Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – болашақтың игілігі үшін қолға алынған іс. Тек осы мәселеде науқаншылдық пен асығыстыққа жол беріп жатқан жоқпыз ба? Тілдің, ұлттың тағдырына қатысы бар бастаманың төңірегінде қандай түйткілдер бар? Қостанайлық қарт қаламгер, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, мәдениет саласының қайраткері, ұлағатты ұстаз, сүйегі асыл абыз ақсақал Қасымхан Алдабергенов осы жоба туралы көзқарасын айтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойылғалы алты жылдай уақыт өтті. Ұзақ мерзімді жобаны жүзеге асыру заман талабы, болашақ игілігі делінді. Осы уақыт ішінде бірнеше нұсқа ұсынылып, қоғам талқысына түсіп, әлі күнге бір байлам жасалмағаны бәрімізге белгілі. Маңызды бастаманы іске асыру барысында жиі ағаттыққа ұрынғанымызды биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мойындаған еді. «Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қате жібердік», – деді Президент. Асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін екенін ескерткен ол, аталған мәселеде мұқият болуды міндеттеді. Қ. Тоқаев меңзеген жаңсақтықтар ел азаматтарының да сөзіне жиі ілігіп жүр. Үдеріс барысында үдеден шықпай жүрген шикіліктерді Қасымхан ақсақал да үнемі тілге тиек етумен келеді.
Қазыналы қария – саналы ғұмырында қазақ даласындағы үш әліпбиге куәгер болған тұлға. Бала шағында анасының үйретуімен Ахаңның төте жазуын танып, 6-сыныпқа дейін латын қарпімен сауат ашқан, кейін кириллицаны меңгерді. Оқушы кезінде үйренген латын жазуы ғасырға жуық ғұмыр кешкен ақсақалдың жадында жаңа оқығандай сайрап тұр. Қазақ тарихындағы алғашқы латын жазуы 1929–1940 жылдар аралығында, яғни 12 жыл дәуірлеген еді. Қараңғы ұлттың дүниеге көзін ашты. Мәдени, саяси өмірі осы латын жазуынан бастау алды деуге болады. Сол үшін де Қасымхан қарияға алғашқы латыншаның қадір-құны ерекше.
«Біріншіден, 30-шы жылдары жаппай сауатсыздықты жою шарасы жүргізілді. Қазақ сауатын алғаш осы әліпбимен ашты. Екіншіден, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандардың бәрі дерлік хат-хабарды латынша жазды. Қазіргі мұражайларда майдангерлердің тұтынған заттарымен қоса осы қаріппен жазылған хаттары сақтаулы тұр. Үшіншіден, ұлы ақын-жазушыларымыздың көркем шығармалары, басылымдарымыз, іс-қағаздар және басқалары латынша таңбаланды. Бұл тіліміздің табиғаты бұзылмаған, үн-дыбысымыз, әуен-сазымыз ұлттық болмысынан ажырамаған кезең еді», – дейді Қасымхан атамыз.
Айналасы тоқсан жылдың ішінде әліпбиді төртінші рет өзгерткелі отырмыз. Ақсақалдың айтуынша, егер елдің дамуы латын қарпіне тікелей байланысты болса, әліпбиі әлімсақтан ауысып көрмеген жапондар ғылым мен технология, өнеге-үлгі, ұлттық бірегейлік жөнінен дүниенің алдында жүрмес еді. Ал біздегі жұрт, өкінішке қарай, науқангершіліктен алға жан салар емес.
«Елбасы жазуымызды латын әліпбиіне көшіруге пәрмен етті, жол көрсетті, мұрсат берді. Осы бір тарихи ізгілікті істі, мәңгілік игілікті шыңдап, шымырлап алмай, осындай жалпы ұлттық істердің алдын орап, асығыстық жасаған белсенділеріміз бар. Ақпарат құралдарының беті құжынаған мақала, пікір, ұсыныс, нұсқалардан кенде болған жоқ. Қайдағы бір «диграф», «апостроф» дейін тілімізге түрпідей тиетін терминдерді тыққыштайтын білгіштер шықты. Әркім әр жаққа тартып, әлі бір тоқтамға келе алмай жүр. Қолданысқа енбей жатып, көрінген жерге жазып, атауларды «латыншалап» тастадық. Онысын адам оқи алмайды. Нақты қолжазбасының қалай болатынын әзірге ешкім білмейді. Әлі пісіп-жетілмеген әліпбиді жырымдап ала жөнелгеніміздің пайдасынан зияны», – деп кейіді ақсақал.
Өткенге шегініс жасасақ, жазуымызды латын әліпбиіне көшіру мәселесін елбасы Н. Назарбаев сонау 1993 жылы-ақ қозғаған еді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына тапсырма беріліп, институт қазақ тілінің құлаққа жағымды дыбысталуына нұқсан келтірмейтін альфавитін дайындап қойды. «Бір дыбыс – бір таңба» қағидатын негізге алды. Бірақ 2017 жылы Парламент клавиатураны көлденең тартып, латыншаның қазақ тілі заңдылықтарына сай келмейтін нұсқаларын мақұл көрді. Осыдан кейін сөзді қырықаяққа ұқсатып жіберетін «апостроф», кейінірек «акут» делінетін ноқаттар, екі таңбаны бір дыбысқа әкеліп қамайтын «диграф», одан соң «умлаут», «бревис» және басқа түсініктер бірінен кейін бірі алмаса бастады. Интернет тұтынып, әлі күнге газет-журналды көзілдіріксіз оқитын Қасымхан ақсақал осының бәрін мұқият бағып отырады. Ол болашақ әліпбиіміздің қолдан қиындатылып жатқанын айтады.
