VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR) аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен үздік шетелдік инвесторларды марапаттау және Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыру бойынша келісімшарттарға қол қою рәсімдері өтті.
Биыл үздік инвесторлар денсаулық сақтау, білім беру, энергетика, ауыл шаруашылығы және т. б. сияқты экономика салаларында 10 номинация бойынша марапатталды.
Оның ішінде, Knauf Group (ұзақмерзімді әріптестік), Wabtec Corporation (инвестициялық белсенділік), Eni S.p.A. (тұрақты даму), Honeywell (инновациялық өндіріс), Coca Cola Içecek Kazakhstan (әлеуметтік жауапкершілік) компаниялары атап өтілді.
Бұдан басқа, салалық марапаттар «Aitas KZ» АҚ өкілдеріне – АӨК әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін, «Ordamed» АҚ – денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін,»Нобел АФФ» АҚ – фармацевтика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін, Alarko Holding – инфрақұрылымдық дамуға қосқан үлесі үшін және «Alageum Electric» АҚ-ға адами капиталдың дамуына қосқан үлесі үшін табысталды.
KGIR-2023 алаңдарында Премьер-Министрдің қатысуымен АӨК, ТМК, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, білім беру, құрылыс қоспалары мен химиялық өнімдер өндірісі сияқты экономика салаларында $1,6 млрд сомасына 26 меморандум мен коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Осылайша, Pfizer компаниясы Қазақстанда Prevenar 20 инновациялық пневмококк инфекциясына қарсы екпе өндірісін жолға қояды. Çalık Holding компаниясы Қостанай облысында бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салады. Alarko Holding бизнес-конгломераты Шымкент әкімдігімен жылыжай салу туралы келісім бекітті. Lasselsberger group құрылыс желімі мен құрғақ қоспалар өндірісі кешенін салады. Roche түпнұсқа биотехнологиялық дәрі-дәрмектерді локализациялауды жоспарлап отыр. Işıklar Packaging крафт-қағазын өндіру зауытын салады. Alstom ҚР-да вагон жөндеу депосы мен электровоздарға қызмет көрсету бойынша бас сервистік орталық ашады.
Pfizer, Çalık Holding, Alarko Holding және басқа да шетелдік компаниялар Қазақстанда жалпы құны $1,6 млрд болатын жобалар бойынша жаңа келісімшарттарға қол қойды.