Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Торғай даласын күйімен дүбірлеткен

29 сентября 2023 15:20 • 451 просмотров

Қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы — күй өнері. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы — домбыра күйлері.

Қазақтың күйі – қуанышта да, қиындықта да қазақпен бірге жасап, бостандық сүйгіш ұлық өнер болып қала бермек. Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, күйдің рухы биік. Күй дербес мемлекет құрып мерейленген халқымыздың рухын мәңгілікке толғай бермек. Осындай халықтың рухын көтеріп, мұң-мұқтажын, қайғы-қуанышын күймен әсерлеп жеткізіп келе жатқан, туған жердің талантты тумаларының бірегейі: күйші-композитор, ҚР мәдениет қайраткері  Айтбай Мұздаханов атамыз туралы бірі білсе, кейінгі жас ұрпақ білмеуі мүмкін. Осы мақсатта А. Мұздаханов атамыз туралы баспа беттеріне және әлеуметтік желі арқылы, атамызды үлгі тұтып, өзім сияқты кейінгі жас ұрпаққа кеңінен насихаттағым келеді. Осы тұрғыда былтырғы оқу жылынан бастап А. Мұздаханов өмірі мен өнер жолына арналған ғылыми жоба зерттеу жұмысымды бастап, бүгінде облыстық деңгейде қорғағалы отырмын. Бұл мен үшін күйші атаға деген шәкірттік құрметім деп білемін. Себебі, А. Мұздаханов атамыз мен білім алатын ауданымыздағы киелі қара шаңырақ Амангелді жалпы білім беретін мектебінің түлегі. Ал, мектеп түлектерін, жалпы туған жеріміздің тума таланттарын дәріптеу, құрметтеу біздің басты борышымыз деп білемін.

А. Мұздаханов атамыз өмір жолында денсаулығына байланысты көп қиындықты бастан өткерсе де, еш мойымаған тұлға. Өнерге деген махаббатының арқасында жалғыз қолымен күй өнерінің дамуына өз үлесін қосып, 70-ке жуық күй, 50-ге жуық ән шығарып, өнер саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған ерекше өнер иесі.

Осындай қайраткерлігін, шыдамдылығын көрсетіп, елдің жүрегіне жол тапты. Осындай кісілерді құрметтеп, қадірлеп, ардақтап тағзым етуіміз керек.

Егерде қазақ елінің ұл қыздары еңбектеніп осындай талантты тұлғаларды анықтаса, Қазақстанның түкпір-түкпір жерінде осындай керемет тұлғалардың бар екендігін біле жүріп, өзге елдерде тамсанып қарайтын еді.

«Қолыма қара домбыра алған кезде ,

Тақтағы падишаның күйін кешем…»,-деп, қасиетті қара домбыраның құдіретін халық жадына сіңіруде аянбай еңбектенген ұлы ұстаздың еңбегі өлшеусіз.

Айтбай Мұздаханов -1941 жылдың 15 қазанында қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданының Қарасу (Комунизм жолы) ауылында дүниеге келген күйші, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері(1993). Руы – қыржігіт. Әкесі – Молдашұлы Мұздахан етікші, ағаш шебері, күйші-домбырашы болған. Анасы – Молдашова Кәбира әнші, ептеп домбырада ойнаған. Айтбай ата домбыра ұстауды өз әкесінен жеті жасынан бастап үйренеді. Одан кейін өнерге баулыған кәсіби ұстазы – Төкен Елтебаев.

Жетекшім Айткүл Сабырқызымен бірге арнайы ғылыми жұмыс үшін зерттеу жобамның басты кейіпкері Айтбай Мұздахановпен 2023 жылдың 27 ақпан күні Қарасу ауылындағы өз шаңырағына арнайы іздеп барып сұхбаттастым.

Онда қойған менің сұрағым:

— Ата сіздің ата-бабаңызда күй тартқан адам болды ма, күйшілік сізге кімнен дарыды?

— Өнер де тек қуалайды. Атам Молдаш танымал күйші болыпты, ел оны «Молдашсыз думанның сәні кіре ме?» деп тойға ат жіберіп алдырады екен. Оның әкесі Шомақ, яғни менің арғы бабам, кісі есігінде жүріп байыпты. Бір байға жалданып, бес жылдан кейін сол малы өсіп, ауқаттылар қатарына қосылған. Әкем де өнерден қара жаяу емес. Дәулескер домбырашы еді. Негізгі шын есімі – Мұзафархан, жеңгелері «Мұздахан» деп атаған. Анамның да ән салатыны бар еді. Қазақтың ескі әндерін жақсы орындайтын. Әкем он бес жасымда өмірден өтті. Маған домбырашылық әкемнен дарыды.

— Домбыраны қолыңызға қанша жаста ұстадыңыз?

