Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Рудный қаласына жұмыс сапарымен барып, халықпен кездесті. Бұған қоса, кеншілердің қоныс тойына қатысып, жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Облыс орталығымен іргелес жатқан Рудный қаласында бос ғимараттар жетерлік. Олардың іші бос болғанымен, іргетасы берік, керегесі керік. Қайта қалпына келтірсе, тәп-тәуір тұрғын үй болатыны бұған дейін де айтылып жүрді. Қаңырап тұрған ғимарат қаланың құтын қашырады. Шаһардың көркімен қоса, қауіпсіздік мәселесі де пайда болды.
Бұл мәселе былтыр қолға алынып, өңір басшысы Құмар Ақсақалов аталмыш үйлерді қалпына келтіріп, тұрғындар игілігіне беруді тапсырған болатын. Бүгіндері бұл жұмыс қарқынды жүруде. Бірінші үй түгел жөндеуден өтіп, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді.
Ауа райының күрт салқындауына байланысты, бұл салтанатты іс-шара қалалық Жастар орталығының ғимаратында өтті.
— Рудныйда көппәтерлі тұрғын үйге бір ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қала әкімдігі 40 пәтерді кезектілік тәртібімен бөлді: көпбалалы отбасыларға, жетімдерге, халықтың әлеуметтік осал топтарына және т. б. Қазіргі уақытта екі ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы жеке немесе бюджеттік инвестициялардың көмегімен тағы 4 үйді қайта жаңарту жоспарлануда, бұл Рудный қаласындағы тұрғын үй кезегін азайтуға мүмкіндік береді, – деді өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бұл ғимарат 1962 жылы салынған. Үйді қайта құрудың басталуы 2023 жыл. Пәтерлердің жалпы ауданы 2148.72 м2. 1 бөлмелі пәтер саны-32, 3 бөлмелі пәтер – 14. Бас-аяғы 46 отбасы баспаналы болды.
— Мемлекет басшысы атап өткендей: «біз алдымызға нақты индустрияландыру және елдің жаңа өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру жөнінде нақты міндет қойып отырмыз».
Рудный қаласының кейбір қала құраушы кәсіпорындары өнеркәсіптік объектіні дамыту, өндірісті жаңғырту және реконструкциялау, өнімді өткізу нарықтарын кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Осылайша, олар қаланың экономикалық әл-ауқатына үлкен үлес қосады. Кәсіпорынның осы бастамаларын кеңінен насихаттау және осы бағытта жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет сонымен қатар қалада инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмысты жалғастырады. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуі керек, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.