ұжымдастыру жайында: Аманкелді ауданы ауыл шаруашылық артельдерге көше алды: Қарабұтақ, Қашала, Еламан, Шолақсай, Шарық, Бюректал. Ауданға Утешевті жібердік делінген. Осылай мұрағат мұралары сыр шертеді. Негізінде, ауданның бес жылдық ең қиын, ең ауыр, ең нəубат жылдары жайында айтылады. Осы құжаттар негізінде біздер өткенді білу, еске сақтау мақсатында жиналған əзірге табылған шағын ғана архивтік құжаттарды сөйлеткен едік. Бұл үлкен ғылыми зерттеудің басы деп санаймыз. Келешекте əлі де көптеген аудан тарихының сырын ашатын құнды құжаттар табылуы əбден мүмкін.
Қалқаман ЖАҚЫП, А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты