Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Балаларға қамқорлық

14 марта 2024 1:08 • 835 просмотров

Рудный қаласындағы Б. Майлин атындағы жаңартылған мектеп-гимназияның ресми тұсаукесері өтті. «Қазақстан халқына» қоры білім ошағының материалдық-техникалық базасын толығымен жаңартуға 250 миллион теңге бөлді. Бұл туралы Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қомақты қаражатқа 41 кабинет бастан-аяқ жабдықталып, жаңа арнаулы бөлмелер ашылып отыр.

Заманауи зертханалар, жаңартылған кабинеттер, интерактивті кітапхана және шығармашылық студиялары Би-аға атындағы мектепті озық үлгідегі оқу ошағына айналдырмақ. Мұндай тамаша мүмкіндікті Білім саласын тұрақты дамыту қоры, «Қазақстан халқына» қоры және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының аясында сыйға тартты.

Аталмыш мектеп «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы аясында 2010 жылы ашылған еді. 2016 жылы «гимназия» мәртебесін иеленді. 2019 жылы, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай көрнекті тұлғаның есімі берілді. Қазіргі таңда мұнда 1158 оқушы білім алып жатыр. 77 педагог қызмет етеді. Кеншілер қаласындағы мемлекеттік тілде оқытатын тірек мектеп саналатын білім ордасы енді толық жарақтандырылып, жан танымастай өзгеріп отыр.

Бұл іс-шараға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева арнайы келді. Салтанатты іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, Рудный қаласының басшысы Виктор Ионенко, облыстық Білім басқармасының басшылығы және зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар әуелі барлық кабинет пен аудиторияны аралап шықты. Барлық сыныптағы жиһаздар жаңартылып, эргономикалық орындықтар мен үстелдер орнатылып, мұғалімдер мен оқушыларға барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Абай, Бейімбет кабинеттеріндегі интерактивті панельдер, зертханалық жабдықтар заман талабына сай. STEM зертханасы және робот құрастыру бөлмелеріне 3D принтерлер әкелінген.

«Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында ірі жобаларды жемісті жүзеге асырып келеді. Білім сапасын жетілдіруге, балаларды дамытуға бағытталған бастамалардан өзіміздің өңір де тыс қалмағанын көріп отырмыз. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз облысымыздағы осы саланы дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Іс-шара соңында ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікбай Оспанұлы сөз алып, игі бастамаға разылығын айтып, өлеңмен батасын берді.