Қостанай қаласы «Жастар» сарайында мәдениет және өнер қызметкерлері күні арналған салтанатты жиналыс болып, мәдениет қызметкерлері мен мәдениет ұжымдары марапатталды. Бұл мереке 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді.
Бүгін де облыс орталығындағы «Жастар сарайында» айшықты мереке ерекше сән-салтанатымен өтті. Оған облысымыздың әр түкпірінен келген өнер адамдары қатысты. Өңірдегі мәдениет ошақтары жалпақ жұртқа рухани азық сыйлап, ел бірлігін бекітіп, таным деңгейін арттырып, алаулап атқан әр таңды сәулелендіре түседі.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер» – деген еді.
Ән әуелеп, күй күмбірлеген көркем кеште мереке иелерін облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхамедқалиев құттықтады.
«Ел ауқымында жыл бойы, аптаның жеті күнінде түрлі аудиторияларда, кітапханалар мен музейлерде, мәдениет сарайларында, алып стадиондар мен қала алаңдарында үздіксіз өтіп жататын сан түрлі мазмұндағы, ірілі-ұсақты, алуан сипат-көріністі мәдени іс-шараларды, концерттер мен қойылымдарды, көрмелер шығармашылық кештерді, кездесулерді, отандық, шетелдік қонақтардың қатысуымен жүрілетін ауқымды мегафестивальдар мен галаконцерттерді, т. б. белгіленген уақытында, асқан жауапкершілікпен, көпшіліктің көңілінен шығатындай тап-тұйнақтай атқарып шығу – мәдениет саласы қызметкерлерінің әдепкі жұмысы, сан-салалы қызметінің бір сәті ғана. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Оның артында басшылықтың ұйымдастырушылық қызметінен, қызметкердің орындаушылық жауапкершілігіне дейінгі қаншама күш-жігер, төгілер тер жатыр. Сан ғасырдан келе жатқан халық өнері мен мәдениетін сабақтап, өрге сүйреп келе жатқан өздеріңізсіздер. Ұлылар туған өңірдің мерейін асқақтатып жүрген қаншама дарынды мамандарымыз бар. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз мол. Алда да алар асуларымыз зор. Оның бәріне бірге жетеміз деп сенемін!» – деді Ринат Зәкиұлы.
Елімізде 8 мыңға жуық мәдениет ошағы бар. Театр, музей, кітапхана, концерттік ұйымдар, шағын өнер ордаларында 64 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым. Себебі әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс – тіршілігі, салт – дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет – адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды.
«Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей, еліміздің мәдениет саласын өрге сүйреп жүрген қызметкерлер өз еңбегінің жемісін жеп, алаңсыз өмір сүріп, отбасының тірлігін өрге сүйреуі маңызды. Бұдан соң марапаттау рәсіміне кезек берілді. Мәдениет саласында талмай жұмыс істеп жүрген, осы бір бейнеті мол бағыттағы бар шаруаға жан-тәнімен беріле қызмет еткендердің еңбегі еленген тұстары да баршылық.
Облыстың әр түкпірінен жиналған сала қызметкерлеріне жемісті еңбектері үшін құрмет көрсетіліп, сахна төрінде сый-сияпат жасалды. Мереке иелеріне төсбелгілер, алғыс хаттар мен дипломдар табыс етілді.
Жиылған көпшілік мәдениет сарайының кіреберісіне құрылған этноауылды аралап, көркем көрмені тамашалады. Мұнда ұлттық бұйымдардың саудасы қызып, қызығушылық білдірген жұрт әшекей бұйымдарды сатып алып жатты.Көрермен қауым мерекелік іс-шарадан көңілді тарқасты.
Сондай-ақ, осы күні, облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында қазақстандық X-Factor телевизиялық жобасының жеңімпазы Ұлпан Жұмабек және оның анасы Эльвира Алматованы қабылдады.
Кездесу барысында Ұлан Жұмабектің таланты, еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында жеткен лайықты жеңісімен құттықтадым. Ұлпанның анасы – Эльвира Сәдерханқызына жастарға үлгі боларлық талантты ұрпақ өсіргені үшін алғысын білдірді.
— X-Factor-біздің еліміздегі ең жоғары бағаланған телевизиялық жобалардың бірі. Жобаның жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстанды халықаралық аренада өз өнерлерімен танытып жүр. Біздің аймақ таланттарға бай. Біздің міндетіміз – Ұлпан Жұмабек сияқты дарынды тұлғаларды қолдап, одан әрі дамуына жағдай жасау, – деді өз сөзінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