Қостанайда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлер салына бастады. Техникалық сараптаманың қорытындысы бойынша қалада барлығы 96 жеке ғимарат қалпына келтірілмейді.
Олардың иелеріне таңдау үшін көп қабатты үйлердегі пәтерлер немесе жеке сектордағы үйлер таңдауға берілді. Жаңа үй салуға Қонай шағын ауданы анықталды.
Болашақ қоныстанушылармен су тасқынының салдарын жоюмен айналысатын мобильді топтың өкілдері кездесті.
Бүгінде Қонайда тұруға тоғыз отбасы ниетті екенін айтқан. Олар үшін ауданы 80 шаршы метр болатын біркелкі үлгідегі тоғыз үйдің құрылысы басталды.
Шағын ауданның болашақ тұрғындары Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевпен бірге құрылыс алаңына барды. Шаһар басшысы үй құрылысы шілде айында толық аяқталатынын жеткізді.
«Бір типтік үйлер ауданның басты көшесінің бойына салынады. Нақты тоғыз үй салынатыны да соңғы шешім емес, келешекте саны көбеюі де мүмкін. Көріп тұрғандарыңыздай, дәл жанында мектеп те салынып жатыр. Қалада 174 жеке үй мен 53 саяжайдағы үйлер зардап шекті. Сондай-ақ тасқын салдарынан қираған 227 үйдің 96-сы апатты жағдайда деп танылды. Үйсіз қалған 80 адам көп пәтерлі тұрғын үйде тұруды шешті. Қазіргі кезде 24 пәтер сатып алынды. Тағы тоғыз отбасы Қонай шағын ауданыда тұруды жөн санап отыр. Қазір үйлердің орындары қазылып, құрылыс жұмыстары басталды», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қала әкімінің айтуынша, жергілікті мердігер «ЭкспоТранс» ЖШС бас күш-қуатын осы үйлерді тезірек аяқтауға жұмсамақ. Сондай-ақ үйдің аумағы абаттандырылып, қоршалып, барық коммуникациялық жүйелер тартылатын болады.
Бақыт ТҰРАШ