Мал бағу – атакәсіп. Осы орайда облыс аумағындағы елді мекендерде жыл өткен сайын атакәсіпті арқау етіп, ризық-несібесін төрт түліктен көрген кәсіпкерлер саны артуда. Әрине қазақтың жанына жақын мал шаруашылығы қай кезде де кенже қалған емес.
Ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту – бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттың бірі. Шындығында, бұл саланың жанданып, мал басының өсуіне осы шаруамен түбегейлі айналысатын, нағыз малшы-жұмысшы мамандардың көп болуының да әсері зор. Ал қазіргі таңда атакәсіпке мойын бұрған жастарымыз аз. Тіпті, ауыл тірлігінен ат-тонын ала қашатындарды көргенде, амал жоқ, ауыл шаруашылығының келешегіне алаңдайсың. Себебі, мұның бәрі айналып келгенде, мал шаруашылығы саласының өрісін кері тартып, бірқатар мәселе туындатып отыр.
Қостанай облысында Меңдіқара ауданы Теңіз ауылының тұрғыны кеңседегі қызметін ата кәсіпке айырбастаған. Оның есімі – Ербол Қарымсақов. Бұрын облыстық мәдениет басқармасында бас маман болып жұмыс істеген ол, қазір туған ауылында мал өсірумен айналысады.
Ербол Қарымсақов жеті жыл бұрын қаладағы қызметін тастап туған ауылына көшіп келген. Мұндай шешім қабылдауына оның кеңседе қағаз кеміріп, айлыққа қарап отырғаннан гөрі, несібесін маңдай терлетіп табуға деген құлшынысы себеп болыпты. Мал бағу бейнет емес – береке деп есептейтін азаматтың тұрмыс-тірлігі бүгіндері көптің көңілінен шығады.
Ата кәсібіміз мал шаруашылығы ұлттық экономиканың маңызды салаларының бірі. Өркениетті заманға бет бұрдық деп ғасырлар бойы тіршілігінің тірегіне айналған мал өсіру кәсібінен жирену дұрыс емес деп ойлаймыз. Ер-азаматтар ауыр жұмыстан қашпай, ауылда болса мал бағып, қалада болса кәсіпорындарда жұмыс істегендері жөн. Әсіресе, қаймана қазақ үшін ауылды қалпына келтірмей, ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес.
Ербол Қарымсақов еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған. Үш жыл облыстық мәдениет басқармасында бас маманы міндетін атқарды. 2015-ші жылы отбасымен Меңдіқара ауданындағы туған ауылы Теңізге көшіп келді. Інісімен бірлесіп шаруа қожалығын құрды. Содан бері жыл он екі ай шаруашылықтың басында. Жұмыс талғамайды, барлық іске білек сыбанып кіріседі.
— Өзім еңбектеніп табыс табатын жұмысты жақсы көремін. Қара жұмыс та бар, техника жүргіземін, оны да үйрендік амалсыз. Шөп тасимын, шабамын. Мал да бағамын. Жұмыс істеймін, ауылға көшемін дегендер болса бізге жолығуға болады. Жұмыс бар. Үй мәселесін шешеміз. Тек жұмыс істеу керек, болды, – дейді кейіпкеріміз Ербол.
Шаруашылықта 50 сиыр, 300-дей қой бар. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламаға қатысып, мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Малға азық үшін аздап сұлы мен арпа егеді. Қожалықта қазір өзінен басқа сауыншы мен бақташы ғана бар. Жұмыс күші тапшы.
Ерболдың жұбайы Ванга ауыл мектебінде мұғалім. Шаруашылыққа да қолқабысын тигізеді. Жас отбасы үйелмелі – сүйелмелі үш бала өсіріп отыр. Үй шаруасын үйіріп әкететін пысық келіншек отағасы қаладан ауылға көшеміз дегенде бірден қолдапты.
— Ауылдан қашпау керек деп ойлаймын. Ауылды көркейту керек. Жері құнарлы. Әр ауыл өзінше киелі. Балаларымыз табиғи таза өнім жеп, жалаңаяғымен таза топырақты басып шынығып өсу үшін де ауылда тұру керек деп ойлаймын, – дейді Ванга Қарымсақова.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.
Ауылдық жерде екі қолға бір күрек таба алмай қалада көтерме жұмыс жасап жүрген азаматтар жетерлік. Бірақ олар шаруашылықтарға барып қой бағудан қашады. Себебі, күні бойы малдың соңынан еріп жүру оңай емес, екіншіден көпшілігі еңбекақыларын толық әрі уақытылы ала алмайды. Әрине, малды бағу, ала жаздай оның жем-шөбін дайындау оңай шаруа емес.
Теңіз ауылында бүгінде 150-ге тарта үй бар, 800-ге жуық адам тұрады. Егін салып мал өсірумен айналысатын 20-дан аса ірілі ұсақты шаруашылық жұмыс істеп тұр. Соның бірі Ерболдың қожалығы. Қаланың жайлы тұрмысына қызықпай, ауылдың берекелі тірлігін таңдаған жас шаңырақ келешекке сеніммен қарайды.
— Бала кезден еңбекке үйренгенмін. Сондықтан мен қара жұмыстан қорықпаймын. Кезінде жұмысшы да болып көргенмін. Ауыл шаруашылығы техникасын да басқара аламын. Мал бағуды, жем-шөп өсіруді, жинауды білемін. Біздің ауылға келіп тұрамын деп ниеттенгендерге есігіміз ашық. Оларға жұмыс та жетерлік. Бізге жақсы мамандар керек. Тіпті тұрғын үй мәселесін де шешуге дайынбыз, – дейді Теңіз ауылының тұрғыны Ербол Қарымсақов.
Бұған дейін жем-шөп дайындауға, мал басын асылдандыруға және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарына беріліп келе жатқан субсидияның қысқартылуы да шаруагерлер үшін тиімсіз болды. Бұл қаражатпен олар мал бағушылармен есептесіп, басқа да қажеттеріне жарататын. Әйтпесе, өсірген малдарын сату, оның өнімдерін өткізу де қиындық тудырып, уақытында қолдарында қаржы болмағандықтан мал бағушылардың жалақыларын кешіктіреді. Сондықтан, мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік тұрғыда көзқарас қажет.
Осылайша еселі еңбектің еленгені қоғамда еңбек құндылығының маңызын арттыра түседі. «Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, адамдықтың бір анықтамасы – еңбек. Ендеше, қоғамның да қоғам болуы еңбекпен тікелей байланысты. Мемлекет осыған әуелден баса мән беріп, жұмыссыздықты жоюға, жұртты еңбекке тартуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Биыл еліміздегі барлық мемлекеттік бағдарламаның әлеуеті ескеріліп, 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Өткен айдағы дерек бойынша 743 мың адам осындай шараларға тартылып, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасына 379 мың адам қатысуға ниет білдірді. Оларға шағын кәсіпкерлікпен айналысуға 5 800 жеңілдетілген несие және 17 200 қайтарымсыз тегін грант берілді.
Бұл ретте Президент өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану мен ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп, бәсекеге қабілеттігімізді көрсететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек екенін атап өтті. Расында, жоғарыда аталған салалар бізге таңсық емес, бұл кәсіптерді халқымыз баяғыдан игерген: тері илеп, темірден түйін түйген, егін егіп, жер емген, мал бағып, ет-сүтін азық еткен. Яғни өзіміздің ата кәсібімізді жаңғыртып, дамыту ұлттық экономикамызды өрістетудің айқын бағыты бола алады.