Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Серік Жұманғарин диқандармен жүздесті

6 июня 2024 9:02 • 1 464 просмотров

Биыл Қостанай облысында, негізінен оңтүстік және батыс өңірлерде шегірткенің белсенділігі байқалады.

Шегірткелер көп таралуы мүмкін өңірлерде жерді ауқымды өңдеу жұмыстарын бастау үшін техника, пестицидтердің қажетті қоры дайын тұр, уақытша жұмысшылар жаппай тартылуда.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин жағдаймен танысу және шегірткеге қарсы іс-шаралардың барысын бақылау үшін облыстың оңтүстік аудандарындағы алқаптарды аралап, шаруа қожалықтарының иелерімен кездесті.

Өңірде шегірткенің таралу болжамы бойынша, аудан көлемі жағынан екінші орында тұр – 775,6 мың га. Ауа райының салқын болуына байланысты дернәсілдердің жаппай көбеюі белсенді кезеңге өтпегендіктен, әзірге Жангелдин, Амангелді, Қамысты аудандары мен Арқалықта 1,9 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізілді.

Вице-премьер облыстың оңтүстік аудандарының бірі – Жангелдин ауданында болып, шегірткеге қарсы күрес барысымен және техника, пестицид, басқа да қажетті құралдардың қолжетімділігімен танысты.

Мысалы, Қостанай облысында өңдеу жұмыстары өңірдің 17 ауданының 15-де жүргізілетін болады. Ол үшін 72 бірлік техника жұмылдырылады. Нақты таралу орындарын анықтау үшін мониторингтік іс-шаралар 5 млн гектарға жуық аумақта жоспарланған. Бұл жұмыстарға 129 тексеруші тартылатын болады. Сонымен қатар әрбір ауылдық округте химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін уақытша жұмысшыларды қабылдау және оларды оқыту жұмыстары қолға алынған. Қазірдің өзінде 326 адам тартылды.

«Шегірткеге қарсы іс-шаралар облыстың 17 ауданының 15 жүргізілетін болады», – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – «Егістіктерді өңдеу және зиянкестердің бүкіл аумаққа жаппай таралуын болдырмау үшін қажетті пестицидтер қоры алдын ала жеткізілді».

Химиялық өңдеуге кемінде 72 бірлік техника тартылатын болады.

Сондай-ақ, АӨК-ті қолдау аясында Үкімет өңірге қосымша 20-дан астам бүріккіш дрондарды жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл шара көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және тиімді жүргізу және шығынсыз егін жинау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Жангелдин ауданында Серік Жұманғарин су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарына барып, Тәуіш ауылындағы тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты.

Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин келді. үкімет басшысының орынбасары Арқалық қаласынан салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс аймағында болды. Жаңа нысандағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен қала әкімі Әмірхан Асанов таныстырды. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан үйге Арқалық қаласынан – 19, Аманкелді ауданынан – 17 және Жанкелдин ауданынан 14 отбасы қоныстанады. Көп қабатты тұрғын үй құрылысын «Базис – А» ЖШС өз қаражатымен тұрғызуда.

Арқалықтың іргесінде орналасқан «Восточное ауылы» ЖШС егіс алқабында вице-премьер өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Егістік жұмыстарының аяқалысымен серіктестік басшысы Иван Попович таныстырды. Қазақстан фермерлер одағының өкілдері «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына жеңілдікпен несие ала алмай жүрген бірнеше шаруа қожалықтарының мәселесін айтты. Сол жерде Серік Жұманғарин Аграрлық несие корпорациясының (АНК) өкіліне осы сынды кешігудің себебін анықтап, шаруаларға жауап беруді тапсырды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына аса мән беріп отырғанын алға тартты. Егістік жұмыстарының ештеңеден қағажу көрмейтінін, қай жағынан да мемлекеттік қолдаудың болатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығының ахуалын таратып айта келе, «Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деп ең түйінді мәселелерге тоқталған болатын.

«Кең дала 2» – жаңа АНК бағдарламасы, оның аясында көктемгі егін жұмыстарына қосымша 300 млрд теңге бөлінеді. Қаржы ресурстары жеке капитал нарығынан тартылады. Бұл ретте қарыз алушылар үшін жылдық 5% деңгейінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесі қарастырылған. Кепілді мүлкі жеткіліксіз фермерлер үшін несие сомасының 85% көлемінде «Даму» КДҚ кепілдіктері беріледі.

Арқалық қаласында Серік Жұманғаринге «ҚМК-Агрохолдинг» ЖШС-нің 256 гектар алқапта жүгері өсіруге арналған суару жүйесінің жобасы таныстырылды. Жүйе биыл қолданыла бастайды. Бір жаңбырлатып суару қондырғысы 50 гектар жерге орнатылды, қалғаны биылғы маусым айында орнатылады.

Қалада жаңалықты қолға алынып жатқан суармалы егістік жұмысы жөнінде серіктестік басшысы Арман Нұрманов әңгімелеп берді.Суармалы егістік жобасына салынған инвестиция – 1 млрд теңге. Жобаның жүзеге асуы арқасында 17 адамға жұмыс орны ашылған. Экономикалық әсері – өңірдегі шағын тауарлы шаруашылықтардың мал азығына қажеттілігін қамтамасыз ету. Шаруашылықтың астыққа арналған жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна жемдік жүгері сақтайтын 2 қоймасы бар.

Бақыт ТҰРАШ