Москалев ауылы – ауылшаруашылық саласы дамыған өңірлердің бірі. Бітік егін өсіріп қана қоймай, мал басын көбейтуге де ден қойған аймақ. Біз орайы келгенде «Москалевское» ЖШС-нің қызметкері Базарбай Жанбуршиновпен сұқбаттасқан едік.
— Базарбай Зейноллаұлы, әңгімеміздің әлқиссасын еңбек жолыңыздан бастайық. Мал шаруашылығы кәсібімен қай жылдан бастап айналыса бастадыңыз? Бұл салаға деген қызығушылық қайдан арта бастады?
— Ең алдымен, 1979 жылы мал шаруашылығына малшы ретінде қабылданған едім. Кейін зоотехник, зоотехник селекционер, бас зоотехник ретінде жұмыс атқардым. Барлығы 40 жылдай уақытты қамтыды. Бала кезімнен мал атаулысына жақын болдым, түр-түсінен айыра отырып, мал басын жайлауға жіберіп отырғам. Оның үстіне әкем Зейнулла Жанбуршинов мал кәсібінің білгір маманы болып қызмет атқарды. Осының барлығы дерлік мал шаруышылығына қызығушылықты арттырып, осы қызметке алып келді.
— Жоғары танымалдылыққа ие, өңірде қандай мал түрі өсірілуде?
— Қазіргі уақытта аймақтардың түпкір-түпкіріне танымал Әулиекөл асыл тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Алғашында ауылымызда шығарылып, танымал болған. Кейін даңқы өрістей берді.
— Қай кезеңдері мал шаруашылығы саны артып, ұлғая түсті? Саланың дамуына не ықпал тигізді?
— Совет үкіметінің 80-ші жылдары, мал басының саны арта түсті деп есептеймін. Оған себеп, менің ойымша экономиканың тұрақтылығы. Ал тәуелсіздік алған жылды қарастырсақ, ол кезеңде мал саны күрт кеми бастады. Қазіргі уақытты 90-шы жылмен салыстыра отырып, қазір мал саны әлдеқайда өскенімен, бұрынғы қалыпқа, санына әлі де болса жеткен жоқ деген тұжырымға келуге болады.
— Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жолында қандай жұмыстар атқарылды?
— Біріншіден, аймаққа келген ғалымдар үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, мол үлес қоса білді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан да субсидия ретінде қолдау көрсетіліп отырды».
— Сіздің ойыңызша, елімізде мал шаруашылығы саласын дамыту жолдары тиімді жүргізіліп жатыр ма?
— Менің ойымша, мал кәсібін жақсарту, молайту мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ туындайтын сұрақтардың тапшылығы да көзге ілінеді. Мәселен, ветеринария жағы толық қамтылмай отыр, сонымен қатар білгір маман, кадр тапшылығы мәселесі де бар. Сондай-ақ, субсидия ережесінің жиі ауысуы секілді күрделі мәселелер менің ойымша елімізде белен алуда».
— Қазіргі уақыттағы мал кәсібінің жағдайы жайында қандай пікір айта аласыз?
— Қазіргі уақытта ірі кәсіпкерлер мен мал шаруашылығы қызметтегі мамандар өз үлестерін қосып, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып жұмыс атқаруда. Осының арқасына мал кәсібінен мол пайда көріп отыр. Ал ұсақ қожалықтардың көбісі артта қалуда.
Сұқбатыңызға рақмет! Елге еткен еңбектеріңіз еселене берсін.