Арқалық қаласында да көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Шақшақ Жәнібек көшесі бойында су тасқынынан зардап шеккен адамдарға арналған елу пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мердігер – белгілі «Базис – А» құрылыс компаниясы.
Қазіргі уақытта құрылыс орны белгіленіп, аумағы қоршалып, техника және қол күші тартылып, құрылыс материалдары жеткізілу үстінде.
«Құрылыс мемлекет басшысының «Елге көмек» бастамасы негізінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынып жатыр. Бұл үйде көлемі 70–80 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтерлер болады. Бес қабатты, екі кіреберісі бар үй болады деп жоспарланып отыр», – дейді қалалық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Өміржан Әбдібеков.
Мамандардың айтуынша, ауласы заманауи үлгіде абаттандырылатын, тұрғындарға қажетті барлық игіліктермен қамтылатын жаңа үйдің құрылысы қыркүйек айының басында аяқталып, пайдалануға берілмек.
Бұған дейін Қостанай облысында су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жазған болатынбыз. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жағдайды тұрақты бақылауда ұстауда және қалпына келтіру жұмыстарының барысын жеке өзі басқарып отыр.
«Бүгінгі таңда зардап шеккен 4 097 отбасына 1,5 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді», – деді Құмар Ақсақалов. – «Біз үйі қираған және тасқын судан зардап шеккен адамдарға мүмкіндігінше тезірек жаңа баспанамен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз».
Зардап шеккен үйлердің 95% тексерілді, 796 жөндеуді қажет етеді, 473 қалпына келтіруге жарамайды. Зардап шеккендердің шығынын мүлікке келтірілген залалды өтеу, тұрғын үй сатып алу, сондай-ақ жеке тұрғын үйлер салу жолымен шешілетін болады.
Жаңа тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр: Жангелдин және Амангелді аудандарында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 68 ЖТҚ салынуда, Арқалық қаласында «Базис А» ЖШС есебінен 50 пәтерлі үй салынуда, Қостанай қаласында, Қостанай және Қарасу аудандарында демеушілік қаражат есебінен 36 ЖТҚ салынады.
Зардап шеккендер үшін Қостанай және Арқалық қалаларында Үкімет резерві мен демеушілік қаражат есебінен 101 пәтер сатып алынды. Жалпы, 218 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Бұдан басқа, 2 020 бас өлген малдың шығыны 855 млн теңге сомасына бағаланып, толықтай өтелді.
Қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Барлық зардап шеккен отбасылар қажетті көмек алады.
Бақыт ТҰРАШ