Өңір руханиятындағы жағымды жаңалық – облыс орталығындағы беделді білім ордасының атауы «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті» болып өзгертілгені! Ұлт ұстазының тегіндегі «ов» жұрнағы алынып тасталды. Бұның тарихи тұрғыдан әділетті, ақжолтай шешім болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Олай деуіміздің терең мән-мағынасы бар…
Әрекет берекетті болды
Алаш ардақтысының есімін алған университеттің атауын қайта өзгерту әп-сәтте іске аса салған шаруа емес. Қоғамға қозғау салып, мүдделес тұлғалармен, зиялы қауым өкілдерімен, оқу ордасының ұжымымен кеңесіп, құзырлы орындарға ұсыныс жолдап, бастаманың аяқсыз қалмауына күш салу қажет болды. Бірнеше жиын-басқосу өтіп, басқа да көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Соның бір жарқын мысалы, өз басым сол кездегі университеттің төрт институтының студенттерімен, оқытушыларымен кездесіп, екі тілде түсірдіру, насихаттау жұмыстарын жүргізіп, «неге «ов» күйінде қалмайды?», «неліктен Ахмет Байтұрсынұлы болып өзгеруі керек?», «қанша қаражат жұмсалмақ?» деген тәріздес көптеген сұрақтарына жауап бердім. Қайта атау туралы бұйрық шыққаннан соң да университет басшылығымен тізе қоса отырып, мақсатымыз нысанасына жетуі үшін мейлінше қам-қарекет жасадық.
Жалпы, сөздің шыны керек, бұл мәселемен бел шеше айналысқаныма біраз уақыт өтті. Кезінде университеттің үш ректорына, Білім және ғылым министрлігінің екі бірдей министріне осы бір түйткілді жеткізген едім. Күләш Шәмшиддинова 2019 жылы университетімізге келіп, ұжыммен кездескенде мәселені ауызша айтып, 2021 жылы Ы. Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен халықаралық конференцияға арнайы қатысқан Асхат Аймағамбетовке жазбаша ұсынысымды тапсырдым. Ахаңның 150 жылдығына орай 28 ақпанда университетте өткен үлкен жиынға сол кездегі облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, кешегі ҚЖО төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқа да елордалық зиялылар келіп қатысты. Сол отырыста да осы мәселені сөз еттім. Олар ұсынысымды дұрыс деп тауып, бір ауыздан қолдады. Бұдан соң университетке жаңадан тағайындалған ректор Сейітбек Қуанышбаев осы ұсынысымызды бірден қуаттап, алғашқы кеңейтілген ғылыми отырыстың күн тәртібіне енгізді. Сол келелі жиында баяндаманы екі тілде көпшілікке жеткізуді маған тапсырған еді… Мінекей, ақыр аяғында әрекет түбі берекетке айналып, игі бастаманың жемісті аяқталғанын көріп отырмыз.
Ақиқаттың айғағы тарихта
Әлбетте, арамызда бұл мәселені маңызсыз деп танып, транскриптің бұлайша өзгеруінің заңды екеніне күмән келтірген әріптестер де табылды. Көбі «Ұлттың рухани көшбасшысы кезінде аты-жөнін «Ахмет Байтұрсынов» деп жазған» дегенді алға тартты. Бастамамыздың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізе түсу үшін 2021 жылдың 21 жетоқсанында университет атынан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтына сұрау хат жолдаған едік. Қолымызға тиген жауап өзіміз күткендей мәнге ие болып шықты. Осы хаттан айғақтар келтірсек, біріншіден, орыс тілінде жазылған өмірбаянында Ахаңның өзі аты-жөнін «Ахмет Байтұрсынұлы» деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Екіншіден, қазақ тіліндегі құжаттарда және «Тіл құралы», «Әліппе», «Оқу құралы» және басқа еңбектерінде ұлы тұлға «Ахмет» немесе «Ахмет Байтұрсынұлы» деп қол қойған. Үшіншіден, Қазақстан автономиясы халық ағарту комиссариаты бекіткен, 1923 жылы қабылданған, басшысы Ахаң болған Білім кеңесінің 13 тармақтан тұратын қазақ тілінің емле ережесінде «Ахмет Байтұрсынұлы» деген қолтаңба да бар. Төртіншіден, нақ сол тарихи уақыттарда «-ов», «-ев», «-ова», «-ева», «-ина» қосымшалары қазақ фамилиясынан алынып тасталыпты.
