«Мектептің жүрегі — мұғалім» деген аталы сөз қазақтың ұлы ағартушысы, әліппенің атасы, өнер-білім жыршысы, қазақ балаларын білім мен ғылымға шақырып қана қоймай, бар өмірін осы арманын іске асыруға арнаған талай мектептер мен оқу орындарын ашып орындалған арманын өз көзімен көріп кеткен Ы.Алтынсарыұлы болатын.
Үстіміздегі жылы ұлы ағартушы-педагогтің Қостанай қаласындағы халықтан жинап өзінің де қаражатын қосып алғашқы қазақ балаларына салған мектебіне 140 жыл толғаны отыр. Бұл мектепті талай-талай талантты тұлғалар бітіріп шықты…
Әрине бірінші кезекте ол мұғалімдер мен тәрбиешілердің тынымсыз еңбектерінің жемісі. Әр жылдары Ы.Алтынсарыұлы мектебінде көптеген тамаша білікті де білімді өз ісіне берілген мұғалімдер еңбек етті. Солардың ішінен ұстаз-майдангер Шайхин Мырзахмет ағайымыздың орны ерекше.
Шайхин Мырзахмет Жабетұлы 1912 жылы 5 мамырда Ақтөбе облысы Мәртүк ауданында Елек ауылында шаруаның отбасында дүниеге келген сегіз баланың бірі болатын. 1924-25 жылдары ауылдағы бастауыш мектепте оқиды. 1927-28 жылдары Ақтөбеде, ал 1929-32 жылдары кооператив училищесін бітіріп есепші мамандығын алады.
1932-34 жылдары Орал қаласындағы Қазақ мемлекеттік пединститутында оқып, екінші курсын аяқтаған соң сол институтын педрабфакта мұғалімдік жұмыста болады. Сонымен өзі де 1939 жылы осы институттын қазақ тілі мен әдебиеті факультетін өте жақсы деген бағалармен аяқтайды. 1939 жылдың тамыз айында Қазақ ССР-ның халыққа, білім беру комиссариаттың жолдамасымен Қостанай қаласындағы Ыбырай салған жалғыз қазақ мектебіне мұғалім болып орналасады.
1939 жылдың тамызынан 1941 жылдың маусымына дейін осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, 1941 жылдың маусымынан 1942 жылдың шілдесіне дейін Жамбыл мектебінің директоры болады. 1942 жылдың шілдесінен 1945 жылдың қазан айына дейін соғыста танкы бөлімшесінің командиры болды. Әйгілі Курсккідегі танктер ұрысына қатынасты Қызыл Жұлдыз орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. Соғыстан соң Қостанайдағы Жамбыл мектеп-интернатына оқу бөлімінің меңгерушісі, 1955-1962 жылдары қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс істейді, өмірінің соңына дейін облыстық мұғалімдерді білімін жетілдіру институтында қызмет етеді. 1943 жылы соғыстан уақытша демалысқа келген Б.Момышұлы қазақ тілі жайлы қазақ зиялыларына үлкен ой салып әңгіме қозғағанын білеміз. Сол сияқты 1945 жылы соғыстан жеңіспен оралған Мырзахмет ағай қазақ тіліне, ұлт тәрбиесіне, ұлт санасына ден қойып 30 жылдай еңбек етеді.
Бірінші кезекте М. Шайхин Ы.Алтынсарыұлын оқу-білімнің Пайғамбары деп санаған ұлы ағартушының еңбектерін насихаттаған, мектеп алдына ескерткіш тұрғызуда, зират басын көтеруде, атасы Балғожа биге туыстарына ескерткіш, мектепте мұражай ашуда, мектеп ғимаратын сақтап қалуда көп ізденісте болып, бармаған басшысы, ашпаған есігі болмады.
Мысалы Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарыұлына ескерткіш қойдыру үшін 1958 жылдың 15-ші шілдесінде Қазақ ССР-ның мәдениет министрінің орынбасары Қосыновқа, Қазақ ССР-ның бақылау комиссиясының төрағасы Жүсіповқа хат жазады. Ал облыстық қалалық билік басшылары мектеп-интернатты өздеріне алып, басқа мектепке беруге, қалған орындарды пәтер қылуға әрекеттеніп қысым жасағанда Мырзахмет Шайхин ағайымыз 1955 жылы 19-шы маусымда Қазақ ССР-ы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің І хатшысы Л.Брежневке хат жолдайды. Осындай еңбектің нәтижесінде 1884 жылы ұлы ағартушы-педагог Ы. Алтынсарыұлы салған мектеп көптеген жылдар бойы қазақтың ұл-қыздарына білім беріп, ұлттық негізде тәрбие алуға мүмкіндік алды.
Құрметті оқырман, енді Шайхин Мырзахмет ағайымыздың Ы.Алтынсарыұлы жайлы ұл-қыздарына тастап кеткен кейбір естеліктерінен деректер келтірейік.
