Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Торғай даласына кертағы келді

6 июня 2024 8:25 • 301 просмотров

Қостанай облысының оңтүстік өңірі – Пржевал жылқыларының тарихи мекені саналады. Қазақстан мен Чехия мамандарының бірлескен жемісті жұмысы бұл жылқылардың тарихи мекеніне оралуына ықпал етті. «Алтын дала» қорығына жабайы жылқыларды өрістендіру рәсімі өтті. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Экология және табиғи ресурстар Министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ Чехия Республикасының ҚР-дағы Елшісі Павол Шепеляк бастаған чехиялық делегация қатысты.

Жануарлар ұзақ жолдан Арқалық әуежайына арнайы әскери ұшақпен жеткізілді. Қазақстан мен Чехия мамандарының жемісті ынтымақтастығының арқасында екі республика арасындағы Халықаралық келісім шеңберінде Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин аудандарына осы сирек кездесетін 40 жануар қайта жерсіндірілетін болады. 2024 жылдың 4 маусымында Пржевальский тұқымының бірінші партиясы әкелінді. 8 бас жылқы «Әліби» реинтродукция орталығына жіберілді.

«Ежелден «кертағы» деп аталған атақты Пржеваль жылқысы өзінің тарихи отанына оралып отыр. Ақындар жырға қосқандай, негізі кертағы қазақтың кең даласынан шыққан. Қақаған қысқы аяздар мен жазғы аптап ыстыққа төзімді, жалына құрық тимеген, мұз дәуірінен бері азияның шексіз жазығын мекендеген жабайы жануар. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында табиғатта жойылып бара жатқан жануарларды сақтап қалу мақсатында теңдессіз шаралар қабылдады. Мәселен, біз бөкеннің санын толығымен қайта қалпына келтірдік. Даламыз мыңдаған құлан мен қарақұйрық табындарына толды. Қазақстандағы барлық таулардың шыңдарынан арқарларды кездестіруге болады. Өзеннің бойындағы тоғайларға бұғылар қайта оралды. Бүгін біз Қазақстан даласының өмір кітабын оның байырғы мекендеушісі кертағымен толықтырып, жабайы табиғатты сақтап қалудың жаңа кезеңін ашамыз», – деп атап өтті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов керқұланның тарихи отанына қайта оралуын тарихи мағынасы зор күн екенін, сондықтан бұл іске атсалысқан елдердің басшылығына, министрліктеріне, елшіліктеріне және осы жобаға белсенді қатысқан азаматтарға алғысын білдірді.

«Біз биліктің, ғалымдардың және бей-жай қарамайтын адамдардың бірлескен әрекетінің арқасында Пржеваль тұқымды жылқылары Қостанай облысы фаунасының ажырамас бөлігіне айналады, ал олар бізді ғасырлар бойы өзінің сұлулығымен және ұлылығымен қуантады деп сенеміз!, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Пржеваль жылқыларын реинтродукциялау – Қазақстанның биоалуан түрлілік қауымдастығының бастамасымен қолға алынғанын айта кеткен жөн.

— Былтыр біздің мемлекет пен Чех мемлекетінің арасында Премьер-министрлердің қатысуымен меморандумға қол қойылған. Соның арқасында Пржеваль жылқысын Қазақстанға қайта оралту туралы келісім бар. Ғылыми тілде рентродукци дейді, халық тілімен айтқанда жерсіндіру ғой. Чех делегациясымен бірге еліміздегі қорғалатын табиғи аумақтарды бір апта бойы аралап келдік. Меморандумға қол қояр алдында 4–5 аумақты қарастырғанбыз – Қостанай облысындаты «Алтын дала» резерваты, «Наурызым» резерваты жене «Алтын емел» ұлттық паркі. «Көлсай», «Шарын» ұлттық парктерін де көрдік. Бүгін соның ішінде «Алтын дала» резерватының жерін лайық деп отырмыз. Чехиядағы зообақ басшылары мен Пржеваль жылқысының күтіміне жауапты мамандары бірге алып келдік, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Керқұланды Жоңғар кереметі деп атауы тегін емес. Олардың болмысы күшті, тығыз денелі, сүйектері мен бұлшықеттері жақсы дамыған, ықшам денелі, терісі қалың, бас сүйегі үлкен, мойыны кең, ақшыл сары және қоңыр болады, жақсы көру, иіс сезу және есту қабілеттері күшті дамыған. Олар жыртқышты қалай тойтаруды білетіндіктен де итқұсқа алдыра бермейді. Керқұланның тағы бір қасиеті – тағы мінезін адамзат баласына таптатпай, жалынан ұстатпай келеді. Содан да болар жуасытып, қолға үйретілген емес.

Еске сала кетейік, бұған дейін Пржеваль жылқысы атауы ежелгі қазақша Керқұлан, Кертағы атауларымен толықтырылған болатын.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұйымдастырған Қазақстандағы Прежевальский жылқысының тарихи атауы мәселесі бойынша конференцияға Зоология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Қазақстандық биосаналуандықты сақтау қауымдастығы қатысты.

Жиналыстың қорытындысы бойынша «Пржевальский жылқысының» қазақ тіліндегі атауы «Керқұлан», үтір арқылы «Кертағы» деп аталып, тиісті құжаттарға өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылданды.

Бақыт ТҰРАШ