Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шаруалар депутатпен кездесті

19 января 2024 13:00 • 1 507 просмотров

Қостанайлық кәсіпкерлер ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының өкілі Аян Зейнуллинмен кездесті. Өнімді өткізу, форвардтық сатып алу, тұқым мәселелері жөнінде түйткілді мәселелер Қостанай облысының Қазақстан фермерлер Қауымдастығы мүшелерімен өткен ZOOM-конференция барысында жан-жақты талқыланды.

Аймақ шаруалары проблемаларымен бөлісті. «Азимут» ЖШС директоры, «Ауыл» ХДПП Саяси Кеңесінің мүшесі Валентин Хаданович ауыл шаруашылығы ғылымы аз қаржыландырылатынын айтты. Қостанай облысының Қазақстан фермерлер Қауымдастығы төрағасы Марат Ахметов майлы дақылдарды өткізу нарығы жоқтығы мен бидайды өткізу қиындығы, ақбөкендердің көші-қон мәселесіне назар аударды.

Өз кезегінде Аян Зейнуллин айтылған мәселелер бойынша ҚР Үкіметіне депутаттық сауал дайындалатынын және ол алдын-ала «Ауыл» партиясы фракциясының жұмыс комиссиясының қарауына ұсынылатынын айтты.

«Негізі салада қордаланған мәселе аз емес. Айталық, тұрақты негізде субсидиялау, АӨК саласын реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу, күнбағыс тұқымына экспорттық баждың күшін жою, ақбөкендердің көші-қоны және т. б. мәселелер күн тәртібінен түспей тұр», – дейді Марат Ахметов.

Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин аталған мәселенің барлығы ҚР Үкіметінің назарында болатынын айтып, АӨК саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Ең алдымен, мен киіктердің егінге келтірген зияны туралы айтайын. Он төрт елдің қатысуымен өткен практикалық конференцияда ғылыми қоғамдастық бұл мәселені шешудің түрлі жолын ұсынды. Олар егін егуден зардап шеккен өңірлерге барып, ақбөкеннің популяциясына қауіп төндірмейтініне және оның саны қажетті нормадан асып түсетініне көз жеткізді. Ғалымдар киік санын ату арқылы реттеуге болады және жергілікті қоғамдастық мұны жасай алады деген сенімде отыр», – дейді Мәжіліс депутаты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Табиғи сипаттағы ТЖ салдарынан келтірілген залалды өтеу қағидаларының жобасы әзірленді. Енді оны шұғыл қабылдау қажет. Ақбөкендер популяциясын реттеу нормалары да әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, депутат елде аграрлық банк құру белсенді түрде пысықталып жатқанын және екінші оқылымда фермерлер үшін маңызды «жайылым туралы»заң жобасы егжей-тегжейлі талқыланып жатқанын хабарлады. Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин облыс аудандарынан келіп түскен сұрақтарға да жауап берді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев палата жанындағы осындай салалық кәсіпкерлер кеңестері өз тиімділігін дәлелдегенін айтады. Онда бизнес өкілдері Парламент депутаттарымен, Үкімет мүшелерімен және мемлекеттік органдардың басшыларымен бір стол басында өз проблемаларын тікелей талқылайды.