Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Халық өмірінің сапасы жақсарған

Өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрғыда қамсыздандыру – әрдайым жіті бақылауда ұсталатын міндеттер.

Бұл бағыттағы жұмыстар да нәтижесіз емес. Биыл ұзын саны 42,8 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының міндетін атқарушы Аида Құсайынованың мәлімдеуінше, атқарылған жұмыс аз емес.

«Бүгінде бұл жоспар 82,8 пайызға орындалып, жұмыссыздар тізімі 35 493 адамға қысқарған. Бұлардың сексен пайызы тұрақты жұмыс орнына орналасып отыр. Бірақ Алтынсарин, Қарабалық, Әулиекөл аудандары мен Қостанай, Арқалық қалаларында осы бағытта белсенділікті арттыра түсу қажет», – дейді А. Құсайынова.

Мұның сыртында, субсидияланған тұрақты жұмыс орындарымен 4909 адам қамтылған. Бұл арнаулы Ұлттық жоба аясында жүзеге асып жатқанын естеріңізге сала кетейік.

«Ұлттық жобалар аясында 4 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарға алынған. «Жайлы мектеп», «Сапалы білім», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жобаларын іске асыруда белсенділікті арттыра түсу қажет болыр отыр», – деп толықтыра өтті басқарма басшысы.

Тұрғындарды қысқа мерзімді оқытудан өткізу жоспары да ойдағыдай орындалу үстінде. Атап айтқанда, мұнымен 497 адам қамтылған. Олар 14 білім ұйымы базасында еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытудан өтіпті.

«360 адам оқытуды аяқтап, барлығы дерлік жұмысқа орналасты. Қазір 108 адам оқуды жалғастырып жатыр. Сондай-ақ, онлайн форматында Электронды еңбек биржасы арқылы 1491 адам әртүрлі сала бойынша оқытудан өтті», – дейді А. Құсайынова.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары аясында халықтың тұрмысы төмен адамдар санатына жататын азаматтарға бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 203 грант берілген. Олардың 197-сі жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге алынып отыр. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау жобалары шеңберінде 900 млн теңге болатын 180 несие беру көзделген. Аграрлы-несиелік корпорация 200-ге жуық өтінім қабылдапты. Оның 177-сі мақұлдаудан өткен. Үміткерлердің көбі мал шаруашылығы, қызмет көрсету саласында бизнес-идеяларын жүзеге асыруға бел буған.

Соңғы деректер бойынша, жыл басынан бері 3876 жаңа кәсіпкерлік нысан ұзын-ырғасы 9514 адамды жұмыспен қамтыған. Бұл бағытта Б. Майлин, Қамысты, Амангелді, Қарабалық және Әулиекөл аудандарында жұмысты ширата түсу ұсынылып отыр.