Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Торғай түлеткен тұлғалар

11 апреля 2024 6:51 • 422 просмотров

Ұлан-ғайыр қазақ даласының кез келген өлкесі киелі, қастерлі, қадірлі. Кең жазирамыздың әр жерінің тарихына терең бойлап, өткеніне үңілсеңіз, небір тың деректермен танысып, тау тұлғаларымыздың күреске толы өмір жолынан қанық боласыз.

Соның ішінде топырағы бөлек, рухты өлке Торғай даласы туралы толғанбау мүмкін емес. Қойнауына талай құпияны бүгіп жатқан қарт Торғайдың тау-тасын түртіп қалсаң қалай сайрап берер екен, шіркін! Осындай қастерлі жердің тумасы, жерлесіміз, ақын Ғафу Қайырбеков:

«…Торғайдың өзінен өзі туралы аңызы өсіп кеткен өлке, даңқы озып кеткен дала» деп бекер айтпаған. Шындығында, Торғайдан шыққан тарихи тұлғаларды тізе бастасаң, санынан жаңыласың. Даңқты тарихын зерделесең, таңдай қағасың. Осы өлкеден шыққан дарабоздар мен таланттардың ұлт пен тарих алдында атқарған еңбектеріне лайықты баға беру, құрмет көрсету, кейінгі ұрпаққа насихаттау – біздің перзенттік парызымыз әрі азаматтық адалдығымыздың айғағы болмақ.

Торғайдың төл перзенттерінің көш басында жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқан елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы тұр. ХVIII ғасырда қазақ ұлысын бір тудың астына жинаған Абылай ханның серiгi, жоңғарларға қарсы соғыста қол бастаған батыры, қазақтан шыққан тұңғыш тархан Шақшақ Жәнiбек Қошқарұлының туғанына биыл 330 жыл толып отыр. Баһадүр бабамыз жайлы қаншама еңбек жазылған. Болмысы бекзат бабамыз туралы отандық тарихшылар мен әдебиетшілер небір құнды деректер қалдырып кетті. Белгілі қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев 1993 жылы Торғайда өткен Шақшақ Жәнібектің 300 жылдық тойында былай деген екен.

«…Екі жолбарысты соңына еріткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты боп, айбынын асырған батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, кісінің тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен би Жәнібектің біз үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығы мен сол билігін елдарлыққа жұмсағандығы. Меніңше, жаңағы айтқан сыртқы архивтердің құжаттарында да Жәнібек атының жиі кездесетіндігі де осы елдарлықтан шығар. Әңгіме болып жатқан кезеңде қазір де ұлықталып отырған билердің де, батырлардың да көбі тірі жүр еді. Алайда генерал-губернатор Неплюев 1 742 жылы патша ағзамға Жәнібекті: «бұл екі ордаға да бірдей қадірлі, екі ордада да хандардан да беделі артық, екі ордада хандармен бірдей тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ете алатын бірден-бір адам», – деп бағалап, сондықтан да «басқа адамдармен шатастырмас үшін оған тархан атағын дара, ешкіммен араластырмай жеке беру керек» деген ұсыныс жасауы да тегін болмаса керек».

Жәнібектің қазақ үшін қадірлі болатындығы тек батыр болғандығы үшін ғана емес. Жәнібекті ұлан-асыр тарихтың төріне шығарып тұрған нәрсе – оның саясатшылығы. Ол Қазақтың бүкіл бір ұлысының тұтастығын қамтамасыз еткен саяси басшы. Ол еліміздің егемендігі жолындағы көпғасырлық күресінің мақтанышы. Мемлекеттік жоғары дәрежедегі қайраткер. Тұңғыш рет тархан дәрежесіне ие болған қазақ батыры. Жас ұрпақты баһадүр бабамыздың аруағы қолдап, желеп-жебеп жүргей!