«Біріншіден, бізде 29 дыбыс бар. Соған 29 таңба керек. Болды, басқасының қажеті жоқ. Оның ішінде ә, ө, қ, ғ, ң, ү, ұ, ы, і, һ дейтін төл таңбаларымыз да апосторфсыз, диграфсыз жеке таңбаланғаны дұрыс. Олай болмаған күнде тілімізден айырыламыз, онысыз да үні бұзылып бара жатқан ұлтпыз. Екіншіден, «в» (зауыт, тауар, еуропа), «ч» (шәй, пошта), «ф» (кәмпит, пормы) қазақ тіліне жат дыбыстар. Үшіншіден, s (с), g (ж), c (ш) әліппеге осылай кіруі керек. Сөзіміз жазғанда тұтас тұрсын, түсінігі балталасаң бұзылмайтын болсын! Төл дыбысымызға – төл таңба!» – деген ұсыныс айтты ақсақал.
Қарт ұстаздың пікірінше, латын қарпіне көшуді жүйесіз жүргізудің салдары алдыңғы буын мен өскелең ұрпақтың арасындағы сабақтастықтың үзілуіне, арнайы зерттейтін тұлғалар болмаса, жазба түріндегі құндылықтарымыздың біртіндеп тұтыныстан шығуына, өткенімізден айырылуымызға дейін әкеп соқтыруы ықтимал. Сондықтан да бұл атүсті қарайтын мәселе емес, өте өзекті түйткіл.
«Басы былықпен басталған жоба жөнге келмесе, тіліміздің келешек тағдырын болжаудың өзі қиын. Онысыз да халқымыз «мемлекеттік тіл» деген мәртебесі бар қазақ тілін әлі дендеп игере қойған жоқ. Осы жағдайда жаңа латын әліпбиін қабылдай алмауы мүмкін. Оның сыртында, орыс тілділер мен қазақ тілділер арасына жік түсетіні тағы бар. Салдарынан ата-аналардың балаларын қайтадан жаппай орыс мектебіне бере бастауы ғажап емес. Бұндай хәлге жеткізбесін деп тілейік», – дейді Қасымхан ата.
Абыз ақсақал архивте көп отырып, ескіше төте жазумен және бұрынғы латын қарпімен таңбаланған ертедегі жазбаларды, басылымдар мен құжаттарды зерттеп-зерделеген жан. Соның ішінде Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин ашқан «Ауыл» газетінің (қазіргі «Қостанай таңы» – ред.) кириллицаға дейінгі материалдарын тәржімәлап шықты. Атап айтқанда, басылымның 1936–1946 жылдар аралығындағы сандарының бір бетін қалт жібермей аударып берген.
«Бұл белгілі журналист, «Қостанай таңы» газетінде 45 жыл қызмет еткен марқұм Сәлім Меңдібайдың идеясы болатын. Басылымның 85 жылдығы қарсаңында ұсыныс жасады. «Ауылдың» бастапқы жылдары аздап арабша-латынша аралас болды. Содан ала жаздай архивте отырып, бас көтермей жұмыс істедім. Он жылдың санын түк қалдырмай аяқтап шықтым. Іріктеп, газетке жариялап отырдым. «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдығы қарсаңында жеке кітап болып басылып шықты», – дейді ол.
Қасымхан атамызға әлі күнге дейін жастар аталарының соғыста жазған хаттарын аудартып алуға келіп тұратын көрінеді. Ақсақал ешбірінің өтінішін жерде қалдырмай, зуылдатып оқып береді екен. Керісінше, қазіргі жастар оқып жүрген латынша жазу атамызға таңсық. Қазіргі жастардың орысша аралас ауызекі әңгімесіне де кей-кейде жатырқап қарайды.
«Асанәлі Әшімов бір мақаласында «біздің қазақта акцент жоқ» дейді. Бұл орыс тіліне байланысты айтып отырғаны ғой. Рас, қазақ орысша сөйлегенде орыстың өзінен асырып жібереді, ал енді кавказдың ғалымына дейін сөз сөйлесе, оның орыс емес екені көрініп тұрады. Керісінше, нағыз қазақы адамның, туғанынан өз тілінде ғана сөйлеген қазақты орысша сөйлетіп көрші. Акцент дегенді сонда аңғарасың. Орыстілді қазақтарды өзінің ана тілінде сөйлетсең, міне, акценттің әкесі сонда жатыр, шүлдірлеп қазақша айта алмайды, төл дыбыстарымызға тілі келмейді. Жалпы, қазақтың музыкасында, әндерінің табиғатында ғ, ө, ү, ң дыбыстары бар ғой. Ал бұлар болмаса, қазақтың әні ән болып шықпайды. Затаевичтің: «Бүкіл қазақтың даласы ән салып тұрғандай», – деген сөз бар ғой. Бұл – қазақтың даласында қазақтың төл үні бар деген сөз. Осы дыбыстар жоғалса, біздің музыкамыз да жоғалады», – деп толғанды қария.
Әліпбиді өзгерту арқылы қазақ тілін реформалау, ана тіліміздің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашу басым бағыт болып отырғаны бәрімізге аян. Тек, Перзиденттің өзі айтып отырғандай, осы идеяның айналасында қордаланып қалған қыруар мәселеден арылуды бірінші кезекке қою қажет. Ол үшін Қасымхан атамыз секілді руханият жанашырларының, болашақтың қамын ойлаған зерделі азаматтардың көзқарас-пікірлері елеусіз-ескерусіз қалмаса игі.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