Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қостанай қаласындағы «Жастар сарайының» концерт залында мерекелік іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен сала ардагерлері қатысты. Шара барысында өңірдегі денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлері марапатталды.
Бұл мерекеде алғыс сөздер әрдайым жоғары кәсібилігімен және адами қасиеттерімен ерекшеленетін дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге, санитарларға, жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған. Барлық медицина қызметкерлерін облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.
— Құрметті дәрігерлер! Сіздер еліміздің тұңғыш кәсіби дәрігері, біздің жерлесіміз Мұхамеджан Қарабаевтың ізгі жолын абыроймен жалғап келесіздер. Бүгінгі күні өңірде 12 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Соның ішінде 1 954 дәрігер, 10 мыңнан астам орта және кіші медициналық қызметкер жұмыс істейді. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөледі. Оның тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі, сондай-ақ елде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» екі жылдық ұлттық жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында біздің облыста 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 6-сы іске асырылды, 19-ы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Біз денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды жыл сайын ұлғайтып отырамыз. Бүгінде білікті кадрларды даярлауға көп көңіл бөлінеді. Өткен жылдан бастап облыс бойынша 63 маман резидентурада оқиды. Биыл оларға тағы 57 адам қосылады. Алғаш рет облыстың 20 маманы Израильдің үздік клиникаларында оқудан өтті. Сондай-ақ, Қостанай облысына медицина саласының мамандарын тарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Өткен жылы ғана 160 маман қолдау қаражатын алды, 70-тен астам дәрігер баспанамен қамтамасыз етілді. Біз медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуді жалғастырамыз және денсаулық сақтауды дамытуға ерекше назар аударамыз! Құрметті медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ардагерлері! Сіздерді кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, шыдамдылық, ризашылық білдіретін пациенттер және маңызды жұмысыңызға сәттілік тілеймін! Сіздің жұмысыңыз сізге қуаныш пен бақыт әкелсін, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жыл сайын денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды ұлғайып келеді. Бұл бірінші кезекте халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінде көрініс табатын өз нәтижелерін береді. Сонымен, әртүрлі жалпы аурулардан болатын өлім-жітім азаяды, өмір сүру ұзақтығы артады, жоғары мамандандырылған медициналық көмекке хирургиялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік беретін заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жүргізіледі. Алғаш рет облыстың 20 маманы Израильдің үздік клиникаларында көшпелі оқытудан өтті, оның тәжірибесі халыққа диагностикалық және хирургиялық көмек көрсетуде сәтті қолданылады.
Іс-шара барысында облыстың денсаулық сақтау саласының үздік мамандары көп жылғы еңбегі үшін медальдармен, төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
— Біздің облыста дәрігерлік атадан балаға мирас болған, елге қызмет еткен отбасылар көп. Солардың қатарында Райхан Асқаров, Виктор Финк сияқты есімдерді ерекше атап өтуге болады. Олар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған. Бүгіндері олардың ұл-қыздары да осы салада тер төгіп, қостанайлықтардың алғысына бөленіп жүр, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