Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Садчиков ауылдық кітапханасы жанынан құрылған «Қазына» клубының мүшелері сенбілік өткізді. Қазыналықтардың айтуы бойынша, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.
Осылайша, зейнеткер апаларымыз бен ағаларымыз бұл жолы да ауызбіршілік пен татулықтың нышанын паш етіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, 5 кезеңнен тұратын акцияның «Жасыл аймақ» апталығы аясында көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, ағаш көшеттерін отырғызуды ұйымдастырды. Қазыналық ата-әжелеріміз өздері отырғызған көшеттің күтімін немерелеріне табыстап, керемет үлгі боларлық әрекеттерімен ауыл тұрғындарын тәнті етті.
Осындай шараларды ұйымдастыру арқылы немерелерімізге табиғатты аялауды үйретіп, әрбір жақсы істің басы-қасында жүруді бойларына сіңіріп, үлгі тұтарлық істерімізбен қоршаған ортаның жақсаруына үлесімізді қосуды жөн көрдік, – дейді клуб мүшесі Сатпаева Салтанат.
Аталмыш акцияның да басты мақсаты – экологиялық мәдениет деңгейін арттыру, тұрғындардың, әсіресе жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.
Клуб төрайымы Әмірғалиева Тұрсын тұрғындарды ауыл тазалығына бірге атсалысуға, өз өңірлеріндегі сенбілікке қатысуға, туған өлке экологиясын жақсартуға, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырды.
Клуб мүшесі, ең жасы үлкен Бекжанова Күлсипат апамыз: еккен көшеттеріміз тамырын тереңге тартқан бәйтерекке айналып, жапырағын жайып, ұрпағымызға сая болса екен, – деп батасын берді.
Иә, өз жерімізге жасыл желекті көп отырғызсақ, оның саясын ұрпақ көретіні сөзсіз, игі істен қалыс қалмайық, ағайын!
Алтын Ержанова