— Біздің балалық шағымыз қызыққа толы болды дей алмаймын. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы өмірге келдім. Домбыраны 5–6 жасымда әкем үйретті. Алғаш Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін тарттым. 3-сыныпта ата-анам көрші колхозға көшіп барды. Алақандай ауылда Омар, Біртай есімді күйшілер болды. Оның қатарына әкем келіп қосылды. Сол кісілер айына бір рет біздің үйге жиналып, күй тартатын. Омар деген әкеміз ғажап күйші еді. «Бозінген», «Нар идірген» деген күйді алғаш содан естідім. Омар күй тартқанда шешелеріміз үнсіз жылап отыратын. Біздің ауылдан 25 шақырымдағы Көктау деген жерден Құрман күйші қыстыкүні өгіз шанамен келеді. Қазір ойласам, көзім көрген сол күйшілердің күйге деген кұрметі, өнерге деген пейілі бөлек. Солардың тартқан күйі бойыма сіңді ме, әлде санамда қалды ма, білмеймін, әйтеуір, күйшілікті бала күнімнен пір тұттым.

— Күйшілікке қай кезден ден қойдыңыз және алғашқы шығармашылық туындыңыз қандай күй?

— Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Төкен Елтебаев ағамыз Алматы консерваториясын бітіріп келіп, ауылға қызметке орналасты. Мінезге бай, өзі де келбетті, жігіттің сұлтаны дейтін азамат еді. Сол кісі ауылда оркестр құрып, домбыра тартатындарды жинады. Оркестрге мен де алындым. Дайындыққа барып, домбыра тартып отырсам, үнемі басқа әуенге түсіп кетем. Төкен аға соны байқап қалып, «әрі қарай тартшы» деп шабыттандыра түсті. Сөйтіп, алғашқы күйім «Амангелді дүбірі» туды.

Жаңа күй туғанмен, атын қойған жоқ едім. Бірде ауылға облыстық радиода істейтін қаламгер Табыл Құлиясов келді. Сол кісіге: «Аға, бір күйім бар, әлі ат қойған жоқпын, өзімше «Тың толғауы» деп атап жүрмін. Соны тыңдап көріңізші» дедім. Табыл ағамыз күйді мұқият тыңдағасын: «Мынау, дүбірлеп тұрған күй ғой, бұл күйді «Амангелді дүбірі» деп ата деп, сол мезетте атын қойып берді. Бұл туынды алғаш рет Амангелді батыр атамыздың тоқсан жылдық тойында орындалды. Ал биыл Амангелді батырдың 150 жылдығына осы күйіме қызым А. Мұздаханова бейне клип түсіріп, тағы да жаңа қырыннан танытып, дүйім жұртқа паш етті. Бұл мен үшін үлкен құрмет, зор мәртебе.

— Шаруашылықтың қым-қуыт жұмысын атқара жүріп, оны өнермен қалай тоғыстырдыңыз?

— Ауылда істемеген кәсібім жоқ. Электрик, су шаруашылығының маманы, бөлімше меңгерушісі болдым. Күні-түні жұмыстан бас алмаймыз. Ол кезде совхоздың тіршілігі қауырт, кейде үйге түнде келемін. Сонда қолыма домбыра алып, шаршағанымды басамын. Домбыра адамды тартып тұрады. Ұлы Жеңістің 25 жылдығына арнап «Ер есімі – ел есіңде» деген күй жарыққа шықты. Ол кезде ауылда майдангерлер көп, солар қалай соғысқанын айтып отыратын. Сол маған қатты әсер етіп, күй туды. Одан кейін «Балалы киік», өмірден ерте өткен досыма арнап «Сәтен» деген күй дүниеге келді. Жалпы мен қолым сау кезде 8 ғана күй шығардым.

— Көңіліңізге мұң шалдырған сол оқиғаны айтып өтесіз бе?

— Кеңес дәуірінде Одақ көлемінде халық шығармашылық фестивалі өтетін. Мен де соған қатыстым. Алдымен аудандық, одан облыстық байқаудан бірінші орын иеленіп, республикаға жолдама алдым. Бұл – 1977 жыл еді. Республикалық байқауға әр аймақтың шашасына шаң жұқтырмас жүйріктері жиналыпты. Әсіресе Атырау, Маңғыстаудан келген күйшілердің өнері керемет! Мен осы фестивальде «Амангелді дүбірі», «Ер есімі – ел есіңде», «Балалы киік» деген үш күйімді орындап, бірінші орынды жеңіп алдым. Елге абыроймен оралдым. Көңілім алып-ұшып, ғажайып бір сезімде жүрдім. Бір күн үйде демалып, келесі күні жұмысқа шықтым. Онда ауылдағы «Кормоцехтың» меңгерушісімін. Әлі есімде, 17 желтоқсан. Келсем цехтағы бір агрегат жүрмей, мұз қатып қалыпты. Мұзды қолымен алып тастағым келді. Автоматты сөндіру ойымда жоқ, қолымды салып жібергенде агрегат айналып кетті. Есім шығып, айқайды салып жібердім де қолымды тартып алдым. Содан ауруханаға келдім, ар жағы белгілі…

1985 жылы өнердегі ұстазым Төкен Елтебаев қайтыс болды. Алдында сол кісі Мұқағалидың «Жапырақ жүрек жас қайың» атты өлеңіне жазған бір әуенді тыңдатқан. Соның әуенімен үндес «Ақ қайың» деген күй шықты. Оны қызым Анарға тартқызып көріп ем, тез қағып алды. Күйдің сарыны келеді, оны домбырада тартпағасын, ұмытып қаламын. Сосын магнитофонға ауызша жазып жүрдім. 1986 жылы ауылға әнші Мәдина Ерәлиева келіп, концерт қойды. Сол бір сөзінде «Қазақ жастары қанға боялып қалды ғой» деп күрсінді. Осы сөз маған ерекше әсер етті де, жастарға арнап «Елім-ай» деген күй шығардым. Содан қолыма сым байлап, домбыра тарта бастадым. Осы жылдары «Қаратау», «Боз тайлақ», «Қыпшақ Сейітқұл», «Ару арман», «Жұбату» атты күйлерім туды.

— Алғаш домбырамен сахнаға қашан шықтыңыз?

— 1988 жылы ауылға атақты Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестрімен келіп, концерт қойды. Нұрағаның шығармашылығын бұрыннан жақсы көремін. Енді өзімен кездескім келді. Совхоздағы партия ұйымының хатшысы, белгілі журналист Жалғасбек Сүлейменовке айтып, Нұрғиса ағамен жақын таныстым. Соған арнаған «Нұраға» деген күйім бар еді, соны орындадым. Тыңдап болған соң «тағы тартшы»деді. «Ару арманды» тарттым. Риза болды ма, арқамнан қағып, «Бүгін кешке бізбен сахнаға шығасың» деді. Сөйтіп, Нұрағаңа еріп, алдымен ауылда, одан соң аудан сахнасында өнер көрсеттім. Одан қалдырмай Арқалыққа ертіп апарып, онда күй тартқызды. Мен өмірімде Нұрғиса ағамен үш рет кездестім. Соңғы рет Алматыда кездесіп, үйінде қонақта болдым. Аяғымды ауыртып, ақсаңдап жүр едім, маған бір әдемі таяғын берді де: «Сен өзің қызғаншақ екенсің. Мен саған бір-екі күйіңді бер, оркестрге жаздырайын деп едім, жібермедің ғой»,- деді. Негізі, мен ол кісіге 2–3 күйімді жібергем, қолына тимепті.

— Жолыңызды қуған қызыңыз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, күйші Анар Мұздаханованы жұртшылық жақсы біледі. «Әке – балаға сыншы» дейді, қызыңыздың күйшілігіне көңіліңіз тола ма?

— Анар – егіздің сыңары. Әке алдымен ер балаға жақын ғой, сондықтан Серік деген ұлыма домбыра үйретіп едім, оның өнерге ықыласы бола қоймады. Ал Анар соны көріп жүріп, домбыраны өз бетімен үйреніп алды. Бала күнінен өнерге жақын өсті. Аудандағы музыкалық мектепте оқыды. Сегізінші сыныпты аяқтағасын Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесіне түсті. Анардың шығармашылығына үнемі зер салып отырамын. Оған батырып та айтқан кезім болды. Кейде бабы келмей қала ма, күйді орындауы көңілімнен шықпай қалады. Бірақ мерейтой сексенге толғанда ауданда шығармашылық кешім өтті, сонда 5–6 күй орындады, көңілім толды. Әрине, қызыма қатты ризамын, әкелік алғысым шексіз. Биыл А. Имановтың 150 жылдық тойына орай «Амангелді дүбірі» атты күйімді орындап, бейне клип түсіріп, Республика деңгейінде барлық телеарналар мен әлеуметтік желілерден көргенде төбем көкке жетті. Әке жолын қуған қыз бақытты. Балаларымның қай-қайсына болмасын алғысым шексіз.

— Бар өміріңіз ауылда өтті, егер мен жас күнімде талай талант топ жарған Астанаға барғанда, өнер жолым басқаша қалыптасар ма еді деген өкінішіңіз болды ма?

— Адам баласы жарық дүние есігін ашқаннан кейін Аллатағала пешенеге не жазды, соған риза болу керек деп ойлаймын. Өткенге еш өкінішім жоқ. Егер мен ауылда қалмасам, өнерім өрістемей қалуы да мүмкін. Басымнан түрлі кезеңдер өтті, он шақты рет ажалдан аман қалдым. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Атақ қумадым. Қолымнан келгенше, елге қызмет істедім. Сондықтан тағдырыма шүкіршілік айтамын.

Балаларым аман-есен өсті, енді солардан немере-шөбере сүйіп отырмын. Жақсы қартая білу де өнер. Туған елім алақанына салып қадірлейді. Амангелді ауданының Құрметті азаматымын. Бүгінге дейін 70-ке тарта күй мен 50-ге тарта ән жаздым. Осы күніме Аллаға шүкір деймін.

Карина Жолдыбек, Амангелді жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы