Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қызылшаға қарсы вакцинация жүріп жатыр

22 декабря 2023 10:30 • 502 просмотров

Облыс әкімдігінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде облыстағы санитарлық – эпидемиологиялық ахуал мәселелері қаралды.

Бүгінгі таңда облыста жұқпалы және паразиттік аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты: дифтерия, сіреспе, қызамық, паротит іспетті аурулар тіркелмеген. Қазіргі уақытта облыста да, бүкіл республикада да қызылша ауруының күрт өсуі алаңдаушылық туғызуда. Желтоқсанның өткен кезеңінде ауыру жағдайлары қараша айына қарағанда 1,5 есе көп. Әсіресе, Қостанай, Рудный және Қостанай аудандарында көп тіркелген. Облыстың қалған аймақтарында қызылшаның жекелеген жағдайлары ғана анықталды. Негізінен, ауру вакцинацияланбаған қазақстандықтарда тіркеледі. Жұқтырғандардың көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар.

Жалпы еліміз бойынша жыл басынан бері 21,0 мыңнан астам сырқаттану жағдайы тіркелді, Қостанай облысына 1% (0,8%) тиесілі. Облыста сырқаттанушылық деңгейін төмендету мақсатында қызылшаға қарсы қосымша жаппай вакцинация жүргізілуде. Вакцинацияны алты айдан 5 жасқа дейінгі балалар, медицина қызметкерлері алады. Барлығы 44 500 адам қосымша жаппай вакцинациялауға жатады. Бүгінгі таңда вакцинациялауға жататын адамдардың тек 14,7% – ы егілді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов денсаулық сақтау басқармасына қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Білім басқармасы денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, қызылшаға қарсы вакцинациялау қажеттілігі туралы түсіндіру мақсатында қысқа мерзімде балабақшаларда ата-аналармен жиналыстар ұйымдастыруды, сонымен қатар, ата-аналарға ата-аналық чаттар арқылы хабарлауды тапсырды.

Медициналық ұйымдар күнделікті негізде халықты әлеуметтік желілер арқылы және медициналық ұйымдар ішінде қызылша ауруының ықтимал асқынулары туралы хабардар етуі тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қоғамдық тамақтану, сауда, коммуналдық шаруашылық және т. б. ұйымдарда санитарлық ережелер мен нормалардың сақталуын бақылауды күшейтетін болады.

Аталған іс-шаралар Қостанай облысы халқының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп атап өтті облыс басшысы.