Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 115 жаңа қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. 70 жаңа Chevrolet Сobalt, 34 Kia Cerato және 11 JAC Sunray көліктері халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін патрульдік полиция мен жергілікті инспекторларға арналған.
Полиция автокөліктерін сатып алу «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ лизингтік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Заң және тәртіп» қағидаты қазақстандық қоғамның жолсерігі болуға тиіс. Бүгінгі күні көшедегі әдепсіздіктен бастап төбелеске, ұрлық пен кісі өлтіруге дейінгі құқық бұзушылықтың барлық түрлеріне ымырасыз көзқарас қажет.
Жалпы өңірдегі тұрақты жағдай жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен, сондай-ақ қабылданып жатқан шаралардың арқасында қол жеткізілді.
— Биыл облыстық бюджеттен Департаменттің материалдық-техникалық жабдықталуын қаржыландыруға 875,5 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа автопарк жаңартылып, ұйымдастыру техникасы мен жаңа үлгідегі нысанды киім сатып алынды. «Цифрлық полицей» жобасы аясында облыстың патрульдік полицейлері смарт-телефон негізінде жаңа бейнетіркегіштермен жабдықталған, – деді Қостанай облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Файзуллин.
Жаңа автокөлік облыс орталығында да, қала сыртындағы трассаларда да патрульдеуді жүзеге асыру үшін барлық құрылғылармен жабдықталған.
Орта есеппен, күн сайын өңір бойынша қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғауға 122 автокөлік патрульдері мен полицияның кешенді күштерінің 172 жаяу нарядтары қатысады.
— Осы көліктердің арқасында біз нарядтардың санын арттыра аламыз, – деп атап өтті ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мақсұт Ералиев.
— Барлық заманауи талаптарға жауап беретін автокөлікпен қамтамасыз ету бізге қылмыстар мен оқиғалар туралы келіп түскен хабарларға дереу ден қоюға мүмкіндік береді, – деп өз пікірімен бөлісті патрульдік полиция ротасы қызметінің аға инспекторы Нұрлан Байтасов.
Бүгін Ішкі істер министрлігі мен облыс әкімдігі қызметкерлердің жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайларды жасауда. Өз кезегінде Қостанай облысы Полиция департаментінің тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді орындауға дайын.