Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кітап оқып жүрсіз бе?

Қазір бір-бірімізден бұрынғыдай: «Қандай кітап оқып жүрсің?» деп сұрамайтын болдық. Өйткені алдымен «Жалпы кітап оқисың ба?» деген сауал қою керек сияқты. Қазіргі дамыған техниканың, ақпараттар тасқынының жанында кітап оқып, рухани құндылықты арттыру, сөздік қорды молайту деген біраз кенжелеп қалғаны белгілі.

Кітап – адам баласының ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Ол – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі.

Өткен ғасырда адамзаттың кітап оқу деңгейі нағыз шарықтау шағына жетті десек қателеспеген болармыз. Ол уақытта үлкен өндіріс қызметкері де, жайлаудағы қарапайым шопан да кітаппен дос болды. Кейін заман ағымына қарай өмірімізге жаңа технологиялар араласып, кітаппен арамыз біраз үзіліп қалды. Ал соңғы жылдары байқап жүргеніміздей, кітап оқу мәселесі мемлекет деңгейінде қолға алынып жатыр. Қазақ әдебиетінің классиктері қалдырып кеткен шоқтығы биік туындылар жаңа баспада қайта басылып, әлем әдебиетінің жауһарлары қазақ тіліне аударылып, оқырманға жол тартуда. Жалпы қазіргі қоғамда кітап оқу мен оның маңызы туралы сауалнама жүргізіп көрген едік.

Мирамкүл Базарқызы, Айсары жалпы білім беретін мектебінің кітапханашысы:

Қазір кітап оқу, әсіресе, жас буын өкілдерінде осы әдетті қалыптастыру үшін өте көп жұмыстар жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасымен бірнеше жыл бұрын Министрлік деңгейінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында көркем әдебиеттер тiзiмi бірнеше бағыт бойынша, яғни, еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлар, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптарын оқу көзделген. Осы жоба қолға алынғалы мектеп кітапханаларына көп көңіл бөлініп, кітап қоры да молайып жатыр. Жыл сайын жаңа әдебиеттер келіп түседі. Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, бастауыш және орта буын сыныптарының оқушылары кітапханаға жиі бас сұғады. Сондықтан да, кітап – бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да маңызын жоймаған дүние. Қоғамның сан-салалы мақсаттарының ішіндегі ажырамас бір мақсаты ол – үнемі жас оқырман тәрбиелеп отыру. Бұл оқу орындары үшін де, басқа да қоғамдық ұйымдар үшін де абыройлы әрі үздіксіз жүре беретін міндет болмақ.

Әсел Жайлауқызы, қала тұрғыны:

Адамдардың телефонға табынып қалғаны жасырын емес. Соған қарамастан көбісі бір уақ кітап оқуға уақыт бөліп жүр. Біреулер психологиялық, біреулер детектив, ал енді бірі тарихи романдарды оқиды. Өз басыма кітап оқуға уақыт тапшы. Тек соңғы кезде сөз қорым азайып бара жатқан соң, бірнеше жылдан кейін қайта кітапқа жармастым. Оқимын деген адам ретін табады екен. Жұмысқа барарда және қайтарда автобуста кітап оқимын. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» аяқтауға сәл қалдым. Сөздік қорым, сөз саптауым жөнге келді. Қазір жастар психологиялық кітаптарды, өмірлік мотивация беретін шығармаларды көп оқиды екен. Аудио кітап, электронды кітап түрінде де оқу ыңғайлы. Жалпы қазіргі қоғамның кітапқа қайта бет бұрып жатқаны қуантарлық жағдай.

Кітаптің көмегімен біз ең алдымен, білімге, идеяларға, рухани және моральдық құндылықтарға қолжетімділікті аламыз, сұлулық пен адамзаттың шығармашылық жетістіктерін түсінеміз.

Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде тұлғаны тәрбиелеу мен адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Кітап оқу арқылы тек сөздің қорды молайтып қана қоймай, таным-көкжиегімізді кеңейтеміз. Тіпті шығарма мазмұны арқылы қандай да бір көзқарас қалыптастырып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алуға болады. Ал сіз қандай кітап оқып жүрсіз?

Айгерім АМАНТАЙ, сурет ғаламтордан алынды