Қостанай облысына ірі бизнес өкілдері көмек көрсетуге дайын. Су тасқынының салдарымен және алдағы қалпына келтіру жұмыстарының көлемімен оларды вице-премьер Қанат Бозымбаев таныстырды.
Олардың қатарында ADD capital холдингінің негізін қалаушы Данияр Әбілғазин, ERG компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Аллюр» және «АгромашХолдинг» компанияларының директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, сондай-ақ «RG Brands» Басқарма Төрағасы Тимур Қалтаев.
Қостанай, Арқалық, Амангелді, Жангелді, Қарасу және Қостанай аудандарында жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі әлі де сақталуда. Эвакуациялық пункттерде 160 адам бар. Эвакуацияланған азаматтармен, сондай-ақ саяжайлары су астында қалған тұрғындармен Қанат Бозымбаев кездесіп, оларға өтеу тәртібін түсіндірді.
Саяжай мәселесі Қазақстанның барлық су басқан аймақтарында ерекше мәнде тұр, сондықтан Үкімет Қаулысымен оларды қалпына келтіру тәртібі реттелді. Бұл туралы халықпен кездесуде Қанат Бозымбаев хабарлады.
«Тұрғын үйді қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда біз үйді салып береміз немесе әкімдік оны сатып алады. Тұрғын үйді қалпына келтіруге болатын адамдар үшін әкімдік оны жөндейді. Осы жұмыстар демеушілер, меценаттар, бизнес өкілдері есебінен жасалады. Көптеген әлеуметтік желілерде ірі бизнес зардап шеккендерге тұрғын үйді қалпына келтіруге бағыттайтын қаражаттың сақталуына алаңдаушылық білдіретінін атап өткім келеді. Бұл қаражатты негізінен бизнес өз бетінше жұмсайтынын жауапкершілікпен айтқым келеді. Олар зардап шеккендерге баспана сатып алады, үй салады немесе жөндейді», – деп түсіндірді вице-премьер.
Қанат Бозымбаев атап өткендей, демеушілер жер бөлу мен үлгілік жобаны есептеуді қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің үйлерді сатып алу, жөндеу немесе салу процесіне қандай да бір әсерін, жергілікті немесе меншікті құрылыс компанияларына тікелей төлейтін болады.
Вице-премьер өтемақы мен қаржылық көмекке жеке тоқталды. Қостанай облысының тұрғындарынан біржолғы төлемдерге 3 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 705,2 млн теңгеге 2 мыңға жуық отбасына қаржылық көмек көрсетілді.
«Барлық зардап шеккендерге 100 АЕК төлеу жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, яғни мәслихаттар мен әкімдіктердің құзыретінде.Олар кімге қандай соманы және қалай төлеу керектігін анықтайды. Біз проблемалар бүкіл ел бойынша біртұтас екенін түсінеміз және жедел штабта барлық адамдарға, соның ішінде өткізілетін іс-шаралар шеңберінде эвакуацияланған үйлерді су басқан тұрғындарға, сондай-ақ үш санаттағы саяжай тұрғындарына 100 АЕК төлеуді ұсындық: саяжай иелері, жалға алушылар және саяжай иелерін анықтау, коттедж жалғыз тұрғылықты жер болып табылған жағдайда», – деді Қанат Бозымбаев.
Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендер 150 АЕК көлемінде жоғалған және бүлінген мүлік үшін өтемақы алуға құқылы. Мұндай мүліктің тізіміне: тамақ сақтауға және дайындауға арналған заттар, тамақ ішуге арналған жиһаз заттары, ұйықтауға арналған жиһаз заттары, азаматтарды ақпараттандыру құралдарының заттары, сумен жабдықтау және жылыту құралдарының заттары кіреді.
Вице-премьер 10 мамырға дейін су тасқынының залалын бағалау бойынша барлық жұмыстарды арнайы комиссияларға аяқтауды тапсырды.
