Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Даму кепілі – іркіліссіз ілгерілеу

6 июня 2024 8:47 • 292 просмотров

Сарыкөл ауданында соңғы төрт айда атқарылған шаруа аз емес. Алға қойылып отырған жоспар-жобалар мен мақсат-міндеттер одан да көп. Межелі жұмысты еңсеру үшін әлі де көп қажыр-қайрат керек-ақ. Өйткені түйткіл тетігі де, табыс кепілі де тынымсыз, тыңғылықты еңбек қана…

Экономика қайтсе еңселенеді?

Осы өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы аудан әкімі Амантай Балғарин кеңінен мәлімет берді. Ол сөз басын аудандағы жетекші сала – ауыл шаруашылығынан бастады. Бұл саланың басым бағыттарын қуаттандыра түсу маңызды міндетке айналып отыр. Қазіргі таңда маусымдық жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруға күш-жігер жұмылдырылуда. Әңгіме – егіс жұмыстары турасында. Бүгінде күн райының аздаған қолайсыздығына қарамастан, диқандар көктемгі дала жұмыстарын аяқтаудың сәл алдында тұр. Осы жылы ауданда 341,5 мың гектар алқапқа дән сіңіріледі. Барлық қажетті жағдай жасалып отырғандықтан, жер төсін емген шаруалардың алдындағы ендігі міндет – астықтың бітік шығуына қам жасап, көл-көсір өнім алуға күш салу. Олар елдегі ірі корпорациялардан демеу қаржы алған.

«Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатымен ауданның 33 кәсіпкері «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на 597 млн теңге несие алу үшін өтінім берді. Қазіргі уақытта олардың 25-не 478 млн теңге төленген. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-на жаппай астық және майлы дақылдар сатуға 18 өтінім берілді. Мұның нәтижесінде биылғы орақ маусымынан 1,6 млрд теңгеге 19 мың тонна өнім өткізілуге тиіс. Бүгінде аталған соманың 1,2 млрд теңгесі мақұлданып отыр», – деп баяндады аудан әкімі.

Мұның сыртында, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 5%-дық жеңілдетілген несиелендіру игілігін иеленіп отырған диқандар да бар. Қазіргі сәтте 3 млрд теңгеден астам қаржыға өтінім беріліпті. Бұдан бөлек, мемлекет литрін 250 теңгеге бағалап, арзан құнмен дизель отынын беріп жатыр. Бүгінде сарыкөлдік 265 кәсіпкер 3,5 мың тоннадан астам жанар-жағар майға қол жеткізген. Мұның сыртында, диқандар 4 мың тонна тұқым сатып алыпты. Олардың жартысына жуығы элиталы тұқым саналады.

«Жалпы, тұқым сұрыбын жаңарту жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Биыл оның 4,8 пайызға жаңартылғанын айта кетейік. Осы жылы ауданда «Сатаев» ШҚ тұқым өсіру шаруашылығын қолға алған еді. Бұл қожалық облыс аграршылары үшін бірінші репродукциялы 1,9 мың тұқым әзірледі», – деп отыр А. Балғарин.

Сарыкөл өңірінде мал шаруашылығын өрістетуге де мейлінше ден қойылып отыр. Дей тұрғанмен осы салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Солардың ең негізгісі – жайылымдық жерлердің жетіспеуі. Осы түйткілді шешу үшін қолданылмай жатқан және заңға қайшы келетін айлалармен берілген жерлерді қайтару жүмыстары жүргізілу үстінде. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығына арналған төрт жер учаскесі қайтарылған. Нақтылай айтқанда, Крылов, Үлкен Дубрава, Златоуст, Урожайный ауылдарында 2,8 мың жер халық игілігіне беріліпті. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

Әкім берген мәліметке сәйкес, ауданда мал бағумен 154 шаруашылық айналысса, солардың төртеуі «асыл тұқымды көбейтушілер» мәртебесіне ие. Соңғы дерек бойынша, осы саладағы өнім табысы 1,5 млрд теңгеден асып түскен. Өңірдегі өңдеу өнеркәсібі, тауар айналымы және негізгі капиталға түсетін инвестиция көлемі арта түскен. Жыл соңына дейін ауданда 11 инвестициялық жоба жүзеге асқалы отыр. Оған 832 млн теңге жұмсалады. Нәтижесінде, жаңадан 36 жұмыс орны құрылмақ.

Кезек күттірмес түйткіл көп

Ауданда, әлбетте, халық көтеретін мәселелердің көбін кезек күттірмей шешуге баса ден қойылады. Әсіресе, көпшілікті жиірек толғандыратын тұрғын үй-коммунал секторына, өңірде өмір сапасын арттыруға қатысты мәселелерді оңалту жыл он екі ай жіті назарда.

«Күн райы оңтайланысымен сегіз елді мекенде жол жөнделе бастады. Ұзын саны 26 көше қалпына келтірілмек. Оған мемлекет бюджетінен 1,081 млрд теңге бөлінді. Тағы 1 млрд теңгеге Златоуст ауылына апаратын 19 шақырым жөнделіп жатыр. Құрылысшылар жұмыстың орта белінен асты», – деп мәлімдей өтті аудан басшысы.

