Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кәсіптің көзін тапқан

18 апреля 2024 8:21 • 409 просмотров

Үстіміздегі жылдың басында облыс орталығында өткен «Ауыл әйелдерінің көп қырлы әлеуеті» форумына шақырылып, қонақ ретінде қатысып келген едім.

Аталған форумда тек қалада емес, ауылда отырып-ақ бизнес бастап, кәсібін дөңгелентіп жүрген қыз-келіншектердің көп екенін көріп, қуанып қайтқанбыз. Солардың бірі –Гүлназ Әлімова. Гүлназ ханымның жасап жүрген жұмыстарын инстаграмм парақшасынан көріп жүрсек те, жақын танысудың орайы бүгін келген екен.

Жангелдин ауданының Қызбел ауылында туып-өскен Гүлназ Нұрбекқызының негізі мамандығы мұғалім. Алайда, бала кезінен қолөнерге біршама жақын болыпты. Бала күтімі бойынша демалыста осы қолөнерге деген қызығушылығын қайта қолға алып, үйде отырып тігін тігіп, моншақтан әшекей, тоқыма бұйымдарын жасап, оны әлеуметтік желілер арқылы сата бастайды. Тапсырыс берушілер көбейген сайын, Гүлназ ханым бұл хоббиді бизнеске айналдыру жайын ойланады. Сөйтіп 2019 жылы мемлекет ұсынатын қайтарымсыз грантты алу үшін бизнес-жоспар құрып, құжаттарын тапсырады. Алайда, әр істің көпшілік біле бермейтін қыр-сыры болады емес пе?! Алғашқы екі талпынысы сәтсіз болып шықса да, үшінші ретте құжаттары комиссияда мақұлданып, көптен күткен грантты ұтып, қаражатына кесте тігетін станок сатып алған.

Гүлназдың айтуынша, кәсіпті бастаудағы ең басты ұстанымы – адамның шынайы ниетінің болуы, орта жолдан тастап кетпеу маңызды.

— Мен кәсібімді 4 үйі бар кішкентай ғана ауылда бастадым. Ешқандай цех немесе дүкенім болған жоқ. Клиенттерімнің барлығы онлайн тапсырыс беретін. Тұрақты тапсырыс берушілер арқылы «ұзын құлақтан» естіген басқа да клиенттер келе бастады. Сөйтіп, кәсібімді кеңейтуді қолға алып, өткен жылы өзімнің шағын дүкенімді аштым. Қарамағымда үш адам жұмыс істейді. Сол жерде станокпен түрлі бұйымдар жасаймыз. Клиенттің қалауына қарай қазақы үлгідегі сувенирлер, ерекше қорапшалар, сағаттар, тойбастар заттарын жасап береміз. Әдемі оюлармен көрпелер де тігеміз. Бағалары да қарапайым халыққа қолжетімді. Біздің жасап шығарған өнімдерге облыс көлемінде ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де сұраныс көп – дейді кәсіпкер.

Бұл кәсібімен қатар Гүлназ Нұрбекқызы өзінің мұғалімдік жұмысынан да қол үзген емес. Ұстаздықпен бірге ол өзі тұратын Алтынсарин ауданындағы балалар шығармашылық үйінде қолөнер үйірмесінің жұмысын жүргізіп келеді. Қолөнерге қабілеті бар жасөспірім қыздарға білгенін үйретіп, олардың сабақтан бос уақытта қосымша табыс табуына септігін тигізіп жүр.

«Жалпы қандай да бір кәсіп бастауда қаржылық сауаттылық өте маңызды, – дейді Гүлназ. – Бизнеске салған ақшаның да, одан түскен табыстың да есебі болуы керек. Егер күнделікті есеп жүргізбей, түскен қаражатты бей-берекет жұмсай берсеңіз, бизнесіңіз құрдымға кетері сөзсіз. Осы кәсіпті қолға алғалы мен көптеген бизнес тренерлерден сабақ алдым. Үнемі ізденіп, білім алуды әлі де тоқтатқан емеспін. Тіпті 2023 жылы осы сала бойынша Түркияға барып оқып келдім», – деп ағынан жарылды.

Қазіргі таңда Гүлназ Нұрбекқызы өзі бизнес тренер, маркетолог ретінде дәріс беріп жүр. Бизнес-жоспар құру, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа құжаттар дайындау, клиентпен жұмыс істеу т. б.салалар бойынша жаңадан кәсіп бастаушыларға толық бағыт-бағдар беріп, көмектеседі. Түрлі бизнес форумдарға, семинарларға жиі шақырту алады.

— Қостанай өңіріндегі шағын бизнестің дамуы көңіл қуантады. Қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несие сияқты мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндіктер өте көп. Тек соны оқып, іздену керек. «Алма піс, аузыма түс» деген заман қазір жоқ. Шын ниетімен талпынып, бастаған ісіне бел шеше кіріскен адамға көп есіктер ашыла бастайды. Басында қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ, кез-келген істі бастағанда орта жолдан тастап кетпей, сабырлық, шыдамдылық таныту маңызды. Көңілің қалаған, жүрегіңе жақын іспен айналысу қашан да өз жемісін берері сөзсіз, – деп кейіпкеріміз әңгімесін аяқтады.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, еліміздегі соңғы бес жылда орта және шағын бизнестің үлесі айтарлықтай өскен. 2023 жылы кәсіппен айналысатындар саны 4,2 млн адамды құраса, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері 2,2 млн-ға жетіпті. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, бизнестің берекесін көріп отырған кәсіпкер қыз-келіншектер қатары көбейе берсін!

Айгерім Амантай, сурет кейіпкердің жеке архивінен алынды