Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Кел, шырқайық!»

2 мая 2024 7:31 • 369 просмотров

Кітапхананың бастамасымен зейнеткерлерден құралған «Қазына» клубының мүшелері Алматы қаласындағы КТК телеарнасының «Кел, шырқайық!» бағдарламасына қатысып, өнер көрсетіп қайтты.

Аталмыш жобаның мақсаты бойынша, қатысушылар халық жадында сақталған әндерді шырқап, ұлттық дәстүрді жаңғырту мақсатында көрініс көрсетулері шарт.

Аталмыш клубтың басты мақсаты да еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген рухани-мәдени мұрасының тегін тектеу, болмысын тану, оның асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау болғандықтан, осы жобаға қатысуды жөн көріп, кастингке қатысқан болатын. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, жобаға жолдама алған қазыналықтар «Кел, шырқайық!» сахнасында халық әндерін шырқап, «Қап қағар» дәстүрін көрсетті.

Қап қағар – қазақ әйелдері жазда ет таусылғанда, қыста соғым етін салып сақтаған қаптың түбін қағып, ондағы сірге жияр етті асады. Көршілерін шақырып, «қаптың түбін қақтық, қалған етті астық, бөлісе жейік» деп ойнап-күліп отырып дастарқан кәдесін жасайды. Оны «қаптың түбін қағу» немесе «қап қағу» деп атайды.

Қазақ кәдесіндегі қап түбін қағудың өзіндік ырымы бар: соғымды әу бастан бөлісіп жедік, енді қалғанын да бөлісіп жейік, басында бірге болсақ, аяғында да бір жүрейік, келер жылғы соғым да шүйгін болады, көпке бұйырады деп асты жалғыз жеуді, жеке жүруді жөн санамаған. Жамағатпен тату болуды осындай кәде жолына сыйдырып келген.

Қазыналықтардың көрсеткен өнері әділ-қазылардың көңілінен шығып, жоғары ұпайға ие болды. Жобаны танымал актер, әзілкеш Қайрат Әділгерей жүргізді. Қазыналықтар үлкен әсер алып, шабыттанып қайтты.

Алтын Ержанова