Қостанайда көптен күткен Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық Форумы өтті. Оған қос мемлекеттің шекаралас жатқан облыс басшылары мен ірі бизнес өкілдері қатысты. Сондай-ақ, арнайы форум үшін екі елдің үкімет басшыларының орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук ат басын бұрды.
Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық Форумының пленарлық отырысында екі елдің үкімет басшыларының орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук соңғы жылдары қол жеткізілген ынтымақтастық нәтижелерін жариялады.
Биыл форумға қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне назар аударып, өзара сауда, транзиттік бағыттар және ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыру тақырыптарын қозғады.
Ресей Федерациясы өзінің географиялық орналасуы және біздің елмен ортақ шекарасына байланысты Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. 2023 жылдың 8 айында өзара тауар айналымы 17 млрд долларды құрады. Бұл ретте, Қазақстанның Ресеймен сауда-саттығының үштен бірінен астамы шекаралас аймақтарға тиесілі. Сыртқы экономикалық қызмет көлемі бойынша Алматы мен Астана көш бастап тұр, мұнда сауда айналымы 7,3 млрд теңгені құрайды. Ресеймен белсенді сауда серіктестерінің бестігіне Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары кіреді, олардың Ресеймен тауар айналымы 5,7 млрд долларды құрауда.
ҚР вице-премьері Серік Жұманғарин атап өткендей, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді. Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия және Еуразиялық экономикалық комиссия ынтымақтастық пен шешімдерді әзірлеудің тиімді алаңы болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасында кооперациялық өзара іс-қимылды дамытуға және ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін нығайту үшін көлік-логистикалық тізбек құруға сүйенеді.
«Тауарлардың Одақ елдерінің аумақтары арқылы біртекті қозғалысын қамтамасыз ету үшін навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, тасымалдауды қадағалау жүйесі енгізіліп, транзитті қамтамасыз етудің бас сертификатын пайдалану көзделеді, үшінші елдерден импортталатын тауарларды қадағалау жүйесі іске асырылады, дайындықтың жоғары сатысында ЕАЭО транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімнің жобасы тұр. Осы шаралардың барлығы транзитті жеделдету мәселелерін кешенді шешуге бағытталған», – деді Серік Жұманғарин өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында.
ҚР вице-премьерінің айтуы бойынша, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру бойынша цифрлық жоба іске қосылған. Одақ елдері болашақта Еуропа мен Азия, жаһандық оңтүстік пен солтүстікті байланыстырушы буын болады. Қазақстан ЕАЭО серіктес мемлекеттерімен ынтымақтастықта интеграциялық бірлестіктің логистикалық хабына айналуға дайын.
Келер жылы Еуразиялық одақ аясында өнеркәсіптік кооперация жобаларға қаржылық көмек көрсетудің жаңа тетігін іске асыру басталады.
«Осы мақсаттарға жыл сайын ЕАЭО бюджетінен шамамен 20 млн доллар бөлінеді Бұл жылына 200 млн долларға жуық бірлескен жобаларды қолдауға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық жобаларын іріктеу және оларға қаржылай көмек көрсету қағидаларын үкімет басшылары 2023 жылғы 26 қазанда бекітті», – деді Серік Жұманғарин.
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасарының айтуынша, желтоқсанда Мемлекет басшысына бекіту үшін ЕАЭО аясындағы экономикалық процестерді 2030 және 2045 жылдарға дейін дамыту туралы «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын ұсыну жоспарлануда.
«Декларацияны қабылдау алдағы 5 жылға арналған интеграцияны дамытудың стратегиялық көрінісі болып табылады. Бұл ең алдымен елдерімізді азық-түлік өнімдерімен және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, өнеркәсіптік кооперацияны қарқынды дамыту, транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуға ықпал ету»- деп нақтылады Серік Жұманғарин.
Алдағы уақытта тараптар алға қойылған мақсаттарға жетудің кезең-кезеңімен жоспарын әзірлейтін болады.
Вице-премьер Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды. Ынтымақтастық перспективалары туралы айта келе, Серік Жұманғарин қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы жобаларды дамытуға мүдделі екенін айтып өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның сиыр етінің экспорттық әлеуетін арттыруға айтарлықтай мүмкіндіктері бар.
— Бұл тұрғыда елдеріміздің ветеринариялық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау саласындағы ақпараттық жүйелерді біріктіру жөніндегі өзара іс-қимылды дамыту өте маңызды, – деді.
Пленарлық отырыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, РФ Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Максим Увайдов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаров, Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің төрағасы – «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов және Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесінің төрағасы, «Башқұрт сода компаниясы» АҚ Бас директоры Эдуард Давыдов сөз сөйледі.
Сондай-ақ, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстан мен Ресейдің 19 өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысушыларына алғыс білдірді.
«Бұл алаң дәстүрлі сипатқа ие және өзара ынтымақтастықтың ажырамас бөлігіне айналды. – деп атап өтті облыс басшысы. – «Ауыл шаруашылығы-мықты экономиканың негізі» тақырыбында ұйымдастырылып отырған форум Қазақстан мен Ресей үшін өзекті, өйткені, елдер ауқымды жер мен табиғи ресурстарға ие, біздің алдымызда жаһандық міндеттер тұр».
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі заманғы АӨК халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруды және өзіндік құнын төмендетуді қамтамасыз ететін еңбек өнімділігін арттыруды талап етеді.
Бұған, ең алдымен, адами капиталға инвестиция салу арқылы қол жеткізіледі,
яғни білім беру, денсаулық сақтау және ауыл тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту қажет.
«Бізге ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыра отырып, азық-түлік шығынын азайту үшін инновациялық шешімдер мен күш қолы қажет.
Біз ауылшаруашылық өндірісінде сапалы серпіліс жасай аламыз.
Ол үшін күш – жігерді біріктіре отырып, әрекет етуіміз керек. Сонда ғана халықтың әл-ауқатын әлі де жоғары деңгейге көтеретін боламыз», – деп қорытындылады Құмар Ақсақалов.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды