Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Отандық өндіріспен танысты

2 мая 2024 7:27 • 355 просмотров

Оңтүстік Кореядан келген делегация Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында болып, өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты. «Allur» зауыты еліміздегі ірі автоөндіруші кешен. Мұнда жеңіл, жүк және автобус көліктері шығарылады.

Кәсіпорын өнеркәсіптік құрастыру талаптарына толық сәйкестендірілген. Оның аясында кузовтарды дәнекерлеу, бояу, құрастыру жұмыстары атқарылады. Зауытта бүгінде JAC, Chevrolet, КIА, Lada тәрізді брендтер шығарылады. 12 жыл ішінде өндіріс ошағында 239 591 көлік құрастырылған. Ал биыл 100 мың көлік шығару жоспарланып отыр. Осы жылдың алғашқы үш айының өзінде кәсіпорында 18 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Өндіріс бұрнағы жылдарға қарағанда шамамен 17 процентке өскен.

«АгромашХолдинг» АҚ-ында да ауыл шаруашылығы техникаларын шығару қарқын алған. Мұнда жылына 1 мың комбаин мен 3 мың трактор құрастырылады. Өткен жылы тәрізді зауыт тоғыз метрлік тырмалар, трактор кабиналары, алдыңғы тиегіштер, көлбеу камералары тәрізді қосымша екі мыңға жуық жаңа агрегаттар мен бөлшектер жасап шығарды.

Заманауи жабдықтары бар локализация орталығының іске қосылуы, қазақстандық мамандардың қазіргі құзіреттері отандық машина жасаушыларға «Петербор трактор зауыты», «Госсельмаш» ААҚ сияқты басқа да әлемдік компаниялар мен табысты кооперациялауға мүмкіндік береді.

Зауыт басшылығының айтуынша, былтыр 614,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы зауыт құны 21,5 миллиард теңге болатын өнім экспорттады. Кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Allur автомобиль зауытының жаңадан іске қосылған желісі Kia Sportage моделіне арналған. CKD – шанақтарды дәнекерлеу, бояу және құрастыру жөніндегі технологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын шағын торапты автомобиль өндірісі. Ол үшін арнайы цехтар ашылған. Kia өндірісінің осы технологиялары Орталық Азия мен ТМД бойынша Қазақстанда ғана орналасқан.

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің тарихы жол талғамайтын «Нива» жеңіл көлік құрастырудан бастау алған. Мұнан кейін елімізде «СарыарқаАвтоПром», «СемАЗ», «КАМАЗ-Инжиниринг», «Hyundai Trans Auto», «Daewoo Bus Kazakhstan» секілді автокөлік құрастыру кәсіпорындары сапқа қосылды. Осы кәсіпорындар жұмысының нәтижесінде елімізде автоөнеркәсіп саласы пайда болды. Жылдан жылға жетіліп, қарқынды дамып келе жатқан Қостанай облысы көлік шығарудың заманауи тетіктеріне көшкен. Жаңа индустрияландырудың бірінші бес жылдығының қорытындысында автомобиль өндірісі өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамушы сала ретінде танытты. «СарыарқаАвтоПром» зауыты әлемдік бренд саналатын көліктердің 10 шақты түрін құрастырады.

«СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында «Chevrolet Оnix» автокөлігін өндіру желісін техникалық іске қосуға қатысты. «Allur Group» компаниялар тобы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, зауыт толығымен ішкі нарыққа бағдарланған, яғни қазақстандықтар үшін қолжетімді автомобильдер шығаратын болады. «Chevrolet Оnix» автокөлігін өндіру аясында мұнда 400 жұмыс орыны құрылған.

Бүгінде өндіріс жетекшілері бұл жерден нндустриалдық зона құруды көздеп отыр.

«Шағын өндіріс аумағының бағдарламасы дайын тұр. Жоспар іске асқан жағдайда логистикалық бағыттарға уақытты үнемдейміз. Жергілікті қамту орталығының жүйелі құрылымы, қосымша қосылған құн салығының түсімін Қазақстанда көбейтіп, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік болады», – деді АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.

Қайнаған қызу тірліктің ортасында дәнекерлеу мен сырлау цехының тобы жүреді. Зауыт директоры Сырым Семейбаевтың сөзінше, зауыт алғашқы ашылғанда тек дайын бөлшектер құрастырылатын. Қазір өнімнің отандық үлесі артқан.

«Өндіріс ауқымы да еселеп өсіп келеді. Былтыр 25 мың көлік құрастырса, биыл желіден шығатын көлік санын 50 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өндірістің артуы тікелей сұранысқа байланысты», – деді Сырым Семейбаев.

Дәулет Нысанбаев – дәнекерлеу цехының бригадирі. Қол астында 10 жұмыскер бар.

«Біз өнімнің негізгі жұмысына жауаптымыз. Автомашинаның кабинасын құрастырып, келесі цехқа дайындаймыз. Олар бояп, шанақтарын іледі», – дейді цех бригадирі.

Жалпы бір автокөлікті құрастыруға бір-екі тәулік уақыт кетеді. Мәселен, бір ғана JAC маркалы автокөлік ұсақ торап тәсілімен өндіріледі. Бұл тәсілдің өзі ішінен бірнеше бөлікке жіктеледі.

«Ең әуелі кузов бөлігін өлшейміз. Кейін есігін таңдап, мөлшерін есептейміз. Мұнан соң дайын бөлшектерді дәнекерлеу жұмыстары басталады. Ұсақ-түйек жұмыс болып көрінгенімен, аса жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Сырлап, бояу жаққан соң шанақтарын біріктіріп, ірі бөлшектерін жалғаймыз. Ұсақ торапты әдіспен көлік құрау шамамен осылай жүреді. Бір тәулік ішінде 15–16 көліктің қорабын дайындаймыз», – деп түсіндірді Дәулет Нысанбаев.

Сонымен, Қостанай облысындағы автозауыттың бүгінгі тынысы осы. Қазір қостанайлықтар Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің нарығына шыққан. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде отандық автокөліктердің экспорттық әлеуеті жоғары. Ендігі меже – жыл сайын автокөлік құрастыру санын арттыру.

Зауыт өкілдері биыл Kia Cerato шығаратын CKD желісін іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Сондықтан компания техникалық бағыттағы оқу орындарымен тұрақты жұмыс жүргізуді бастаған. Осы ретте кәсіпорын басшылығы техникалық оқу орындарының студенттері мен түлектеріне арналған 250 орындық кампус үлгісіндегі жаңа заманауи жатақхана құрылысының басталғанын мәлімдеді.

Kia Corporation президенті автомобиль жасау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығының маңызын атап өтті.

— Біз Қазақстан нарығы үшін ашылып жатқан болашағы зор мүмкіндіктерге ризамыз. Қазақстан экономикасы кең ауқымда және жылдам дамып келеді. Нарықтағы бизнесіміздің әлеуеті мол екенін көріп отырғандықтан, мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел басшылығына жеке бизнесті дамытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз бұл үлкен істің бастамасы ғана деп сенеміз, – деді корпорация басшысы.

Бақыт ТҰРАШ