Бүгінгі еңбек нарығы біраз өзгерген. Олай дейтініміз, бұрын-соңды атын естіп көрмеген SMM, нейросеть маман, таргетолог, мобилограф, байер деген жаңа мамандықтар шықты. Бұл бір ғана ұялы телефонмен-ақ үйінде отырып табыс табатын мамандар.
Қысқасы, нарықтың қазіргі сұранысына бейімделген, ақшаны да жақсы табатын жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Соның ішіндегісі – мобилографқа қазіргі кезде сұраныс көп. Мобилографтың дәурені де бүгінгі цифрландыру дәуірінде қарқынды дамып келеді. Жалпы «мобилография» терминін ең алғаш енгізген ресейлік суретші Дмитрий Резван екен. 2004 жылы Дүниежүзілік мобилографтар қоғамы құрылған. «Мобилография» сөзі «мобиль» – «мобильді телефон», «граф» – «жазу, сипаттау, суреттеу» дегеннен шыққан.
Қазір әлеуметтік желілерден байқасаңыз, елге белгілі тұлғалардың, өнер адамдарының әр күні, жүрген-тұрғаны жарқ-жұрқ еткен сәттерге, салтанатқа толы. Немесе әлдебір тауарлардың жарнамасын қарап отырсаңыз, бірінен-бірі өтеді, еріксіз еліктіріп әкетеді. Міне, соның бәрін қалта телефонымен-ақ сәндеп жасайтын мобилографтар. Смартфон арқылы түрлі креативті және қысқа ғана, үзік-үзік шолу бейнелерін түсіріп, оны монтаждауға, тікелей эфирлер жасауға болады. Бұл бағытқа, әсіресе, жастар бейім келеді.
Бүгінде көптеген бизнес видео-контент арқылы дамиды. Қазақстандағы бизнес өкілдері де күн санап көбеюде. Кәсіпкерлер сол бизнесін көпшілікке ұсыну, сату, өткізу үшін мобилограф маманға жүгінеді. Мобилографтардың өзгелерден артықшылығы – материалды жедел әзірлеп ұсынуында. Ал мұндай жылдамдық қазіргідей ақпараттар ағынында ауадай қажет. Бір ғана ұялы телефон арқылы өткізілген іс-шаралардан сапалы видео жасап, оны тез арада жариялау сіз ұсынатын өнімнің әрқашан трендте болып, танымалдылық алып келуіне көп мүмкіндік береді.
Қазақстанда мобилография қарқынды даму үстінде. Қазір қолына ұялы телефон ұстаған әрбір үшінші адам мобилография курсына қатысады. Алайда бұл мамандық ТМД елдері тұрмақ, алыс-жақын шетелдің өзінде енді қолға алынып жатыр. Неге дейсіз ғой. Бұл туралы Қостанайдағы мобилографияны дамытып жүрген Ернар Сапабектен сұрадық.
Ернар Сапабек, 21 жаста, мобилограф:
Иә, мобилография жаңа ұғым. Біздің елде қолданысқа енгеніне 5–6 жыл болды. Қазақстанға ең алғаш мобилографияны алып келген Қыран Талапбек деген жігіт. Бір бағдарламаның түсірілімінде кәсіби видео камераның қуаты таусылып қалады. Сол сәтте Қыран өзінің ұялы телефонына түсіріп көруді ұсынады. Ол видеоны монтаждағанда өте сапалы шыққанын көріп, ары қарай қызығушылық танытып, басқа да сюжеттер түсіре бастайды. Кейін бұл саланы дамытып, қазіргі уақытта өзінің жеке брендін қалыптастырды.
Мен де ең алғаш осы Қыран Талапбектің курсын оқудан бастадым. Курста теорияны меңгерсең, ал практика жүзінде түрлі видеолар түсіріп, тәжірибе жинақтау өте маңызды. Меніңше, мобилография бұл – нағыз шығармашылық жұмыс. Өзгелер байқай бермейтін сәттерді, бейнелерді мобилограф маман камераның көзіне іліп, кейін ерекше видео етіп шығарады.
Қазір әлеуметтік желі дамыған заманда барлық салада мобилограф маманға сұраныс көп. Өз өнімін ұсынатын кәсіпкерлерден бөлек, мектеп, балабақша, мемлекеттік қызмет өкілдері де мобилограф маманның қызметіне жүгінеді. Бәрі де өз жұмысын бейнероликпен көрсеткісі келеді.
Мобилографтың қызметін көбісі жеңіл әрі тез пайда табу көзі, яғни, ұзақтығы 1–2 минуттық видеоны түсіру оңай деп ойлайды. Ал шын мәнінде сәтті кадрларды әдемі үйлестіріп монтаждау, кейін оған сәйкес әуенді таңдау, кейде титр жазу көп уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді. Қазақстанда мобилография курсын өткізетіндер мен оған қатысатындар өте көп. Әркім өз стилін қалыптастырады. Соған сай табысын да тауып жүр. Мобилограф ұсынатын дайын өнімнің бағасы 5–10 мың теңге шамасында басталып, ары қарай өсе береді. Кейбір кәсіби мобилографтардың айлық табысы 1 млн теңгеден асып жатады.
Мобилограф ол – контентмейкер, сценарист, оператор, режиссер және монтажер. Сонымен қоса, бұл жұмыс аса ыждағаттылықты, шығармашылық ізденісті және сабыр мен төзімді талап етеді. Әрине, сосын ұшқыр қиял, сергектік, яғни болмашы ғана дүниенің өзінен әдемілікті көре білетін қасиет, талғампаздық, еңбекқорлық керек. Егер сіздің бойыңызда осы аталған қабілеттер бар болса, ұялы телефонды қолға алып, мобилографияны меңгеруді бастап кетуіңізге болады.
Айгерім Амантай, сурет кейіпкердің жеке архивінен алынды