Ахмет Байтұрсынұлының өзі: «Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып біртұтас тұрған халық еді. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар атымыз жойылмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы бізді дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе», – деп, 1913 жылы «Қазақ» газетінде жазған еді. Демек, ардақты тұлға осы бір мәселеге әуел бастан немқұрайды қарамаған дей аламыз.
Осының бәрін негізге ала келе, рухани көсеміміздің тегін ұлттық болмысымызға сай өзгерткеніміз – тарихи әділеттіліктің орнағанының бір көрінісі деп қабылдайтын дүние. Енді алдағы уақытта Ахаң атындағы көшенің маңдайшаларындағы «-ов» қосымшасы «ұлы» деп өзгертіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Өзімізден бастайық
«Тегіміз қазаш бір ізге түседі?» деген сауал соңғы отыз жылдай уақыт мазалағаны рас. Өз басым бүгінгі аты-жөнімді осыдан 26 жыл бұрын ретке келтірдім. Мұны айналама, қайманаға үлгі болса екен деген ниетпен айтып отырмын. Жалпы, тарих тереңіне назар салсақ, бұл мәселе осыдан бір ғасыр бұрын көтерілген екен. Мұның Алаш асылдарын да мазалағанын байқаймыз. Нақты мысал келтірейін. 1917 жылы Орынборда өткен тұңғыш жалпы қазақ съезінде Әлихан Бөкейхан қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу туралы сөз қозғайды. Онда: «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов», «-ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен «Абай Құнанбайұлы» деген сияқты жазылсын! Біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» – деген ұсыныс жасайды. Бұл сөз жерде қалмай, съезд соңында «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «ұлы», «қызы» үлгісімен жазатын болсын» деген қаулы да қабылданады.
Ұлттың қазақтығы ең алдымен аты-жөнімізден көрініп тұруы керек емес пе! Қазір әркім өз білгенімен жазып жүр. Аты-жөнді бірізділікпен жазу туралы жарлық бар. ҚР Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге қақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады», – делінеді. Бұдан бөлек, «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың аттарын, әкелерінің аттарын және тектерін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Қазақтардың тектері мен әкелерінің аттарын жазу кезінде қазақ тіліне жат «-ов», «-ев», «-ин», «-ина», «-и», «-на», «-овна», «-ович», «-евич» жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы», «қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады», – делінген. Мемлекеттік заңдардың өзінде осылай анық айтылып-жазылып тұрса, бізге сол талаптарды, нұсқауларды орындауға не кедергі болып отыр? Негізі, Азаматтық хал актілерін тіркеу мекемелерінде қызмет көрсету барысында руханиятымызға қайшылау, танымымызға томпақтау келетін аты-жөндерге қатысты заңнама аясында түсіндіру, кеңес айтуға құзірет берілуі керек. Атасының түпнұсқа атын орысшаға бұрмалап жіберетін, тегіне орысша аффикс жалғауға бейім тұратын азаматтарға жөн сілтеніп, дұрыс бағыт нұсқалса, оның несі жаман? Мұны заңды түрде бекітетін уақыт та жеткен сияқты.
Бүгінде әлемдегі көптеген ұлттың бірізділікке түскен өзіндік тегі бар. Түріктер мен әзербайжан ағайындар тегін «оғлы» жұрнағын қолданып жазады. Грузиндер «-дзе», «-швили», армяндар «-ян-мен» аяқтайды. Ал біз әлі «-ов», «-ев» қосымшаларымен жүрміз. Оны заңнама шеңберінде талап етпей де отырмыз. Бұны бүгін ғана пайда болып отырған өзгеріс деп тану – ұлттық танымымыздың таяздығының бір көрінісі. Кезінде қазақтың Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы сынды ұлы қайраткерлері «ұлы» деп аяқталатын тектері арқылы жадымызға жатталып қалды емес пе! Ендеше, тегімізді түзетуді өзімізден бастап, өскелең ұрпақ үшін өнегелі іс жасауымыз қажет.
Қалқаман ЖАҚЫП, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ
профессоры