Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Рамазан айы – ризыққа толы ай

7 марта 2024 22:40 • 397 просмотров

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. ҚМДБ Төрағасы мұсылман үмметі үшін ұлық саналған Рамазан айы жайлы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т. б. елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні бекітілді.

Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

«Біз Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – ораза айт мерекесі» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді. Бұл туралы ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады» деп атап өтті Сансызбай Құрбанұлы.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады [6]. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.

Осыған орай 2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы [7]. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.

Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/ramadan сілтемесі бойынша жүктеп алуға болады.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. Ораза ұстаған адам Құдайға жақын болады. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қасиеттерге бой ұсынады.

— Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады».

Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бір-бірлерін құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: «Мұхаммед үмбетіне айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» – деп, жарапазан айтатын. Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады. Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады. Қасиетті Рамазан айын лайықты түрде өткізуіміз үшін Рамазан айының мынадай рухани қадір-қасиеті мен оның мән-маңызын білуіміз қажет. Рамазан айында риясыз ораза ұстау керек. Рамазан айының негізгі ерекшелігі, бұл айда денсаулығы жарамды, балиғатқа толған, ақыл есі сау, сапарда болмаған әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз етілді. Оразаның негізгі рухы да осы ораза ұстауда. асиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы пенденің тақуалығы арта түседі. Ораза ұстау кезіндегі ниеттің, атқарылатын ізгі амалдардың, көркем мінездің барлығының да мақсаты тақуалыққа қол жеткізу болып табылады. Бұлайша тақуалыққа қол жеткізген адам, Рамазан айының берекетін сезініп, Жаратушының кешіріміне ие болып, мол сауаптарға кенеледі. Міне қасиетті де берекелі Рамазан айы есігімізді қаққалы тұр. Жоғарыда айтқанымыздай Рамазан сауабы мол ай. Бұл айдың әрбір уақытын, әр сәтін бос жіберіп алмауға тырысып, оны түрлі құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуге тырысқанымыз жөн. Сонда ғана қасиетті ай біздер үшін бір айлық рухани мектепке айналады. Рамазан айы – біздерге жылына бір мәрте келіп-кететін қонақ іспеттес. Егер де біз оған лайықты құрмет көрсете алсақ, өзімен бірге қаншама ырыс-берекет қалдырып, қиямет күні өзіміз де құрметтілер қатарында болуымызға себепші болады. Ендеше, Алла Тағала біздердің оразаларымызды қабыл етсін! Қасиетті айдағы әрбір игі істерімізге сауабын еселеп берілуін нәсіп етіп, елімізге берекетін дарытсын. Жаратушы Иеміз халқымызды жамандықтан сақтап, оразадан оразаға, айдан айға, жылдан жылға есендікпен жеткізе бергей, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші рамазан айының 26-нан 27 қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.

Тарауих намазы ер мен әйелге бірдей сүннет мүәккада саналады. Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с. а.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын шын ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.

Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкаттан тұрады, екі рәкаттан он рет ниет жасап оқиды. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ, үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады.