ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жаппай егіс жұмыстары кезінде аймақтарды аралауда. Сапар барысында ол Қостанай облысының бірқатар аудандарын аралап, өңірдегі егіс және фитосанитарлық жағдай бойынша кеңес өткізді.
Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша биылғы жылы Қостанай облысы аумағында жалпы егіс алқабы 5,5 млн га құрайды, жаппай егіс науқаны енді ғана басталып, әзірге облыста 1,3 млн га егілді.
Ауыл шаруашылығы министрі егіс науқанын қаржыландырудың маңыздылығын атап өтті, оған биыл алғаш рет 580 млрд теңгеге дейін жеңілдікті пайызбен қарыз қаражаты бөлінді. Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына Қостанай облысы бойынша «АКК» АҚ-ға жалпы сомасы 36,7 млрд теңгеге 406 өтінім келіп түсті. Сонымен қатар, өңірде 176,2 мың тонна астық сатып алуға жалпы сомасы 11,9 млрд теңгені құрайтын форвардтық сатып алуға 132 өтінім түсті.
Биыл көктемгі дала жұмыстары ауқымды жерде жүргізіліп жатыр. Дәнді дақыл алқабы былтырғы межеде сақталса, майлы дақыл алқабы 13,7 пайызға ұлғайтылды.
Әлеуметтік маңызы бар қарақұмық (20 мың га), картоп (4,9 мың га) іспетті егіс алқаптарының көлемі де ұлғайған. Сонымен қатар, мал азығына арналған алқап та 95 мың гектарға кеңейген.
Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмысының төрттен бір бөлігі еңсерілді. Ауыл шаруашылығы серіктестіктері жұмыс қарқынын одан әрі арттырып, тәуліктік межені еселей түсуді көзеп отыр. Осы мақсатта, қолдағы бар техника егіс алқабына жұмылдырылған.
Мемлекет тарапынан шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде: ЖЖМ жеткілікті мөлшерде жеткізіліп, минералды тыңайтқыштарды жеткізу бойынша келісімдер жасалған, қазірдің өзінде оның басым бөлігі шаруаларға жеткізілген.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауқымды көмектің арқасында көктемгі дала жұмыстарының мерзімінде аяқталатынын жеткізді. Жалпы, биыл жақсы өнім алу үшін барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров фермерлерге минералдық тыңайтқыштарды жеткізу көлеміне назар аударды. Қостанай облысы бағдарламаға белсенді қосылды және бүгінгі таңда өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 108,7 мың тонна тыңайтқыш жеткізілді, оның ішінде зауыттарға (ҚазАзот АҚ және Қазфосфат ЖШС) аванстық субсидиялау тетігі шеңберінде арнайы шотқа 24 мың тонна көлеміне 2,2 млрд теңге аударылды.
Фитосанитарлық қауіпсіздік бойынша кеңес барысында өңірдің ауыл шаруашылық тауар өндірушілері облыста шегіртке дернәсілінің таралу болжамына алаңдаушылық білдірді. Айдарбек Сапаров расымен де 2024 жылы Қостанай облысында зиянкестердің 775 мың га алқапта таралуы болжанып отырғанын атап өтті. Ведомство қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алып, аумақтарды емдеуге арналған қызметтерді жүргізіп, зиянкестермен күресуге алдын ала дайындала бастады. Қазіргі уақытта пестицидтер өңірде толық көлемде, өңдеу жұмыстары шамамен мамыр айының соңында басталады.
Қостанай облысындағы шаруа қожалықтарын аралап болған соң, Ауыл шаруашылығы министрінің сапары Ақтөбе облысында жалғасады.
Бақыт ТҰРАШ