Соңғы бес жыл шамасында қазақтың ұлттық киімдерін күнделікті өмірде киіп жүру ерекше үрдіске айнала бастады. Ал оған дейін ұлттық киімдерді тек Наурызды тойлағанда ғана киетін едік.
Қосетек көйлекті, қапсырмалы бешпет пен оюлы тақияны тек дәстүрлі өнер өкілдері мен әнші-бишілер киеді деп қабылдадық. Кейіннен ұзатылатын қыздар қазақтың ұлттық киімдерін кие бастады. Біртіндеп той-томалақтарда қазақы ою-өрнекті киімдер сәнге айналды. Бүгінде ұлттық стильдегі киімдер мен аксессуарлар жаңа заманға лайықталып, қайта жаңғыруда. Қазіргі заманға лайықталып, минимализм стилінде тігілген тақиялар қазақ аруларының көркін аша түсті. Қыз-келіншектердің, жалпы қазақ жастарының ұлттық нақыштағы дүниелерге деген қызығушылығының арта түскені қуантады.
Қазақтың ұлттық киімдерінің ішіндегі ең сәндісі де, мәндісі де – әйел адамның бас киімдері. Соның ішінде тақияның орны ерекше, өйткені бұл бас киімді қыздар ежелден-ақ күнделікті тұрмыста киген. Тақия – барқыттан, қамқадан тігілетін жазғы жұқа бас киім. Қазақ қыздары киген тақия ертеректе алтын-күміс әшекейлермен, ақ тиын, сусар, бұлғынның үлбірлерімен сәнделген.
Өнертанушы Сабыркүл Асанованың «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде қазақтар ұлттық бас киімдерін XV ғасырда Қазақ хандығы орнағаннан бастап кие бастағаны айтылады. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халық киімдеріне өзгерістер ене бастаған.
Қазақ қыздары үкілі тақияны үш жасынан бастап 18 жасқа дейін, яғни бойжеткенше киген. Бес жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт секілді матадан сырып тігілген. Ол түрлі-түсті моншақ-маржанмен безендірілген.
Өзінің «QARLYGASH» жеке брендімен танылып жүрген қостанайлық дизайнер Қарлығаш Оспанованың айтуынша, «Бүгінде ұлттық киімдерге сұраныс жоғары. Әсіресе, кішкентай балақайларға арнап ата-аналар жиі тапсырыс береді. Кейінгі кезде қазақ қыздарының арасында тақия кию трендке айналды. Тек той-жиынға ғана емес, театрға, концерттерге, тіпті көшеде де қыздардың тақия киіп жүргенін жиі кездестіретін болдық. Тақияны тек қыздар ғана емес, тіпті жас келіншектер де киіп жүр.
Соның ішінде тақия тігуде аса қатты әшекейлеу, фурнитуруаны көп қолдану оның сәнін кетіреді және күнделікті өмірде киюге ыңғайсыз етеді. Қазақы көйлек, шапандар болмаса да, әрбір қыз-келіншекте ұлттық дизайндағы тақия болуы керек деп ойлаймын» – дейді.
Дизайнер ұлттық киімдер мен аксессуарларды ғана емес, ұлттық дүниенің бәрін қайта жаңғыртып, қазіргі заманға бейімдеу керектігін алға тартады. «Қазақ халқында тақия – тек қыздардың ғана емес, ер адамдардың да бас киімі. Ер адамдардың арасында тақияны тастамай киетіндер бар. Қазіргі уақытта ер адамдарға тақия тігуді қолға алып жатырмын. Ерлердің тақиясы әшекейлермен безендірілмейді, тек мүйіз, шырмауық секілді өрнектер салынады. Ұлттық киімдерімізді брендке айналдыру үшін жаңа заманға лайықтап, күнделікті тұрмыста қолданылуға ыңғайлы етіп жасау керек», – дейді ол.
Қазір қыз-келіншектерге сыйлық ретінде осы тақияны беру сәнге айналды. Дүкен сөрелерінде де көп кездестіреміз. Ұлттық киімді ұлықтап, оны киюдің де өзіндік сыры, ерекшелігі, мән-мағынасы болатынын біле жүргеніміз абзал.
Айгерім АМАНТАЙ