«Осы күнгі Ы.Алтынсарин атындағы мектеп үйі тұрған жер ол кезде биік дөңес қаланың шет жағы есептелетін. Бұл дөңес көкорай шалғын, шыршалы жер болған. Қазіргі Тәуелсіздік (бұрынғы Таран), Абай даңғылы (бұрынғы Комсомол) және М.Дулатов (бұрынғы Октябрь) көшелері тұсындағы дөңесті үш көл қаршап жатқан. Ыбырай нақ осы жерді таңдап алып, қазіргі мектеп үйін салдырды. Мектептің қарсы алдынан бақ орнатып балаларды еңбекке баулу мақсатымен оларға ағаш отырғызады, түрлі жеміс ағаштарын қалай отырғызу, өсіру әдістерін үйретеді. Сол кішкене бақ әлі де бар. Оны қазіргі мектеп оқушылары мәпелеп күтіп, ұлы аталарының көзіндей сақтап келеді» — делінген. Өкініштісі ұлы педагог салған мектепті кеңес үкіметі құлатып тынды. Мырзахмет ағайымыздың қыиналып бір айтқаны ол Қазақ ССР тарихында Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығы мен өмірбаянына тіпті аз орын берілген. Ыбырай шындағында ағартушылық қызметі сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қолма-қол атқарған адам ғой. Сондықтан оның ағартушылық-педагогтік қызметін тарихта тереңірек ашып көрсету, оған лайықты баға беру қажет – деп ойын түйіндейді. Тағы бір естелігінде Шайхин Мырзахмет: «Тобылдың арғы бетінде, жағада Қостанай қаласынан екі километр жерде Инспектор көлі бар. Көлдің бұлай аталуы Ыбырайға байланысты.
Ыбырай бұл жерді сатып алып қоныстанған кезде халық ағарту инспекторы болып істеген. Содан халық бұл көлді Инспектор көлі деп атап кеткен. Көлді айнала ағаш өскен. Ыбырай өмірінің соңғы жылдарын осында өткізіп, қалаға атпен қатынап тұрған. Осы көлдің жағасынан ол өзіне арнап, 12 бөлмелі ағаш үй салдырған. Сол жерде Ыбырайдың туған-туыс, ағайындары бірге болған. Ыбырайдың әйелі Айғаныс 1922 жылы Ыбырайдың ағаш үйін сатады. Сол үйдің ағашынан салынған үйде қазір Затобол ауданының кітапханасы бар. Бұрын мұнда Затобол ауданының клубы болған. Ыбырайдың осы Инспектор көлін және үйін оның ескерткіші есепті қайта қалпына келтіріп, бұл жерді мемлекеттің қамқорлығына беріп, музей үй етуге болар еді» — деген ойды айтады.
Шайхин Мырзахмет ағайымыздың облыстық газетіміз «Қостанай таңы» (ол кезде Коммунизм жолы) редакциясымен тығыз байланысты болғаны белгілі. Жақында ізденіс нәтижесінде кейбір мақалалары да табылды. Онда аталған газет редакциясының штатынан тыс «Мектеп өмірі» бөлімі ұйымдастырылыпты. Олардың қатарында Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернатының оқытушылары Мырзахмет Шайхин, Әукен Молжігітов бар» — делінген.
Келесі бір деректе Мырзахмет ағайымыздың М. Әуезовтың өмірден озғанда өз көңілін былай білдіргені газет бетінде жарияланған екен: «Ер қазасы ел белін қайыстырды. Бүгінде бүкіл әлемдегі адал адамдардың, әдебиет сүйген қауымның көзі жасты, көкрегі шерлі. Мұқтар қазасын аза тұтты халық. Кешегі күңіреніп өткен Абай Құнанбайұлы емес халық ұлы болса, Мұқтар тек қазақ ұлы ғана болып қалмай, әлем ұлы болып еді. Мұқтар ойы, Мұқтар сөзі өлмейді. Оны өлтіруге ажал дәрменсіз: Қош, Мұқа! Қош, арысым! Елің мәңгі ұмытпайды сені».
М. Шайхин Ы. Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернатының оқытушысы.
Мырзахмет ағайымыздың өмір жылдары, еңбек жолдары басқаша болуы мүмкін бе еді? Жоқ! Себебі М. Шайхин ел тарихындағы талай тартысып, ауыр заманның куәгері болды. М. Шайхин (1918-19, 1921-1922, 1931-1932 жылдардағы) аштықты, 1928-1930-шы жылдардағы кәмпескені, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді, қазақтың маңдай алды оқыған парасатты ұлтының алтын діңгегі болған Алаш арыстарын айдауға жіберген, атқан өздері түгілі отбасымен көбін құртып жіберген, ұрпақтары да қалмаған ұлтының Ұлыларын қырып салғанды көзімен көргендерден естіген ересек ер жеткен Мырзахмет ағайымыздың ұлттық санасын ерте оятты, намысын қайрады, рухын көтерді. Сондықтан Шайхин Мырзахмет соғыстан жеңіспен оралғаннан кейін жастарға Мүршида Шайхимовнамен ол ұстазымыз да біздерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мырзахмет ағайымыздың жұбайы болатын. Отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне, ырым, тыйымдарға мақал-мәтелдерге, қазақтың эпос-жырларына ән-күйлеріне ерекше көңіл бөлетін. Мүршида апайымыз жыл сайын оқу үрдесі кездерінде бір айда шығарма, келесі айда мазмұндама, тағы да шығарма, шығармаларды айына кейде екі рет жаздыратын. Кезінде тіпті ренжитін де болдық. Қажеттілігін, дұрыстығын кейін түсіндік. Сондағысы оқушылардың ұлттық санасын ояту, ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруы екен. Тіпті осы мектеп-интернатта алты жыл оқығанда «Қазақ әдебиеті» үйірмесіне қатыстырып, төрт оқу-жылдарында әр сыныптағылармен айтыс та ұйымдастырып өткізіп отырды. Бәрі есімде 1963-ші жылы Ержанов Төлегенмен, 1964 жылы Мұқамеджанов Серікпен, 1965 жылы Досжанов Есентемірмен, 1966 жылы Тілемісовпен айтысқанымыз есте қалған. Әрине одан біз ақын, жазушы, журналист болған жоқпыз. Бірақ ең бастысы қазақ деген Ұлы Ұлттың басқалардан кем емес екенін, өз ұлтына, өз халқына адал қызмет ету ол ең бақытты адамның өмірлік кредосы екенін түсіндік.
Жақып Қалқаман, Қостанай қаласының Құрметті азаматы