Батырлардың ерлігі мен қайсарлығын өлең жолдарымен жырлаған торғайдың топжарғаны Нұрхан Ахметбековтың 120 жылдық мерейтойы да биылғы жылға тұспа-тұс келіп отыр. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында жалынды жырларымен халықтың жігерін жандырып, жеңіске деген үмітін оятқан ардақты ақын. Нұрхан ақын халқымыздың батырларын сүйсіне жырлаған. Мысалы Жәнібек батырдың ерлігін өлең жолдарымен жеткізген.

«Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен,
Шақшақтың немересі асыл тектен.
Қалмақты қонысынан қойдай қуып,
Халқы үшін қан майданда қанын төккен».

Ақын, батыр бабаларының қайраттылығы, суырып-салма айтыста рух беретініне сенген екен. Қай ақын болмасын, туған жерін жырға қосып жырлаған. Нұрхан атамыздың шығармаларынан Торғай жерінің табиғатына деген ыстық сезімін байқаймын. Жерлесіміз Сырбай Мәуленов былай деп жазды:

«…Шынында да Нұрхан өлеңі халықтың жүрегіне құйылатын нәрлі өлеңдер еді. Ақынның аузынан төгілген табиғи өлеңдер төңіректі түгел шарпып, заманында аттылы жолаушыларға ілесіп аймаққа дүрілдеп тарай жөнелетін. Содан да оның көп өлең, дастанын тыңдаушы халық деп қабылдайтын…».

Нұрхан Ахметбеков – асқақ ақын, дәулескер күйші болған. Торғай өңірінде алғашқы ауданаралық театр құрып, оның тұңғыш директоры болды. Қазақтың халық поэзиясын дамытуға үлкен үлес қосты. Ақындық жолға түскен кейінгі жастар Нұрхан Ахметбековтың жырларымен сусындап өсіп, мол мұрасын өмірлік темірқазық етіп ұстануын тоқтатпауы керек. Ақының есімі Торғай жеріне ғана емес Қазақ жұртына таныс.

Биыл қазақ әдебиетіндегі қарымды қаламгерлердің белді де беделді өкілі Қайнекей Жармағамбетовтың туғанына – 105 жыл. Қайнекей Жармағамбетовтің шығармашылық жоспарының аясы кең болған. Ол оқиғалы өлең, баллада жазуды шебер меңгерді. 50–60-жылдары қазақ сатирасына да аянбай атсалысқан. Өмірлік маңызға ие сатиралық туындыларды көптеп жазды. Қайнекей Жармағамбетовтің «Хадишаға хат» атты еңбегі тұңғыш фельетон-баллада есебінде ұлттық поэзияның тарихына алтын әріппен жазылып қалды. Торғай топырағында кіндік қаны тамған қара бала үздіксіз ізденісімен, қарымды қабілетімен, табиғи талантымен зиялы қауымның назарын өзіне аударған. Көп жылдар журнал, газет баспаларының редакторы қызметін атқарған. Жармағамбетовтің оқиғалы өлеңді жазуға, балладаға бет бұрғанына таң-дай қағып, тамсанбау мүмкін емес. Ол қазақы, қасиетті топырақта туды.

Жанжақты талант иесі, қайраткер, публицист, ақын Ғафу Қайырбековтың 95 жылдық мерейтойы да атаусыз қалмағаны қуантады. Ақын Ғафу Қайырбековтің туған жері Шұбалаңға қарасты Батпақсуат деген жерде. Ол кісінің өлең жолдарынан жан-жүрегімен, сүйіспеншілігімен туған жерін, туған елін сүйгенін және барлық адамзатты туған елін сүюге шақырғанын байқауға болады. Қызмет пен шығармашылықты тең ұстаған Ғафу ағамыздың қаламынан «Арал әуендері», «Қанатты жылдар», «Жер астындағы жұлдыздар», «Алтын бесік», «Большевик ауылы», «Маңғыстау маңғаздары», «Беласар» кітаптарымен «Елтінжал», «Ақжелкен», «Бір кеменің үстінде», «Үш қиян» повестерімен қоса, талай ел мен жер мұңын қозғаған мақала, очерктері туғанын көпшілік жақсы біледі. Ғафу ағамыз «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар одағының ақындар қауымдастығының президенті болды. 1954 жылы оның «Құрдастар» атты тырнақалды жинағы жарық көрді. Содан бері қырықтан астам кітабы шықты.

Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін білмейтін қазақ кем де кем. Сол әннің сөзін жазған біздің Ғафу ағамыз. Қазақтың маңдайына біткен қос таланты жазған ана туралы осы ән өз өміршеңдігін ешқашан жоймайтынына сенімдімін. Торғай халқы қашанда өнерге жақын өнер сүйер қауым болған. Өз таланттыларын көтермелеп, мерейін асқақтатып отырған. Өнерлілер ортасында өскен өрен міндетті түрде аға буын ізін қуып, өнерге білім мен ізденіске жол салып келуде.

Торғай даласы тума таланттарға бай өлке екені бәріне аяң. Әсіресе, ақын жыраулар көптеп туған. Осындай өлең жырдың қайнаған ортасында дүниеге келгендердің бірі – Болат Хамзин. Тобыл Торғай даласының маңдайына біткен талантты перзенті Болат Хамзиннің 85 жылдығын қалай ұмытайық!? Ол дүйім жұртқа әсем ән, күйімен танылған. Торғайдың дархан даласын ән мен күйге қосып жырлаған. Сазгер еліне деген махаббатымен өзі туып өскен жердің табиғатын, ондағы адамдардың жарқын бейнелерін ән әлеміне айналдырып, әсем сазға бөлей білген. Осындай жұртшылықтың жүрегіне тез жол тапқан әндерінің бірі «Торғай қызы».

Торғай қызына, яғни шынайы кейіпкердің, қойшының жалғыз қызының бейнесіне жазылған. Осы күнге дейін ел аузында, той думан, жиындардың сәнін кіргізіп жүрген ән. Өнер өрнегін жан-жақты меңгерген өнерпаз халықтың әсіресе, торғайлықтардың жүрек төрінен орын алып, рухы мен руханиятын көтерген. Ел мақтаған ердің өнері өрге озып, өлеңдері бірінен кейін бірі шыға бастады. Ең алғашқы әні жары Күлзипаға арналған «Ұялмашы қалқатай» деп аталыпты. Одан бөлек, «Торғай даласы», «Орамал», «Қайдасың», «Шолпаным Жұлдызым», «Торғай қызы» және тағы басқа әндері туған.

Күйші, композитор Болат Хамзиннің есімі республиканың өнер жұлдыздары арасында зор мақтанышпен аталады. Өз кезінде Торғайдың Шәмшісі деген теңеу атқа ие болған композитордың актерлік шеберлігі де болған. Көптеген театрлық қойылымда да бой көрсеткен. Өнерлі жанның еңбегі еленіп, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. Туған жерде Торғайда жүріп-ақ елге есімі танылған.

Биылғы жылы жоғарыда есімдері аталған тұлғалар мерейтойларымен қатар Торғай қаласының 155 жылдығы мен Жанкелдин ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ғасырдан астам тарихы бар көне Торғайдың тарихы терең. Киелі өлке. Қазақы тіліміз бен дәстүріміз кеңінен сақталған. Жастары да жалынды. Алайда Торғай елі шалғай жерде орналасқандықтан тынысы мен тіршілігі тысқары қалып жатады.

Осыдан-ақ Торғай топырағы қаншалықты талантқа бай екенін аңғаруға болады. Қарт Торғайдан шыққан тарихи тұлғалардың ерекше қасиетпен даралануы, көне Торғай топырағы киесінің құдіреттілігінен болса керек. Ылайым, бабалар мұрасымен рухтанатын ел азаматтарының қатары көбейіп, ұлт мүддесіне қызмет ете берсін демекпіз. Торғай төсіндегі торқалы той құтты болсын, ағайын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін, егемендігіміз баянды болғай!

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты