Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мұз сарайы спорт мектебіне беріледі

20 октября 2023 10:39 • 376 просмотров

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласының Мұз сарайларының жұмысымен танысты. Жас спортшылардың ата-аналары аймақ басшысына шағымдарын айтты. Оларды спорт алаңындағы мұзды толтыру мәселесі толғандырады. Спорт сарайының басшылығы алаңдайтын ештеңе жоқ, жақын арада мәселе шешімін табады деп сендірді.

Екі жыл бұрын ғана ашылған Мұз сарайы халықтың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүргізілген қызмет көрсету және жарақтандыру жұмыстары кәсіпкердің өзіне алған міндеттемелерін орындамауына байланысты аяқталмай қалды. Салдарынан, ескі Мұз сарайы үлкен жүктемемен жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта мұнда 500-ге жуық тәрбиеленуші спорттың бес түрімен айналысады. Құрғату және кондиционерлеу жүйесінің болмауына байланысты жазды күндері бұл арада жаттығу мүмкін емес.

Бұл спорт кешені 2002 жылы салынған. 2016 жылы жалпы сомасы 372,2 млн теңге бөлініп, ғимаратқа, инженерлік коммуникацияларға және Мұз аренасын салқындату жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда мұнда 5 бөлім бар: шорт-трек (100 спортшы), керлинг (51 спортшы), мәнерлеп сырғанау (90 тәрбиеленуші), шайбалы хоккей (80 спортшы), конькимен жүгіру спорты (112 тәрбиеленуші).

Мұз сарайының шатыры ішкі температураны қалыпты ұстауға қауқарсыз, осыған байланысты жазда аренада қатты конденсация пайда болып, ғимарат іші қатты тұманданып кетеді. Мұндай жағдай оқу процесін жүргізуге кедергісін келтіруде.

«Біз ғимаратты жыл бойы пайдалану үшін оны жөндеуге қаражат бөлуге дайынбыз. Дегенмен, ағымдағы смета негізсіз қымбат, оны қайта қарау және жұмыс құнын төмендету қажет. Сонымен қатар, біз жаңа Мұз сарайының жұмысын жандандыруды қолға алмақпыз. Мемлекет спорт нысанының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бар күшін салады», – деп атап өтті облыс басшысы Құмар Ақсақалов.

2023 жылдың қаңтарында Мұз сарайы Қостанай қаласындағы «H+H TECHNIKA» ЖШҚ филиалына 6 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда, жеке серіктес келісілген міндеттемелерді орындамады.

Бірақ белгіленген мерзімде Мұз сарайының құрал-жабдығы жеткізілмеген, халыққа тиісті түрде қызмет көрсетілмеген. Коммуналдық төлемдер де уақытылы төленбепті, сондай-ақ кәсіби кадр персоналы болмаған. Бүгінде әкімдік пен серіктес арасында медиативтік келісім жасалды, оған сәйкес жекеше әріптеспен шарт 16 қазаннан бастап бұзылды. Келісімге сәйкес, аталған жеке компания 25 қазанға дейін Мұз сарайының жұмыс істеуін жолға қояды және барлық жабдықтардың іске қосылуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар коммуналдық қызметтердің барлық қарыздары өтеледі және жалпы барлық міндеттемелер орындалады. Рәсімдер аяқталғаннан кейін Мұз сарайы қысқы спорт түрлері мектебінің балансына берілмек. Қысқы спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу сабақтарынан басқа, сарайда конькиді жалға алу бойынша халыққа қызметтер де көрсетілетін болады.