Бүгінде Қостанай ауданының тұрғындарына жаңа көпқабатты үйлердің бірінде пәтерлер беріле бастады. Аудан әкімдігі тұрғын үй беру үшін 30-ға жуық шарт жасасты. Бұл кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің «Аяла» қоры тұрғындарға қаржылай көмегі. Кәсіпкер Қостанай ауданы мен Арқалық қаласының жалпы 65 отбасына жеке қаражатынан 1,5 млрд теңгеге пәтер сатып алып, тағы 500 млн теңгені «Демеу» қорына жібереді.
«Менің үйім Алтынсарин ауылында жартылай су астында қалды. Ол тұруға жарамсыз деп танылды. Бірден бізге үлкен қолдау көрсетілді, қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті. Менің үш балам бар, бізге жаңа үйден үш бөлмелі пәтер берілді. Сіздерге көп рахмет!», – деп Қостанай облысының тұрғыны Әсем Камалова алғысын білдірді.
Суық баспай тұрып, жергілікті билік баспанасыз қалған барлық адамдарды баспанамен қамтамасыз етуі керек. Қостанай облысының әкімдігіне ірі кәсіпкерлер 378 үй сатып алып, 638 үйді жөндеуге көмектеседі.
«Ел үшін қиын уақытта ешкім шетте қалмауы керек. Қостанай облысында біздің бірнеше кәсіпорындарымыз бар және біздің қызметкерлер апатқа қарсы күреске, ауыл тұрғындарын, атап айтқанда балаларды су басу аймағынан шұғыл эвакуациялауға белсенді қатысты. Арқалық маңындағы ауылдарға бөгеттер салу үшін арнайы техникамыз жіберілді. Баспанасыз қалғандар үшін біз дайын баспана сатып аламыз», – деді ERG компаниясының менеджерлер кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов.
Айта кетейік, Eurasian Resources Group негізін қалаушы акционерлер су тасқынының алғашқы күндерінде 400 млн және тағы 40 млрд теңге бөлді. ERG қаражатына жол және инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ Қостанай облысындағы зардап шеккен мектептер қайта жаңартылады.
Кәсіпкер Андрей Лаврентьев өңірге 3 млрд теңге бағыттайтынын айтты. Бұл қаржылай көмек 140 үй салуға немесе 96 пәтер сатып алуға, сондай-ақ 400 үйді жөндеуге жұмсалады. Сонымен қатар Андрей Лаврентьевтің компаниялары «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорына 500 млн теңге аударған болатын.
«Мына қиын сәт біздерді біріктірді. Қостанайға үлкен су келгеннен кейін біздің мыңнан астам қызметкер әкімдік пен арнайы қызметтердің мамандарымен бірге бөгеттерді нығайтумен айналысып, адамдарға тарату пункттерінде көмектесті. Бұл біздің туған өлкеміз, біздің барлық кәсіпорындарымыз осында. Бөлінген қаражатқа пәтерлер сатып алынып, үйлер салынатын болады. Біз Мемлекет басшысының үндеуіне жауап бердік және менің ойымша, біз бұл жұмысты Үкіметпен бірге міндетті түрде жасаймыз», – деді Андрей Лаврентев.
Өз кезегінде RG Brands компаниясы Қостанай облысында тұрғын үй салуға және қалпына келтіруге 1,46 млрд теңге бөледі.
Естеріңізге сала кетейік, меценаттарды жекелеген өңірге бекіту аясында жаңа тұрғын үй құрылысы Солтүстік Қазақстан облысында басталды. Мұнда жергілікті тұрғындарға Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, Kazakhmys Holding Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай және KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Эльдар Мамедов көмектесуге бел буды. Су тасқыны салдарын жоюға Kazakhmys және KAZ Minerals компаниялары барлығы 40 млрд теңге бағыттайды. Ал Kaspi.kz –20 млрд теңге.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды