Қазақстан халқы Ассамблеясы тек ұлтаралық байланысты нығайтып қана қоймай, жастардың болашағына да назар салып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында да келелі істер атқарып келеді. Бұл ретте «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысындағы филиалы 2023 жылы 41 іс-шара өткізіп 11 мыңнан астам жасты қамтыған.
Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық өкілдігінің жетекшісі, ҚХА мүшесі, Қостанай облысы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі Руслан Мырзағалиевті сөзге тарттық.
— Руслан Жүсіпбекұлы, сіз жетекшілік ететін облыстық «Ассамблея жастарының» игі істерін әлеуметтік желілерден көріп, біліп жүрміз. Ең алдымен осы қоғамдық бірлестіктің қалай құрылғанын айтып берсеңіз.
— 2021 жылғы қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы және ҚХА төрағасы Қ.К. Тоқаев Ассамблеяның жастар құрылымдарын «Ассамблея жастары» бірыңғай республикалық жастар ұйымына айналдыру туралы тапсырма берді. Оған дейін «Жаңғыру жолы» республикалық қоғамдық ұйымы ретінде қызмет атқарған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін 2021 жылғы 17 қарашада «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі деген атаумен ресми тіркеуден өтіп, бүгінгі күні республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 17 өкілдік құрылды.
— «Ассамблея жастары» РҚБ негізгі мақсаты мен басты бағыттары қандай?
— Ең негізгі мақсаты — жастардың бастамаларын дамыту, қолдау, жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін көтеру. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қозғалысы негізгі алты бағыт бойынша жұмыс істейді.
Алғашқы бағыт «Social Assembly», бұл – жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, білім деңгейін көтеру және жұмысқа орналасуға көмектесуге арналған. Екіншісі – «Бірлік тілі» — мемлекеттік тілді оқыту. Яғни, біз жастардың, әсіресе түрлі этникалық топтардың қарапайым, ауызекі тілді меңгеруіне жағдай жасауымыз керек. Одан кейін «Ел мұрасы» жобасы тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған. Бұл жерде ғалымдар жастарды еліміздің тарихи орындарын сақтау мен қорғауға үйрете отырып, оларға арналған тарихи-өлкетану экспедицияларын өткізеді. Төртіншісі – «Таза орта» деп аталады. Бұл бағытта халықтың экология мен қоршаған ортаны қорғауға деген мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі акциялар, челлендждер өткізіледі. Сондай-ақ, әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстар да басты назарда. Бұл мақсатта өскелең ұрпаққа арналған түрлі семинар-тренингтер өткізіліп, әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Және медиажобаларды әзірлеу мен медасауаттылықты арттыруға бағытталған «Jastar media» жобасына да көп көңіл бөлінеді.
— «Ассамблея жастарының» құрамына кімдер мүше бола алады?
— Қазіргі таңда «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің құрамына облыстағы этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың жастары кіреді деп айтуға болады. Жыл сайын ұйым қатарын орта арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері, оқушылар, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар толықтырып отырады.
— Руслан мырза, «Ассамблея жастары» РҚБ өз қызметінің аясында қандай іс-шаралар өткізеді?
— «Ассамблея жастары» РБҚ өткізетін іс-шаралар өте көп. Өкілдік жоғарыда атап кеткен бағыттарды ұстана отырып, өз қызметін жүзеге асырады. Біз өзіміздің іс-шаралар мен жобалар аясында мектеп оқушыларымен, студенттерімен және жұмыс істейтін жастар ұжымдарымен еліміздің қаншалықты көп ұлтты екенін көрсете отырып, әр ұлтты құрметтеуге шақыратын диалог алаңдарын, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, «Ассамблея жастары» құрамындағы еріктілер түрлі қайырымдылық акцияларын да жиі өткізіп тұрады. Мысалы, қыс пен күз мезгілінде біздің волонтерлер жалғызбасты қарт кісілердің аулаларын тазартып, олардың алғысына бөленіп жүреді. Биылғы жылы Алғыс айту күні қарсаңында Ассамблея жастары облыстағы «Жанұя» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне тәтті сый мен көңілді кеш сыйлады.
Біздің өкілдіктің құрамындағы жастар облыстық Қазақстан халқы ұйымдастыратын барлық маңызды іс-шараларға қатысып, өз үлестерін қосып жүр. Тағы атап өтетін жайт, облыстағы су тасқынымен күрес кезінде біздің еріктілер де қалыс қалған жоқ. Гуманитарлық көмек жинау, оны зардап шеккен тұрғындарға жеткізу, сондай-ақ Тобыл өзінінің бойына бөгет салу жұмыстарына да «Ассамблея жастары» белсене атсалысты.
— Иә, дұрыс айтасыз. Бүкіл халық болып қарғын сумен күрескен уақытта «Ассамблея жастарының» еріктілері алдыңғы қатарда қызмет еткенін көрдік. Басқа да жастар үшін өте үлгі етерлік жайт деп ойлаймын. Сіздер өз жобаларыңызды кеңірек таныстыру, әрі насихаттау үшін өзге де жастар ұйымдарымен серіктестік жасап тұрасыздар ма?
— Өкілдіктің қызметін кеңейту, сондай-ақ этносаралық және ұлтаралық келісімді нығайту мәселелері бойынша мемлекеттік саясатқа жастардың назарын аудару мақсатында орта және жоғары оқу орындарының базасында «Ассамблея жастары» қоғамдық филиалдарын ашу бойынша белгілі бір жұмыс жүргізілуде.
Ағымдағы жылы Қостанай облысының «Ассамблея жастары» РҚБ Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалымен және М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетімен өзара ынтымақтастық және қоғамдық филиал ашу туралы ресми келісімге қол қойылды. Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды ұйымдастыру, қазақстандық қоғамда толеранттылықты қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылау, өркендеген жаңа Қазақстанды құрудағы жастардың рөлін арттыру мәселелері жүзеге асырылатын болады.
Әрине, бұл бағыттағы жұмысымыз әрі қарай өз жалғасын табады. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерімен, Ақсақалдар кеңесі, медиация кеңесі өкілдерімен бірлесіп, облыстағы барлық оқу орындарымен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуге тырысамыз. Аудан орталықтарына, ауылдық округтерге барып, жастармен, өзге де тұрғындармен кездесеміз. Әрбір кездесуде еліміздегі этносаралық және ұлтаралық келісімді қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық құжаттармен таныстырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын, негізгі бағыттарын түсіндіреміз.
— Жақын арада Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-ші сессиясын шақыру туралы Өкімге қол қойды. Елордамызда өтетін сессияға «Ассамблея жастары» да шақырылған болар?
— Әрине, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері бұл сессияға міндетті түрде қатысады. Биылғы тақырып – «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу». Сессияда Ассамблеяның өткен жылғы жұмыстары қорытындыланып, жаңа мақсат-міндеттер алға қойылады. Оның қоғамдық құрылымдарының қосымша бағыттары айқындалады.
— Руслан Жүсіпбекұлы, сұхбатыңызға көп рахмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Айгерім Амантай, суреттерді ұсынған Р. Мырзағалиев