Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Құрылыс жұмыстары басталып кетті

16 мая 2024 8:44 • 378 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының осы өңірге жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновке баяндады.

Президент қысқа мерзім ішінде су тасқынының салдарын жою және зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсету міндетін қойды. Қостанай облысында су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жағдайды тұрақты бақылауда ұстауда және қалпына келтіру жұмыстарының барысын жеке өзі басқарып отыр.

Әлеуметтік қолдау аясында 4 097 отбасы жалпы сомасы 1,5 млрд теңге көлемінде біржолғы көмек алды. Қостанай облысында зақымданған үйлердің 95%-ы тексерілді, олардың 796-сы жөндеуді қажет етеді және 473-ін қалпына келтіру мүмкін емес.

Алгоритмге сәйкес, қалпына келтіруге жатпайтын үйлер бойынша жылжымайтын мүлікке келтірілген залалды өтеу баспана сатып алу немесе көппәтерлі және жеке тұрғын үйлер салу арқылы жүзеге асырылады.

Бүгінде Үкімет резерві мен демеушілік қаражат есебінен Қостанай мен Арқалық қалаларында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алынды. Сондай-ақ Арқалық қаласында «Базис А» ЖШС-ның қаржыландыруымен 50 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Жангелдин және Амангелді аудандарында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 68 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қостанай қаласында, Қостанай және Қарасу аудандарында демеушілік қаражат есебінен 36 үй салу жоспарланып отыр. Қалған 218 зардап шеккен отбасыға тұрғын үй сатып алу арқылы шығынды өтеу көзделген.

Сондай-ақ облыс әкімі 2 020 бас мал шығыны үшін келтірілген залалды өтеуге 855 млн теңгеден астам төлем жасалғаны туралы баяндады.

Премьер-Министр Олжас Бектенов қысқа мерзім ішінде қалған үйлерді тексеру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру және зардап шеккен тұрғындарды қолдау – Үкімет жұмысының негізгі басымдығы.

Бақыт ТҰРАШ