Қостанайда Ikomek ахуалдық орталығының «Жол картасы» әзірленіп, пилоттық жоба іске қосылды. Жыл басынан бері Ikomek ахуалдық орталығына 38 518 өтініш келіп түскен. Оның тең жартысы алғашқы қоңыраудан-ақ кеңес алып, мәселе шешімін тапқан.
Жаңа жоба аясында тұрғындармен тығыз жұмыс істеп, өзекті мәселеге жедел ден қою үшін жергілікті тұрғындар арасынан әр ауданға жауапты адам бекітілген. Бастамашы – қала әкімі Марат Жүндібаев.
Шаһар басшысы Марат Қонысбайұлы орталық жұмысын жақсы бағалады. Өзге сала тәрізді кемшін тұстары барын да жасырмады. Бірақ жалпы алғанда пайдасы көлкөсір. Ахуалдық орталықтың арқасында халық пен билік арасында тағыз қарым қатынас орнағанын да жеткізді.
«Әр аппараттық жиында орталыққа келіп түскен өзекті мәселелерді қарыстырып келеміз. Нәтижесін көріп отырмыз. Шағын мәселе болса да, шешімін тауап жатыр. Әр кезеңнің өзінің мәселесі бар. Орталықта жұмыс істейтін 25 адам қаланың ахуалын бақылауда ұстап отыр. Әр ауданға жауапты адамдардың да жұмысын жақсы бағалаймын. Су тасқыны кезінде тәулік бойына тыным таппады. Тұрғындардың өтінішін жеткізіп, мәселені жедел шешуге атсалысып жүр. Алдағы уақытта да қандай да бір мәселені жасырып қалмай, ұдайыьжәрдемдесе беріңіздер. Мәселені рет-ретімен шешеміз. Жылы аялдамаларға жеке тоқталғым келеді. Біз орнатудан тартынбаймыз. Бірақ күтіп ұстауына келгенде мәселе туындайды. Кей бұзақылар сындырып жатыр. Шынысы қалың, қалай және не үшін шағатынын түсінбеймін. Полиция оларды ұстап, жазасын беруі қажет. Қаланың дамуына барынша күш жұмсап жатырмыз, бірақ осындай кері тартып тұратын жағдайлар кездесіп жатады», – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Бақыт ТҰРАШ