Шаруалар қолдаусыз қалмайды

29 сентября 2023 12:25 • 438 просмотров

(Жалғасы. Басы 1-ші бетте)

Министр өңір астықты кептіру үшін қосымша 11 мың тонна арзандатылған жанармай алатынын айтты. Оның құны литріне 250 теңгеден аспайды. Облыс бойынша элеваторлар тәулік бойы істеуге ауыстырлған, 318 астық кептіргіш жұмыс істейді.

Азық-түлік корпорациясымен келісім-шарт жасалған астығын қайтару мәселесі фермерлерді алаңдатады.

«Қазір астық нарығының жай-күйіне талдау жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алудың әділ бағасын жариялайды. Компания тұқым қорын қалыптастыруды қамтамасыз етеді және нан өндіру үшін арзандатылған астықты жеткізу кестесін қайта қарайды», – деп толықтырды Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны кезінде қатты жаңбырдан зардап шеккен аймақтарды аралауды жалғастыруда. Ол облыстың әртүрлі аудандарындағы бірнеше агроқұрылымдардың алқаптарын аралап, астық қабылдау кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Мамандардың айтуынша, егіс аумағы үлкен шаруашылықтар жиын-терімнің түрлі әдіс-тәсілдерін енгізуге көшкен. Яғни жаңбырдан соң дегдіп қалған аумақтарды бір бөлек, әлі ылғалы мол жерлерді бөлектеп ору жүргізілуде. Егіннің ұйысып шыққан кейбір жерлерінде астықты бастыруды тікелей жүргізуге де болады. Технологияға сүйенсек, егер дәнді дақылдың ылғалдылық көрсеткіші 12 пайыз болса, оны комбайнмен бірден шауып алып, соңынан кептіргіште жеңіл ғана кептіріп алуға болады. Ал егер егістіктегі ылғал одан жоғары әрі арамшөп қаулап кеткен болса, шаруалар бөлектеп, жеке-жеке шабады. Одан соң жиналған астықты жақсылап кептіру керек. Бұл қосымша шығынды, көп мөлшерде жанар-жағармайды қажет етеді. Астық сапасын сақтаймын десе, диқанда одан басқа жол жоқ.

Қостанай облысында биылғы жылы 21 қыркүйектегі жедел деректер бойынша 4,3 млн га астық егілді, жалпы егіс алқабының 32%-ы жиналды, 1,3 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділік әзірге 9,2 ц/га құрайды.

Сонымен бірге, аймақ жем-шөп жинау жоспарын асыра орындады. Фермерлер 1,1 млн тонна пішен, 160 мың тонна пішендеме және 30 мың тонна сүрлем жинады. Биыл алғаш рет фермерлер жем дайындау үшін 58 мың тонна жеңілдікті дизель отынын алды. Оның 6,3 мың тоннасы Қостанай облысына жіберілді.

Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов 4,3 млн га астық егілгенін, жалпы егіс алқабының 32% орылғанын, 1,3 млн тонна астық бастырылғанын, орташа өнімділігі әзірге 9,2 ц/га құрайтынын хабарлады. Облыста жем-шөп дайындау жоспарының асыра орындалғанын айта кеткен жөн. Фермерлер 1,1 млн тонна шөп, 151,6 мың тонна пішен, 11,7 мың тонна сүрлем жинады.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақындағы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттыруды тапсырған еді. Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне «Жасыл Даму» АҚ қаражатынан 20 млрд теңге бөлінетіні айтылды. Бөлінген қаражатқа фермерлер лизингке 500-ден астам техника, шамамен 80 комбайн және 450 трактор сатып ала алады.

Айта кету керек, лизингке техникалық регламенттерде белгіленген экологиялық талаптарға сай келетін және барлық қажетті сәйкестік сертификаты бар техника беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша жалпы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгеден асады.

Шаруалармен кездесуде көтерліген мәселелердің бірі – көршілес Ресей мемелекетінен келетін бидайға шектеу қою. Аталған мәселе қараусыз қалмады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2023 жылғы 26 қыркүйектегі ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен ағымдағы жылдың 11 қазанынан бастап 6 ай мерзімге Қазақстан аумағына автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салу ұзартылды.

Бұдан басқа, 2023 жылғы 26 қыркүйектен бастап лицензияланған элеваторларға, сондай-ақ астық өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарына арналған астық импортын қоспағанда, темір жол көлігімен бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салынды.

Лицензияланған элеваторлардың тізбесі https://p-grain-receipt.qoldau.kz/ru/gr-info/granaries және АШМ сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/documents/details/525882?lang=kk орналастырылған. Астық өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарының тізімін «Атамекен» ҰКП қалыптастырады және өзектендіреді.

Айта кетейік, темір жол көлігімен әкелуге енгізілетін шектеулер Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдарға қолданылмайды.