Аудандағы елді мекендерді орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамту әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Жыл басынан бергі дерекке сүйенсек, аудандағы ауыз су қолжетімділігі үлесі – 85,4 пайыз. Биыл Комсомольский және Веселый Подол ауылдарына су тартылып жатыр. Барвинов ауылына да су тарату нысанын салу жұмысы жуық арада басталмақ. Бұған 2,2 млрд теңге жұмсалады делініп отыр. Құжат бойынша, жұмыстардың аяқталу мерзімі – 2024-2025 жылдар. Нақ осындай жоба Севастополь ауылында да іске асады. Құндық құжаты ведомстволық емес сараптаманың мақұлдауынан өткен. Облыс әкімдігінің ТКШ басқармасына 741 млн теңге қаржы бөлу үшін өтінім беріліп қойған. Егер осы аталған ауылдарға сапалы ауыз су жетсе, ауданда тіршілік нәрімен қамтылған халық үлесі 94,4 пайызға жетпекші.

Елді мекен көшелерін жарықтандыруға да тыңғылықты жоспар құрылып отыр. 2025 жылдың соңына дейін бұл мақсат 100 пайыз орындалмақ. Жөндеуден өтетін әлеуметтік нысандар да біршама. Мәселен, соңғы бес жылда бес мектепке күрделі жөндеу жасалған. Биыл Барвинов жалпы білім беретін мектебі толық жаңартылмақ. Бұған облыс қазынасынан 270 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Мердігері де анықталды – рудныйлық «СК-Априори» ЖШС. Бұдан бөлек, 120 млн теңгеге № 1 Урицкий ЖББМ, Б. Өтетілеуов атындағы мектеп, Тагил, Крылов ауылдарындағы оқу ошақтары ішінара жөнделеді.

«Ауруханамызды жөндеу көп жыл бойы тұралап келген мәселе еді. Өткен жылы облыс басшылығы ұсынысымызды мақұлдаудан өткізіп, 1,6 млрд теңге бөліп отыр. Мердігер де таңдалды, «Гренада» ЖШС осы жауапкершілікті міндетіне алмақ. Жұмыс 2025 жылы аяқталады деп отырмыз. Мұның сыртында, Златоуст, Крылов, Веселый Подол және Маяк ауылдарында жаңа ФАП пайда болады – дейді А. Балғарин.

Ауылды ажарландыру – маңдайалды мақсат

Мемлекет ауылдардың жағдайын түзеуді, шалғайдағы жұрттың өмір сапасын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуды жіті назарда ұстап отыр. Бұл үшін түрлі бағдарлама мен жобаның іске қосылғаны баршаға аян. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» қағидасы аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер де жергілікті жерде мейлінше қолдау-демеуін көрсетіп отыр.

Амантай Балғариннің айтуынша, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға кесе-көлденең шығатын өзекті мәселелерді шешуге барынша күш салынып жатыр. Бүгінде ауыл жұртының өмір сапасын жақсартып, елді мекендерді аяқтан нық тұрғызуға ерекше ден қойылып отыр. Осы жылы әкімдік ауылдарда көптеген жобаны іске асыру үшін жергілікті кәсіпкерлермен 350 млн теңгеге 570 меморандум жасасқан. Осылайша, аудан әкімдігі мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінетін кәсіпкерлер екі жыл мерзім ішінде түйткілдер түйіншегін бірлесе шешпек.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлерде жергілікті кәсіпкерлердің жеке қаржысына үй салынып, баспана сатып алынады. Мыласы, биыл Тимирязев ауылында «Аникин», «Өтемісов» шаруа қожалықтары 60 млн теңгеге үш тұрғын үй тұрғызады. Комсомольский ауылында «КазПроИнвест» ЖШС екі пәтерлі екі үй және хоккей кортының құрылысын бастайды. Серіктестік бұл нысандарға 42 млн теңге жұмсамақ», – дейді аудан әкімі.

Мұның сыртында, Тагил ауылында және Сарыкөл кентінде жергілікті ЖШС мен ШҚ кәсіпорын жұмысшыларына арнап жаңа тұрғын үй құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жалпылай алғанда, осы жылы ауданда 2 060 шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұдан бөлек, ауылдарды абаттандыруға мемлекет қазынасынан 857 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы көшелерді жарықтандыру, ауылішілік қоршаулар орнату, спорт және балалар алаңын, хоккей корттарын салу істеріне шығындалмақ.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының елдің әр түкпірінде жемісті іске асып жатқаны да баршаға мәлім. Жобаның басты игілігі – ауыл тұрғындарының ойға алған кәсібін, бизнес-жобаларын қолдап-қуаттайтынында. Мұндай мүмкіндіктен сарыкөлдік азаматтар да құралақан қалып жатқан жоқ. Соңғы мәліметке сүйенсек, ауданда осы бағдарлама арқылы демеу қаржы алуға 27 тұрғын өтінім берген. Жалпылай алғандағы сома – 173 млн теңге. Тоғыз өтінім әлден-ақ комиссия қарауында жатыр. Бағдарламаға қатысушы сарыкөлдіктердің дені ауыл шаруашылығы жануарларын өсіргісі келеді. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, ауданда мал өрістетуге кедергі болып отырған күрделі мәселе бар.

«Әлгінде ғана айтқанымыздай, ауданымыздағы кейбір елді мекенде жайылым жетіспейді, өріс тар. Сондықтан, шама-шарқымыздың жеткенінше, бағдарламаға қатысушыларды бизнестің басқа түрлерін таңдауға үгіттеп жатырмыз. Жайылым мәселесі біртіндеп шешілгенше осылай амалдай тұруымызға тура келеді», – дейді аудан әкімі.

Аудан басшысы өңірде қайта өңдеу өнімдерін шығару, халыққа қызмет көрсету секілді сан түрлі саладағы жобалардың да болашағы бар екенін айтады. Осы бағытта жемісті жұмыс істеп жатқан азаматтар қатары да біртіндеп көбейіп келеді…

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