Бұралқы иттер бас ауруға айналды. Күннен-күнге көбейіп бара жатқан қаңғымалар қай қалтарыста тап береді деп үрейленетін халге жетті тұрғындар. Оларға оқ атпақ түгіл тас атуға рұқсат жоқ. Заң солай. Ал ит қабу деректерінің азаяр түрі көрінбейді. Қайтпек керек?
Қаңғыған иттердің қаптауы қалалықтардың да, ауылдықтардың да мазасын қашыра бастады. Иесіз жануарлардан жапа шеккен тұрғындардың арыз-шағымын жиі еститін болдық. Бұл тиісті орындардың күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды, бірақ мұның әл-әзір реттелетін түрі жоқ секілді. Бұралқы иттерді атуға тыйым салынғалы бері жағдай ушығып бара жатқандай. Ветеринарлардың да құрығы қысқара түскен. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға 2021 жылы қол қойылған еді. Содан бері таяқтың екінші ұшы қарапайым халыққа тиіп отыр. Егер кез келген итке зақым келтірсеңіз немесе қарумен атсаңыз, әкімшілік жазаға тартыласыз. 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Болмаса, сол мөлшерге пара-пар түзеу жұмыстарына, 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жегілесіз. Тіпті 30 тәулікке қамалуыңыз да ғажап емес. Сондықтан оқыстан «от басып» қалмас үшін ұйлығып-топтасып жүретін ит атаулыны алыстан айналып өтіп қана амалдауыңызға тура келеді. Қазір БАҚ пен әлеуметтік желіні ақтара қалсаңыз, иттердің балаға да, қартқа да шабуылдағаны, қора-қопсыға түсіп, ұсақ малды жусатып кеткені туралы оқиғалардан көз тұнады. Мұндай жағдайлар Қостанай облысында да аз кезігіп жатқан жоқ. Оны өткен жылғы мәліметтерден анық көреміз.
«2023 жылы облыста ұзын саны 2826 адам әртүрлі жануардан зардап шеккен. Оның ішінде 1923 адамды ит талағаны туралы дерек бар. Алайда адам шығыны тіркелген жоқ. Қаңтар айы оқыс жағдайсыз басталды. Айта кетерлігі, эпизоотиялық жағдайдың ушықпауына қарсы шаралар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады», – дейді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет маманы Гүлмира Мағзұмова.
Ал облыстық Ветеринария басқармасы ұсынған дерекке сүйенсек, қаңғыған және қараусыз жіберілген жануарлардың санын реттеу жөніндегі жұмыс ұдайы бақылауда. Бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп жүргізіп жатыр. Ең бастысы, өңірде қаңғыған жануарларды уақытша ұстауға арналған орындарға деген мұқтаждық жоқ көрінеді.
«Заң аясында аудан-қала әкімдіктері 19 панажай салып, пайдалануға берді. Мұның сыртында осы мақсаттағы бес жеке панажай бар. Бүгінде бұл нысандар барлық қажеттілікті өтей алады. Заң талаптарын орындау үшін басқарма техникалық сипаттама әзірлеп, конкурс әдісімен мемлекеттік сатып алу процедурасын жүргізді. Осының нәтижесінде қаңғыған және қараусыз жануарлар санын реттеу үшін тапсырыс орындаушымен келісім-шарт жасалды. Өткен жылы қыркүйектен бастап жаппай чиптеу, бирка тағу шаралары жүргізілді. Тұрмысы төмен тұрғындар үшін чиптеу облыстық бюджет есебінен тегін жасалды», – делінеді басқарма ұсынған мәліметте.
Панажай жеткілікті болғанымен, оларда бұралқы иттер мен қаңғыған мысықтарды ұстаудың да өзіндік шарты бар екен. Жануарлар әрі асқанда екі айдай уақыт арнайы орында ұсталып, базаға тіркеліп, екпе салынып, кастрация жасалған соң қайтадан еркіне жіберіледі. Заңда солай көрсетілген. Оның үстіне, оларды мемлекет қаржысына асырап-бағып отырудың тиімсіз екені де түсінікті. Мұны көптеген басылымның мәселе етіп көтергенін көзіміз шалды. Бұл түйткілге халық қалаулылары да көзқарастарын айтқан. Мәселен, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов «ҚазАқпарат» агенттігіне берген пікірінде панажайлар жұмысындағы режимнің қисынсыздығын сынға алады.
«Өзіңіз ойлап қараңыз, мемлекет көшеде жүрген, иесіз жануарды екі ай бойы бағады екен де, оны қайтадан бұралқы өмірге босатып жібереді. Мемлекеттің қыруар қаражаты шығындалады. Кастрациядан өткен жануар агрессиялық мінез-құлқын қоя алмайды. Еркіндікке жіберілгенде адамдарға шабуылдауы әбден мүмкін. Сондықтан қазір Мәжіліс депутаттары мұндай панажайларда бұралқы иттерді 15 күн ұстап, иесі немесе асырап алушы табылмаса, ұйықтатып тастау керек деген ұсыныс тастап отыр. Бұл – қолдауға тұрарлық бастама. Жаңа заң қабылданғалы ветеринарлар не істеп, не қойып жүргенін білмейді. Итті атуға, аулауға болмайтыны себепті, олар еш әрекет жасай алмай жүр», – дейді депутат.
Қазір қаңғыған иттерді ұйықтатып тастауды ұсынатындар қатары көп. Бірақ жан-жануарлар дүниесін қорғаушылар мұның адамгершілік қасиетке қарама-қайшы әрекет болатынын айтып, наразылық танытып жүр. Иесіз ит-мысықтың жақтастары панажайды көбейту, қаржыландыруды ұлғайту мәселенің шешімі болатынын айтады. Адам құқығын жануардікінен жоғары қоюды құп көретіндер заңның түбегейлі қайта қаралу керегін алға тартады… Қоғамдағы дау осылайша ымырасыз ушыға берсе, бейбіт күнде берекесі қашып отырған қарапайым тұрғындар қаңғыған иттен қалай құтылады, қайтіп қорғанады? Мұның соңы қасіретті жағдайға ұласпай тұрып, мәселенің бір шешімі табылар деген сенім бар.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