Қостанай облысының оңтүстік өңірлеріндегі су тасқыны кезінде алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған ол — облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы және Қостанай облыстық «Бірлік» әзірбайжан қауымдастығының төрағасы Гаджибалаев Рафаил Сададдин оглы бастап қарғын судан зардап шеккен Аманкелді ауданына қажет болған 1000 дана қапшық, 500 дана қолғап және күректерді алғашқы көмек ретінде жіберді.
Кейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы өзге этномәдени бірлестіктер бұл бастаманы қолдап, жан-жақтан қаржылай және өзге де гуманитарлық көмек жолдауды тоқтатқан жоқ.
29 наурыздан бастап облыстық Достық үйінің базасында гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылып, қарғын судан зардап шеккен аудандарға күн сайын жүк көліктерін жөнелтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 9 тоннадан астам азық-түлік пен қажетті құралдар жіберілген.
Еріген қар суынан Тобыл өзені де арнасынан асып Қостанай қаласының іргесіндегі ауылдарға қауіп төндірген шақта облыстық «Ассамблея жастары», этномәдени бірлестіктердің белсенділері бастаған 30-ға жуық волонтерлар көмекке келді. Қостанай қаласындағы өзге де қызмет өкілдерімен тізе қосып, Тобыл жағалауына бөгет салып, тас жолға құм салынған қапшықтарды қаластыруға барынша атсалысып жатыр. Осылайша, материалдық көмек көрсетумен қатар, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өзге де мүшелері қолдарына күрек алып, қарқыны қатты қарғын суымен күресуде аянып қалған жоқ.
Осындай қиын-қыстау уақытта кез-келген көмек, қолдау өте маңызды. Осы орайда елімізде бастау алған «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Жамбыл облысы Қордай ауданынан 25 тонна гуманитарлық көмек келіп жетті. Қордай халқының аманатын арқалаған бұл қажетті жүктің барлығы, атап айтқанда, киім-кешек, гигиеналық құралдар, тұрмыстық заттар мен 3,7 тонна ұн, 2,7 тонна қант, 2,2 тонна макарон, 1,5 тонна күріш, 4,7 тонна көкөніс өнімдері Арқалық қаласының тұрғындарына жеткізілді. Өз кезегінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Жамбыл облысының тұрғындарына Қостанай жұртшылығы атынан алғысын білдірді.
Су тасқынынан зардап шегіп, үй-күйсіз қалған тұрғындарға көмек көрсетіп жатқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қатарына жергілікті блогерлер мен қоғам белсенділері де қосылды. Олар Достық үйінде ашылған көмек жинау пунктін қажетті заттармен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік желілер арқылы халықты сабырға шақырып, ақпараттық қолдау көрсетуде.
Тасқын судың беті қайтса да, арқаны кеңге салатын уақыт әзір емес. Зардап шеккен елді-мекендерді қайта қалпына келтіру, тұрғындарға әлеуметтік, материалдық көмек көрсету сияқты мың сан жұмыс алда күтіп тұр. Бірлік пен өзара келісімнің сыналар шағында күш біріктіріп, ұйымдаса қызмет атқару барршамыздың міндетіміз екені анық.
Айгерім Амантай