Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Соңғы үкім» көрерменге жол тартты

30 мая 2024 8:26 • 381 просмотров

Қостанайда «Соңғы үкім» көркем фильмінің премьерасы өтті. Туынды қазақтың көрнекті қайраткері және ағартушы Ахмет Байтұрсынұлына арналған. Фильм Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарының жерінде түсірілді.

Қазақтың ұлы гуманист-күрескері Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильм жарыққа шықты. Толықметражды тарихи драма Ақаңның сұлу да қасіретті тағдырының мәлім-беймәлім қырларын паш етеді.

23 мамырдан бастап еліміздің кинотеатрларында «Соңғы үкім» толықметражды көркем фильмі көрсетіліп бастады. Бұл фильм бар білімі бастауыш мектеп мұғалімі ғана, бірақ Ресей империясы мен Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған білімпаз қазақ зиялыларының алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған әзіз тұлға туралы.

Туынды ана тілінің қыр-сырын танып, жоқ жерден терең ғылым жасаған, сол тілді туған елінің өнер-білім игеріп, озық жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге бар білігі мен қайратын жұмсаған ғажайып ғалым туралы. XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны өздеріне тең тұтқанмен, ол мұғалім деген сөзді өзі үшін ең құрметті атақ деп білді.

Қарапайым ауыл мұғалімі өз елінің теңдігі мен хақысын талмай жоқтаған күрескерге, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтқанда, «Өз сенімінің қайтпас қайсар пайғамбарына, алғашқы ұлт газеті «Қазақтың» редакторы һәм негізін қалаушы, шығарушысына» қалай айналды? Күрестің зорлықтан тысқары, бейбіт жолын ұстанған ізгінің алты рет абақтыға қамалып, екі мәрте жер аударылып, екі рет өлім жазасына кесілуінің сыры неде? Қандай ғұмыр кешті, неге сенді, нені көкседі, достары кім еді, не үшін күйді, қалай сүйді? «Соңғы үкім» кинотуындысы осыны өзек етеді.

Көрерменнің көз алдында ұлы тұлға өмірінің ең бір қияпатты бұрылыс-бұрмаларынан елес беретін көріністер тіріледі. Басына небір қиындық түскенмен, аласапыран заман тезінен адамшылық қалпын айнымай өтіпті. Фильм

«Мен өлсем де, өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа не алар өлім менен?
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен», 

– деп өткен қайран Ақаңның ақтық демі үзілер шаққа дейін жалғасады.

Кинотуынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Фильм Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарының жерінде түсірілді.

Рөлдерді Азамат Сатыбалды, Дарья Александрова, Еркебұлан Дайыров, Айдар Наурызбаев, Александр Багрянцев, Ерлан Кәрібаев, Максим Лукаянов, Михаил Токарев, Дәурен Серғазин, Алексей Фиалко, Назгүл Қарабалина, Ғалымбек Оспанов, Александр Свинцов, Нұралим Варисов, Иркә Абдулманова, Айболат Дастанұлы сомдайды.

Аталмыш туындының премьерасы Қостанай қаласында да өтті. Оған фильм режиссері мен актерлер келді.

— Үлкен тұлғаның образын сомдау мен үшін үлкен абырой. Мұқағалидан кейін келесі бейнеге көшу қиын болды. Дегенмен, режиссермен жұмысымыздың арқасында Ахаңның тағдырын, кейпін барынша көрерменге жеткізуге тырыстық. Бұл менің киномотографмиямдағы ауқымды рөлдердің бірі, – дейді басты кейіпкерді ойнаған актер Азамат Сатыбалды.

Фильм көрермен мен сыншылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, көптеген жақсы пікір қалдырды. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы Ибраһим Ағытайұлы туындыдан ерекше әсер алғанын жеткізді.

— Бірнеше жылдан бері атамыздың ізімен Ресей жерлерін араладық. Сондағы бейнелердің ұшқыны осы туындыда айқын көрініс тапқан. Актерлердің рөлдерді шебер орындауы және қайта жасалған тарихи оқиғалар фильмді жарқын және есте қаларлық етеді. «Соңғы үкім» көрерменді баурап қана қоймай, Ахмет Байтұрсынов мұрасының Қазақстан үшін маңыздылығы туралы ойландырады, – деді Ибраһим Ағытайұлы.

Қайраткер тұлға туралы фильмнің сценарий авторы Ғалым Доскеннің айтуынша, «Соңғы үкім» тарихи драмасы нақты деректерге сүйеніп түсірілген.

— Естеліктерінің өзінде қайшы тұстар кездеседі. Оның өзі қаншалықты рас екенін тексеріп алу керек. Сондықтан біз барынша сол кездегі жағдайға, сол кездегі реалиге, сол кездегі саяси жағдайға осы фильм жауап бере ала ма, жоқ па дегенге басымдық бердік, – деді сценарий авторы, продюсер Ғалым Доскен.

Фильмде Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған, қазақ зиялыларының алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған бастауыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалады. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін салып, XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны қалай тең тұтқаны, оны жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге білігі мен қайратын жұмсағаны көрсетіледі. Жалпы кинода ағартушы, педагог ғұмырының қилы кезеңдері мен бұралаң сәттерінен тұратын 8 кезеңі көрініс тауыпты. Басты рөлді белгілі актер Азамат Сатыбалды сомдаса, ұлт ұстазының адал жарын Дарья Александрова ойнаған.

Бақыт ТҰРАШ